Баған

ЛЕНИННЕН – АБАЙҒА, немесе коммунизмнен – кемелдікке

Елді ертегімен алдауға болмайды. Баланы өсіруге болады, бірақ. Ертегімен. Көкірек көзін ашып, дүниетанымын кеңейтуге. Қиял әлемін байытуға. Бір сөзбен айтқанда, азат, еркін ойлауға. Бір көзқарасқа байланып қалмау үшін. Ал, халықты ертегіге сендіремін деу – таза құдайсыздық екен ғой. Ертегінің өзінде Құдай дәріптелмеуші ме еді?! Ғайыптан тайып, Алланың әмірімен бір нәрсе аяқ астынан бола кететін ертегілерде. Демек, соңында Құдайы бар ертегінің ғұмыры өміршең де, Құдайсыз ертегінің өзі өліп қалады екен. Не нәрсе болсын, құдайсыздығынан құриды. Адам да, қоғам да.

Тарихқа қараңыз, Ленин құрған коммунизм саясаты. Коммунистік қоғамға Құдайсыз-ақ жетеміз дегенге сенген халықты бүгінде азаттыққа сендіру қиын. Халық та Хақтың туындысы, баладай аңқау, батырдай аңғал. Не болса соған сенеді-ау. Осы Қарағандының қақ ортасынан Ленин ескерткішін алып тастаймыз дегенде, коммунистік көзқараста өскен біраз ел қырылып қала жаздағанын қазір жоққа шығара алмайсыз. Тасқа қашалып, тарихқа жазылып қалды сондағы құлдық сана жасаған әрекет. Мен ол кезде студент болсам да, жақсы білемін. Соның өзінде Ленин ескерткіші қаладан біржола сыртқа шығарылып, лақтырылып тасталған жоқ. Әйтеуір орталық алаңнан алынып, кинотеатрының артына, менмұндалай қоймайтын жерге қойылды. Сыңаржақ сананы қой бұл.

Ендігі кезек Ленин көшесіне келді. Қаланың қақ ортасындағы сәулетті көшенің ұзындығы – екі жарым шақырымнан астам (2690 метр). 160 құрылыс нысаны бар екен көше бойында. Қыста қаңтар айының 13-де Қарағанды қалалық мәслихаты Достық үйінде өткізген көпшілік қоғамдық тыңдауға біз де қатысқанбыз. Идеологиялық тұрғыда ескірген көше атауларын жаңартуға байланысты. Әлгіндей ескірген 10 көшенің атауы көпшіліктің дауысымен сөзсіз жаңартылатын болып шешілген. Коммунистік қиялдың сарқыншақтары әлі де болғанымен, халықтың дені – 95-97%-ы Ленин көшесін Абай атына беруді қолдап, дауыс берген. Осы күнге дейін Қарағандыда Абай көшесі жоқ дегенге кім сенеді? Оның үстіне биыл кемеңгер Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы. Соның қуанышты хабарын күткенімізге біраз уақыт өтіп қалыпты. Кеше облыстық тілдерді дамыту басқармасының баспасөз қызметінен осы жайында ресми ақпарат сұратқанбыз. Мынадай жауап келді:

«Бүгінгі күнде Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 8 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы», 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңдарына сәйкес, Қарағанды қалалық мәслихатының 2020 жылғы 13 қаңтардағы көпшілік тыңдаулар қорытындысы туралы хаттамасы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының 2020 жылғы 6 тамыздағы қорытындысы негізінде Қарағанды облысының әкімдігі қаулысы және Қарағанды облыстық мәслихаты шешімінің жобасы даярланды.

Аталған нормативті-құқықтық акті (НҚА) 24 қыркүйекте өтетін облыстық мәслихат сессиясында қаралады. НҚА қолдау тапса, Әділет департаментінде тіркеледі» делінген онда.

Алла қаласа, аз уақыттың ішінде Қарағандыда Абай көшесі тұратын болады деген сөз – бұл. Баяғыда жүзеге асырылуы тиіс шаруа еді. Орыстар советтік билік тақтан құлаған күні елмен ақылдаспай-ақ бірден ауыстырып тастаған көше аттарын. Біз енді келе жатырмыз. Енді санадағы сарқыншақ та солай көшуі тиіс. Коммунистік ойдан кемел адамдыққа! Көшеден де сол маңызды!

Жәнібек ӘЛИМАН,

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің бөлім меңгерушісі.

Басқа материалдар

Back to top button