Елдің еркіндігі үшін «ереуіл атқа ер салып, егеулі найза қолға алып» халқын ұрыс даласына бастап шыққан Таңыбай батыр, шамамен 1670 жылдары қазақ елінің азаттығы мен тәуелсіздігі үшін жан аямай күрескен. Халық батыры Бекназардың отбасында дүниеге келген ол 1670-1755 жылдар аралығында өмір сүрген. Арғын-Қаракесек елінің Кәрсөн руынан. Сарыарқада дүниеден озып, сүйегі Түркістан қаласындағы Ахмет Яссауи кесенесінде жерленген. Қазақтың үш ұлы биінің бірі – Қаздауысты Қазыбек бимен аталас. Таңыбай батыр – жоңғар басқыншылығына қарсы халық күресін ұйымдастырушылардың бірі. Өз жұрты былай тұрсын, қайсар, қайтпас ерлігі мен өжеттігінің арқасында, ата жауы – жоңғарлардың өзі қадір тұтуға мәжбүр болған деседі ел аузындағы аңыздар. Ерлігіне ақылы сай батыр бастаған іс қашанда халық тілегінен шығып, жақсылықпен бітіп отырған, сондықтан да ел оны «Ер Таңыбай» атап кеткен. Заманында Тарақты Байғозы батырдьң әкесі Наймантай батырмен бармақдос болған. Таңыбай батыр сол кездегі жоңғар шапқыншылығына қарсы жорық, соғыстарға қатысып, ерлік көрсетіп, кейін орта жастан асқанда, Абылай ханның сенімді, ақылшы батырларының бірі болған. Атап айтқанда, қарауыл-барлау әскери құрамының қолбасшысы. Сонымен қатар, Таңыбай батыр сұңғыла ақылымен, асқан шешендігімен, шексіз тапқырлығымен, парасатты мәмілегер, батыл да, қара қылды қақ жарған әділетті би де болған. Орта жүз бен Ұлы жүздің арасында ынтымақты келіссөздер жүргізу саясатында шешуші міндет атқарған. Тәуке, Болат, Әбілмәмбет, Әбілқайыр, Абылай сияқты хандардың тұсында, мемлекет басқару ісіне белсене араласып, қазақ хандықтарының ішкі және сыртқы саясатына едәуір ықпал жасап отырған. Төле, Қазыбек, Әйтеке, Бұқар сияқты бижыраулардың ұлағатты сөздерін естіп, Бөгенбай, Қабанбай, Жарылғап, Жалаңтөс, Жидебей, Сеңкібай, Дербісәлі, Наймантай секілді батырлармен үзенгілес, дос-жаран болған.
Сонау сұрапыл жылдары Арқаның алабында Жоңғар әскерімен болған кезекті аламан соғысы кезінде, Абылайдың аты барлығып, шаба алмай қалады. Жасы жетпіске таяп қалған Таңыбай батыр Абылайға «Ақтанау» атты тұлпарын сыйға тартса керек. Абылай тұрып: «Таңыбай батыр, бір апаттан құтқардың. Сүйікті атыңды маған бергенің қалай?», – деп сұраған кезде: «Бір тайпа елге жететін дәулетім бар сарқылмас. Сен аман болсаң, Абылай, Алаштың туы жығылмас!», – деп жауап берген екен. Хан Абылай одан «қандай тілегің бар?» деп сұрағанда Таңыбай: «Жасым да келді. Артымда жолымды қуып келе жатқан үзеңгілес шәкірттерім бар еді. Соларға жолымды берейін!», – деген екен. Абылайдан рұхсат алып, ерлігімен аты шығып жүрген Көкбөрі Керней Жарылғап батырға ақ батасын беріп, қалың жасағын және қазақтың туын тапсырған екен. Міне, Ер Таңыбайдың осындай тамаша батасынан кейін аталас інісі Көкбөрі Керней Жарылғап батыр Абылай ханның сенімді батырларының біріне айналған екен. Одан басқа өзінің рулас інісі Жайық батырға, Тарақты Наймантайдың баласы Байғозы, Шанышқылы Бердіқожа, тағы да басқа жас батырларға ағалық үлгі-өнеге көрсеткен.
