Туған тілім – айбарым!
Қазақстан – егеменді, тәуелсіз ел. Оны дамыған, өркениетті елдердің қатарына қосу жастардың қолында. Ал, ол үшін әр жасөспірім өз елінің тарихын, ана тілін жетік меңгеруі қажет.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында айтқанындай, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезі келді. Алайда, көптеген жерлесіміз өз тілін елемей, ұмытып, өзге тілде сайрап жүр.
Иә, дана халқымыз «Қанша елдің тілін білсең, сонша түрлі ілім білесің» деп бекер айтпаған. Яғни, қазіргі ғылым мен техниканың дамыған заманында тіл білудің артықшылығы жоқ. Себебі, күннен -күнге қарыштап дамып жатқан жаңа технологияларды игерудің ең бірінші жолы – тіл меңгеру.
Мен келешек ұрпақтың бірнеше тілде еркін сөйлеп, толық меңгергенін қалаймын. Көп тілді білу – заман талабы. А.П.Чехов: «Қанша тіл білсең, сонша рет адамсың» деген. Дегенмен, өз ана тілімізді құрметтесек, ұмытпасақ, өз тілімізден қысылмай, еркін сөйлесек, тіліміз де әлемдік көп қолданыстағы тілдер қатарына енуге мүмкіндік алар еді. Біздер, болашақ ұрпақ өзге тілді білу арқылы өз тілімізді де әлемдік деңгейге шығара аламыз.
Д.ӘБІЛДИНА,
қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі.
ЖӘЙРЕМ кенті.