Таңыбай батырдың төрт әйелі болған. Екі әйелі – Сұлу мен Мединадан сегіз ұл, бір қыз көрген. Жаңаарқа-Жезқазғанға баратын күре жолдың оң жағында, Батыққа жетпей орналасқан Медина-Сұлу елді мекен Таңыбай батырдың сүйікті жарлары Медина мен Сұлу шешелеріміздің аттарымен аталған деген деректер бар. Бірақ, айта кететін бір жайт, Таңыбай батыр өмір бойы ат үстінде жорықтарда жүргендіктен, баланы пайғамбар жасына шыққаннан кейін ғана сүйген. Бұл туралы ел арасында кең тараған мына әңгімені келтірейік. Таңыбай батырдың алты Алашқа белгілі атақты бәйгі аты болыпты. Сол атты өзі ғана баптап, тек өзі ғана мінеді екен. Бір үлкен бәйгіге атын әбден баптап, таң асырып, өзі ұзақ ұйқыға кетеді. Осыны пайдаланып, інісі Жаңыбай батырдың баласы атты шығарып алып, біраз уақыт мінген екен. Таңыбай батыр ұйқыдан тұрған соң, атын біреудің мінгенін біліп қояды. Ашуға булығып, ел-жұртты жинап, оның рұқсатынсыз кімнің мінгенін айтуды талап етеді. Сонда Жаңыбай батыр топтың алдына шығып: «Аға, балалық жасап, атқа мінген менің балам. Бір атқа бола неге ренжисіз. Бұл атқа менің балам мінбегенде, кім мінеді?», – дейді. «Ия, менің артымда ұрпағымның жоқтығын қалың елдің көзінше бетіме басты» деп батыр қатты көңіліне алып, басқа жаққа көшіп кетуге бел буады. Кешірім сұраған туыстарына көнбеген соң, ағайындары бұл хабарды жақын досы Наймантайға жеткізеді. Наймантай батырға Таңыбай батырдың інісі Жаңыбай батырға өкпелеп, үй-ішімен күн батысқа қарай, көшіп бара жатқанын айтады. Бұл жайсыз хабарды естіп, Наймантай батыр сауыт-сайманын кие сала, бір атты жетектеп, «Тоқта, батыр, тоқта!» деп, көштің алдына тұра қалады. «Батырым, ағайынға бекер өкпелейсің, саған жамандық ойлайды деймісің? Бұра сөз айтылмаушы ма еді? Күңкілдемейтін қазақ жоқ. Кейде ашынып, кейде байқамай айтады, бірақ бәрібір зілі жоқ, бос сөз емес пе, тәйірі!», – деп, аттан әлі түспей тұрған батырға Наймантай батыр «қолыңды жай, бата берейін» дейді. «Біреу атасам, жалғыз дерсің. Он атасам сенбессің. Біреу болсаң екеу бол, екеу болсаң, үшеу бол, үшеу болсаң, төртеу бол, төртеу болсаң, бесеу бол, өніп-өсіп жетілген, бес баулы ел бол. Алла қаласа, одан да басқасы бола жатар. Уа, Алла, қолдай көр, Ақсарбас, Ақсарбас, Ақсарбас!», – деп дауыстап, жетегіндегі боз айғырды шалып жіберіпті. Таңыбай батыр мынандай сөзден кейін, жүзіне қан жүгіріп, бет әлпеті нұрланып, көзінен оты шашылып, аттан секіріп түседі. Досымен көрісіп, ризашылығын білдіріп, екеуара сұхбат құрады. Кешке таман ет желініп, намаздарын оқығаннан кейін, сол жердегі бір атақты адамның күмбезінің басына түнейді. Тәңертең Наймантай Таңыбай батырдан: «Түнде не түс көрдің?», – деп сұрайды. Ол ешқандай түс көре алмағанын айтады. Наймантай батыр: «Онда мен түс көрдім, Алла Тағала, баршамызға мұқтаждығымызды өтеді. Қабыл болсын! Құдай қаласа бес балалы боласың. Алла одан басқа да балалар береді!», – деп батасын береді.
Наймантайдың жайлаған күзеуі Шажағай өзенінің бойында екен. Сол қыста Таңыбай батыр балалы болады. Атын өзі қойып берсін деп, Наймантайға хабар жібереді. Сүйінші хабарды естіген Наймантай: «Бұл бала түсіме айдай жарқырап кіріп еді, атын «Айна» койсын», – депті. Кейін келіндері бұл атты тура айта алмағандықтан, баланы «Тайна» деп атап кетіпті. Одан кейін біреуі таңертең, ал екіншісі кешке, дүниеге екі бала келеді. Тағы да аттарын қойып берсін деп Наймантайға кісі шаптырады. Ол кісі «балалар тіл-көзден аулақ болсын» деп, біреуінің атын Жаманқұл, екіншісінің атын Жәутік қойсын дейді. Бұдан кейін келген егіз баланың аттарын да «Бапақ, Сапақ» деп Наймантай қояды. Осы аман-есен өскен бес баланың кішісі Сапақ, кейін Таңыбай батырдың қара шаңырағына ие болады. Одан басқа Таңыбай батырдың – Тоқбай, Шыбын және Уақтан тараған ұрпақтары да, қазіргі кезде өсіп-өніп отыр. Ұлы Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» дегені осыған дәлел емес пе?! Шариғат бойынша да, әулиелер мен ізгі адамдардың дұғасы қабыл болады дегені де осы ақиқатты нақтылар.
Жас кезінен Таңыбай батырдың тәрбиесінде болған інісі Жаңыбай да, өз заманының батырларының бірі болған. Жоңғарлармен болған қырғын соғыста қазақ жағынан бас батыр болып Наймантайдың баласы Ораз батыр мен Жаңыбай батыр тоғыз баласымен қатысады. Қақтығыс екі жақтың бас батырларының жекпе-жегімен басталатын болған. Қалмақ жағынан талай соғысты басынан өткізген өте айлакер, әккі Қапал батыр шығады. Қазақ жағынан Орақ батыр шығып, қапыда қаза табады. Қалмақ батырымен жекпе-жекке Жаңыбай батыр шығады. Ақырында Жаңыбай батыр тұтастай темір сауыт киіп алған Қапалдың осал жерін тауып, найзасымен түйреп түсіреді. Жаңыбай батырдың ұрпақтары елімізге белгілі қоғам қайраткері, көп жыл бойы Жоғарғы Соттың судьясы болған Кеңес Жалмұханбетов, Астана қаласы, Шығыс Қазақстан, Атырау облыстарының Ішкі Істер басқармасының бастығы болған, қазір Ішкі Істер министрлігінде жауапты қызмет атқарып жатқан генерал-майор Арман Жалмұханбетов, тағы басқалар. Таңыбай, Жаңыбай батырдың ұрпақтары өніп-өсіп, бір тайпа ел болып отыр. Көп бөлігі Қарағанды облысының Шет, Ақтоғай аудандарында, Қарағанды, Балқаш, Приозерск қалаларында, Жамбыл облысының Мойынқұм, Қордай аудандарында, Шу қаласында орналасқан. Шетелде тұрып жатқандары да бар.
Арғын-Қаракесектің Кәрсөн-Керней, Шұбыртпалы руларының ата қоныстары бірге, жандары аралас, малдары қоралас болған. Қазақстанның орталық бөлігінде орналасқан ұлан-байтақ жерде (ұзындығы 1000 км асады) көшіп-қонып жүрген. Сарыарқада орналасқан: Бұғылы-Тағылы, Айыртау-Ортау, Тайатқан-Шұнақ, Үлкен бұлақ, Шалтас, Қарасаз, Қайрақты, Шерубай Нұраға дейін жайлап (Әлтеке-Сарым, Қояншы-Тағай, Дадан Тобықты, Алтай-Қарпық руларымен көршілес), қыстақтары Балқаш көлінің солтүстігіндегі Бертіс қойнауынан бастап Шу өзеніне дейін (Найман, Үйсін, Жалайыр руларымен көршілес) көшіп-қонып жүрген. Қыс жайлы болғанда Балқаш көлінің жағасында, қыс қатты жылы Шу бойын қыстаған. Қазақ елін көп зерттеген және тарихи нақтылығымен ерекшеленетін тарихшы А.Левшин: «Кәрсөн руы Сарыарқаға жайлауға көшкенде, Шу бойындағы қоныстарын сол жердегі егіншілерге жалға беріп, күзде қыстақтарына көшіп келгенде, натурамен жердің арендасын арпа-бидай және басқа да өнімдермен алып отырған», – деп жазады.
Мойынты болысы (1878 ж. дейін Кәрсөн болысы болып аталып келген) ауыл санының көптігімен дараланып, 17 ауылға дейін болған. 1897 жылғы мәліметтер бойынша болыста: 1483 шаруашылық, 6165 адам болған. Болыстың рулық-аталық құрамы төмендегідей: Кәрсөн руы: Аралбай – 350, Таңыбай – 432, Құлназар – 20, Алықұл (Ағынұл) – 350, Ерназар – 100, Үш ағайынды – 228. Шұбыртпалы руы: Көкала – 300, Күйелі – 200. Қояншы-Тағай руы: Асай – 55, Кешубай – 55. Керней руы: Шаң – 130, Балта – 50 үй болған. Барлығы 2420 үй (шаруашылық) болған. Осы рудан шыққкан елімізге белгілі би-батырлары, шынжыр балақ шұбар төс, мыңды айдаған байлары да баршылық.
Атап айтсақ, Бегалы би – Қаракесек елінің, Кәрсөн-Таңыбай руының Жәутік тармағынан, 1770 жылдары қазіргі Шет ауданында туып (бұрынғы Қарқаралы дуаны), жас кезінен ел аузына іліге бастаған. Ол өз заманының әділ биі, от ауызды, орақ тілді шешені. Әкесі Жәутік пен ағасы Сүгір де әрі шешен, әрі би болған көсемдер. Таңыбай батыр және оның ұрпағы Жәутік те қазақ қауымына белгілі қоғам қайраткерлері жерленетін пантеон Түркістанда жерленген. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, ұрпақтарына да бақ пен дәулет дарыған.
1849 жылы Садырбайұлы Есберген мен Байсейіттің Нұрланы Кәрсөн-Керней елінің болыстығына таласқанда, екі елдің игі жақсылары өзара келісімге келіп, екі елге де сыйлы, әрі беделді деп 79 жастағы Бегалыны болыстыққа сайлап жібереді. Бегалы би 1858 жылы Қарқаралы қаласында өткен құрылтайда «Ағыбай батырға Кәрсөн-Керней жерінен жер бөліп береміз, Ағыбай бастаған Шұбыртпалылар біздің елге көшсін!» деп ұран тастаған және Кәрсөннің Таңыбай елінің жайлауынан жер берген, ал, Есберген болыс Кәрсөннің Аралбай елінің қыстағынан жер бөліп берген. Осы жайтты мұрағат құжаттары растайды (1858 жылғы 6 қыркүйектегі Сібір генерал-губернаторының №1835 қаулысы). Бегалының қызын Ағыбайдың батыр баласы Аманжол алып, екеуі құдандал болған (ҚҰА. 374-қор. 1-байлам. 2545-іс. 74-115 беттер).
Кәрсөн-Таңыбай-Тайна Көпбай қазы, шамамен 1817 жылы туған, жас кезінен алғыр болып, басында Кәрсөннің Есберген мен Бегалы болыстарына хатшы-аудармашы болыпты. Бір күні Қарқаралы дуанына пошта тасып жүріп, Жақсы Жанқұттының ауылына қоныпты. Жақсы Жәкем онымен бірінші кездескенде, көп сөйлескен екен. Сонда Сарымның ақсақалдары: «Жанқұтты-ау, осы Кәрсөннің поштабай баласымен көп сөйлескенің қалай?» – деген екен. Сонда Жақсы Жәкем: «Е, біле білсеңдер, бұл баланың бір аяғы жерде тұрса, екінші аяғы көкте тұр, үлкен азамат болып, ел қамын ойлайтын, керемет басшы болады!», – деген екен. Оған батасын беріп, жолын ашады. Сол кісінің дуалы аузынан шыққан сөзі дәл келіп, кейін бірнеше жыл болыс болып, Қарқаралы дуанына қазы болып сайланады және хорунжий деген шен беріледі. Қазы лауазымы, аға сұлтанның билер төрелігі бойынша орынбасары, яғни, қазіргі тілмен айтқанда, облыстық соттың төрағасы. 1867 жылы халықтың қалауымен Қарқаралы дуанына аға сұлтандыққа кандидат болады, бірақ сол жылы аға сұлтандық жойылып, қазақ елі тікелей генерал-губернаторға бағынатын болған (ҚҰА. 354-қор. 1 -байлам. 961-іс. 52-55 беттер). Сондай-ақ, Көпбай мырза ислам жолын қатты ұстанған. Ауылының тұсынан өтіп бара жатқан жолаушыларды алдыртып, қонақ қылып, одан кейін дін туралы әңгіме қозғап, ілім-білімін тексереді екен. Егер дұрыс жауап берсе, әрі қарай сый-сыяпатын көрсетіп, қате жауап болса, дүре соқтырып жібереді екен. Ел арасында «Көпбайдан қорқамыз деп шиге құлап, көзіміз шығатын болды», деген сөз қалған. Көпбай қазы келе жатыр дегенді естіген жұрт жаппай намазға жығылған. Көпбай қазының баласы Садуақас та Орыс географиялық қоғамының Семей бөлімшесінің мүшесі, халық ауыз әдебиеті үлгісін жинастырушы, ширек ғасыр бойы (1882-1911 ж.ж) Мойынты болысының билеушісі болып сайланады. 1903 жылғы болған жойқын ашаршылықта елді аман алып қалуда көп еңбек сіңірген және осы игі еңбектері үшін «Құрметті қазақ» деген атақ берілген. Ал, Көпбайдың немерелері Мақаш пен Хасен екеуі де көп жыл бойы ел басқарып һәм күйші болған және Кәрсөн руынан шыққан атақты сегіз күйшілер тобына кіреді.
Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы болып, ел аралап жүрген Сәкен Сейфуллиннің ғашық болып: «Маған тұрмысқа шық», – деп қолқа жасайтыны – осы Мақаш болыстың Гүлбаһрам (Гүлсім) сұлу деген қызы. Сәкеннің «Тау ішінде», «Аққудың айырылуы» деген әндері, «Лашын әңгімесі» деген өлеңдері осы Гүлбаһрам (Гүлсім) сұлуға арналған деген деректер бар. Атақты күйші, әрі Сарыарқаның Тәттімбеттен бастап, барлық атақты күйшілерінің күйлерін алғашқы рет нотаға түсіріп, алтын қорға өткізген Әбікен Хасенов, Көпбай қазының шөбересі. Қызыл империя заманында Көпбайдың ұрпақтары репрессияға түсіп, көп қиыншылықтармен бас сауғалап, байтақ еліміздің әр жеріне көшіп кеткен. Қазір де көп ұрпақтары Қырғыз елінде тұрып жатыр.
Ершман бай Тасболатұлы (1800– 1900) – Қаракесек-Кәрсөн елінің атышулы тұлғасы. Ершманға 10 мыңнан астам жылқы біткен екен. Ершман өзінің байлығымен де, кісілігімен де, қайырымдылығымен де заманында жұрт аузына іліккен адам және жүз жасаған кісі. Сол жасы егде тартқан тұста, балаларын шақырып алып: «Биыл қыс қатты болып, арты жұтқа айналады. Малды Шу бойына айдап, сол жерде қыстату керек», – дейді. Балалары көнбей, малды Арқада қалдырады. «Бай бір жұттық» дегендей, сол жылы Арқада қыс қатты болып, жер жүзін алып жатқан жылқысы қалың қарда қалып, түлегімен опат болады. «Ершманның қалың жылқысы қырылып, сауынсыз қалыпты» дегенді ұзын құлақтан естіген, сол замандағы кісілігі мол руластары 7 күн ішінде 500 жылқы жинап беріпті. Содан Ершманның малы қайтадан тез өсіп, Кеңес үкіметі орнайтын тұста ұрпақтарындағы жылқы саны 8 мыңнан асқан екен. Ершман бай кезінде жетім-жесірге көп қарайласып, малын олардан аямаған. Орыстың да астыртын ойын жақсы түсініп, Ақылбек қажының ұрпағы Башар иманды пір қылып ұстап, келер ұрпақтың бұзылмауын қатты қадалаған. Ершман бай мен РайымқұлБоранқұл Кәрсөн еліне сіңген Тарақты, оның ішінде Қармыстан тараған он екі атаның бірі Әлі ұрпағы Онбайдың жол қаржысын түгелімен көтеріп, қажылыққа жіберген. Ершман байдың бейіті Алматыдан Қарағандыға баратын теміржолдың Мойынты станциясына таяу Шешенқара жеріндегі, алыстан көрінетін аса биік мазар. Ершманның балалары Туған мен Сламбек Мойынты болысында кезектесіп болыс басқарушы болып қызмет атқарған, ал аталас туыстары Түсіп пен Әнбия бай ретінде кәмпескеге ілініп, жер аударылған. Ұрпақтары Мойынты мен Сарышаған елді мекендерінде өмір сүріп жатыр. Ершманның ұрпағы Әлиақпар Сламбеков ақсақал Тасаралда көп жыл бойы қызмет атқарып, зейнетке шыққаннан кейін ауылдың кітапханасында жұмыс істеді. Сол кісі қатардағы кітапханашы бола тұра, ауыл балаларын білім-ғылымға құштарлыққа тәрбиеледі. Бір ұрпағы Жандерке, Алматы қаласында қызмет атқарып, өте ауқатты тұрмыс құрған. Үйінен қысыжазы қонақ үзілмей, еліміздің сол кездегі атақты өнер адамдары – жазушы, әнші, әртістері жиі түстенеді екен.
Таңыбайдың Бабағынан тарайтын Бекболаттың балалары – Қыдырбай мен Рысбек те кезінде ел басқарған. Қаракесек-Кәрсөн елінің атышулы тұлғалары. Кезінде қазақ еліндегі атақты байлардың бірі болған. Атап айтқанда, Рысбек Бекболатұлы 1883-1889 жыдары Мойынты болысының болысы болған. Қыдырбайдың Түсібі де Қаракесек-Кәрсөн елінің атағы жер жарған тұлғасы. Өзі ауқатты, беделді би және ел басқарып болыс болған. Мұрағат құжаттарына сәйкес, 1899 жылдың 10 шілдесінен бастап, Мойынты болысының болысы болған. Баласы Серік те Мойынты болысының соңғы болыстарының бірі. 1929 жылдары Түсіп бай ретінде кәмпескеге ілініп, жер аударылған. Түсіптің ұрпақтары да репрессияға түсіп, көп қиыншылықтармен, бас сауғалап, байтақ еліміздің әр жеріне көшіп кеткен. Қазір де көп ұрпақтары Қырғыз елінде тұрып жатыр.
Қаракесек-Кәрсөн елінің атышулы тұлғасының бірі – Таңыбайдың Бабағынан тарайтын Есқожаның ұрпағы Омардың Бәкірі. Ол 25 жасында Қыдырбайдың Түсібі мен Аралбай Байғасқаның қолдауымен Мойынты болысының соңғы болыстарының бірі болған. Кезінде қазақ еліндегі атақты байлардың бірі, әрі қазіргі Шет ауданында орналасқан Қызылеспеде, ағылшын кәсіпкерлерімен бірігіп, рудник ашқан деген деректер бар.
Қазақ үкіметінің 27.08.1928 жылғы «Қазақ байларының мал-мүлкін конфискалау туралы» декретіне сәйкес, 1929 жылы Қаракесек-Кәрсөн елінің беткеұстар тұлғаларының бәрі дерлік, еріксіз түрде мал-мүлкі тәркіленуге (конфискация) ілініп, олар басында Қостанайға, одан әрі Башқортстанға жер аударылады. Сол жерден, Сарбастың Райымқұлы мен Қыдырбайдың Түсібі бастаған бірнеше адам қашып шығып, туған жерлеріне орала алмай, Өзбекстан, Қырғызстан жерлеріне бас сауғалайды. «Қызыл террор» осымен бітпей, игі жақсыларымыздың туған-туыстарын да көп қуғынға түсіреді. Сол кездегі Совдептің шектен шыққан зорлық-зомбылығын, Қызыл әскердің жазықсыз адамдарды аяусыз қырғанын көрген игі жақсылар, ақыр аяғында «Кәрсөн көтерілісі» деген атпен тарихта белгілі Кеңес үкіметіне қарсы болған халық көтерілісін ұйымдастырады, бірақ аяусыз қырғынға ұшырайды.
Атап айтқанда, Алаш партиясының белсенді мүшелері: Садық, Мүсірәлі Сарбасұлдары, Мұқаш Нұрқанұлы, Түсіптің баласы Әнбия, Омардың Бәкірі мен Мұқашы, Байғасқаның Серігі мен Көпейі, тағы басқа игі жақсылар, бай ұрпақтары Кеңеске қарсы көтеріліске қатысқандар деген жаламен, ешқандай да тергеу-сотсыз 1931 жылы Шет ауданында атылған. Бұл деректер «Азалы кітапта» толықтай жазылған. Қызыл комиссарлардың осы «Кәрсөн көтерілісіне» қатысқандардың бала-шағасына дейін өте қаталдықпен жазалауынан кейін, Кәрсөн елінің бетке ұстар игі жақсыларының көпшілігі шетел асып кетеді. Қазіргі уақытқа дейін олардың ұрпақтары Қазақстаннан тыс жерлерде өмір сүріп жатыр.
Қаратышқан қажы Сабырұлы (1820- 1896 ж.ж.) қажылыққа өз қаражатымен барып қайтқан. Ұрпақтары репрессияға түсіп, көп қиыншылықтармен бас сауғалап, Қырғызстанға көшіп кеткен. Қазір де сол жақта және көршілес Жамбыл облысында өмір сүріп жатыр. Белгілі ғалым Құрақбай Секеев және Оңтүсік өңірінде атақты халық емшісі болған Үйсінбай Тұрабайұлы – Қаратышқан қажының ұрпақтары.
Ожан қажы Дүкеұлы, 1905 жылы қажылық сапарында, жолдағы қарақшыларымен соғысып, Меккеге жаралы болып жетеді. Барлық қажылық рәсімдерді өтеп болып, қайтуға бір күн қалғанда қайтыс болып, сол жерде жерленеді. Сәлемдемелерін, қажылыққа бірге барған жолдастары отбасына жеткізеді. Ожан қажы, қажылыққа бармай тұрып, артында қалып бара жатқан 7 баласының барлық жағдайын жасап, тіпті ең кенжесі Есжанға Аймағамбет деген молланың бесіктегі қызын, қалың малын беріп, айттырып кетеді.
Таңыбай батыр ұрпақтарының ішінде, аты шыққан Шәкірбек атты екі кісі болған. Атап айтқанда, жауырыны жерге тимеген Жәутік-Абеннен шыққан Шәкірбек балуан. Бір кездері Қоянды жәрменкесінде, бұрын ешкімнен жеңіліп көрмеген түйе балуанды жығып, жеңімпаз атанады. Қуғын-сүргін жылдары Қырғыз жеріне қоныс аударады. Ол жақта жүргенде де, қазақ, қырғыз, өзбек, тәжіктер жиналған, үлкен ас-тойларда, барша қазақтың атынан күреске түсіп, қарсыластарының бәрін жығып жүреді екен. Іштерін қызғаныш билеген қырғыздар, балуанды қастандықпен у беріп өлтірген деген деректер бар. Заманында Жаманқұлдан шыққан Андасұлы Шәкірбектің әкесі де Кәрсөн елінің белгілі билерінің бірі болған. Ал, Шәкірбектің өзі де қазақша-орысша өте сауатты болып, ояз басы Қарқаралыда үй салдырып, сонда жауапты қызмет атқарған.
Жәутік Әбеннен шыққан Нүркей атамыз айтулы батыр болған екен. Батырдың алпыстан асқан шағында, ауылдың бас көтерер жігіттері жорыққа кеткендерін пайдаланып, Үйсін елінің жігіттері жылқышыларды соққыға жығып, елдің барлық жылқысын айдап әкетеді. Жаман хабарды ести сала, Нүркей атамыз қаһарына мініп, жалғыз өзі барымташылардың артынан қуады. Қуып жеткен бойда 8 жігітін бірдей аттан түсіреді. Осы жайтты көріп сасқан, барымташылардың басшысы: «Арғынның жалғыз шалынан, бәріміз аттан түссек, масқара боламыз, шалды атыңдар», – деп бұйрық береді. Сонда оқ тиіп қайтыс болып кетеді. Суыт хабар елге тез тарап, Сарбастың Боранқұлы бастаған Кәрсөннің 240 шақты игі-жақсылары атқа қонып, Шу бойына барып, Ердің құнын даулайды. Үйсін жағы кінәларын мойындап, Дала заңы бойынша ердің құнын төлеп, әрең құтылады. Осы Нүркей батырға жыр да арналған.
Осы рудан шыққан елімізге белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ақын-жазушылар, жауапты қызмет атқарған басшылар да жетерлік.
Қарағанды Экономикалық Университетінің ректоры, экономика ғылымының докторы, ХЭА академигі, Қарағанды облыстық Қоғамдық Кеңес төрағасы Ерқара Аймағамбетов, Қостанай Қазақ-Ресей халықаралық университеттің ректоры болған, экономика ғылымдарының докторы, профессор Мағауия Мұқымбеков, математика ғылымдарының кандидаты, профессор Бейбіт Әлтаев, Түркия мемлекеттік университетінің құқықтық заң факультетінде докторантурада болған Бейбіт Құлмағанбетов, 10 жылдай Тасарал колхоз басқармасы, 1967 жылдан бастап 20 жылдан аса Іле (Қапшағай) балық заводының бас директоры болған Қиса Қоқымбаев. 1994 жылы Қиса әкемізге Қапшағай қаласын салуда елеулі еңбек сіңіріп, қаланы көркейтуге өз үлесін косқаны үшін, сол қаланың «Құрметті азаматы» атағы берілді. «Қазахмыс» корпорациясында басшы қызметтер атқарған Серікбол Шахжанов, Ауыл шаруашылық және Ішкі істер министрлігінде жауапты қызметтер атқарған Сепбол Шахжанов, Ауған соғысының ардагері, Қызыл Жұлдыз орденінің иегері, кезінде көрсеткен ерлігі үшін Совет Одағының батыры атағына ұсынылып, бірақ Совет Одағының сол кездегі Президенті, қазақ халқын «өте жақсы» көретін М.Горбачев аяқсыз қалдырған, полковник Байғали Қоқымбаев және тағы да көптеген аты аталмай қалған азаматтар. Сол Байғали батыр Ауған соғысына аттанар алдында: «Егер мен соғыста қайтыс бола қалсам, сүйегімді Тасаралға жерлеңдер», – деп қолхат жазып, өсиет еткен екен. Бір айта кететін жайт, сол Байғали Тасаралда туса да, 10 жасында әкесінің қызмет бабымен – Қапшағай балық заводының бас директорлығына тағайындалуына байланысты, Тасаралдан Алматы қаласына көшіп кеткен еді және Ауған соғысына аттанарда, Тасаралда 20 жылдай болмаған екен. Міне, нағыз батырдың туған жерге деген ыстық махаббаты! Дүниежүзіне белгілі суретші, кезінде Шу қаласының әкімі, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары, Жамбыл теміржолының бастығы, «Қазақстан Темір Жолы» мемлекеттік компаниясының кадр Басқармасының бастығы болған Асқар Сәрсенбеков Көпбай қазының аталас ұрпақтары. Құрақбай Секеев еліміздегі Ғылым Акамемиясының «Механика және Математика» ғылыми институтына жұмысқа қабылданып, «Қатты денелердің тұрақтылығы» деген ғылыми тақырыпқа кандидаттық диссертация қорғайды. Көп жылдар бойы бірқатар жоғарғы оқу орындарында кафедра меңгеруші ретінде ұстаздық қызмет атқарып, мыңдаған шәкірт тәрбиелеп шығарған. Шайхислам Батырханов – медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қырғызстан Ғылым Академиясында жауапты қызметтер атқарған. Кейіннен, Алматыға көшіп келіп, Аспандияров атындағы Медицина Академиясында кафедра меңгерушісі болып қызмет атқарған. Химия ғылымдарының кандидаты, профессор Майдагүл Мұқымбекова, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Қазақстан «РТРК» АҚ Павлодар облыстық филиалының директоры болған, даңқты жерлестеріміз – Ақмарал Сағынбекова.
Кәрсөн елінен халқымызға белгілі он күйші шыққан – Қыздарбек, Мақаш, Әбди, Сембек, Кәрібек, Рысқұлбек, Баубек, Әбікен, Бегімсал, Дәулетбек. Соның бесеуі – Таңыбай ұрпақтары. Жоғарыда айтылып кеткен күйшілердің ұстазы, Арқа өңірінің күй атасы Қыздарбек Төребайұлы (1850-1922), Арқадағы шертпе күйдің атақты шебері. Шет ауданының тумасы. Əкесі Төребай орта шаруа иесі болған. Жастайынан өнер соңына түсіп, ел аралап, күй өнерін жоғары сатыға көтерген, шебер орындаушыдан парасатты күйші дәрежесіне жеткен. Тек аршадан ғана құрастырылып жасалған домбырасы 1934 жылы Тасаралда қайтыс болған Қажыкей дейтін ұлының қолында сақталып келген. Қыздарбек күй арқылы Итаяқпен қағысып, Тоқа Шоңманұлымен өнер жарыстырған. «Сылқым қыз» күйі жеңіл ырғақты болса, «Өткінші өмір» күйі өкінішті арманға толы. «Жұбату» күйі шәкірті Әбдидің жалғыз ұлы қаза болғанда дүниеге келсе керек. Бірнеше «Қосбасары» бар. Арқаның Ақмолда, Сембек, Əбди, Мақаш, Кəрібек, Рысқұлбек, Әбікен, Бегімсал сынды арқалы күйшілері Қыздарбектің шәкірттері болып табылады.
Әр түрлі күрестен елімізде өткізілген түрлі деңгейдегі жарыстардың жеңімпаздары, жауырыны жерге тимеген балуандар: Серікбол Қожкенұлы Шахжанов пен Аманбек Қамиұлы Әлтаевті де атап өту керек.
Сегіз ата Кәрсөннен тараған Таңыбай руы бақ пен байлық қонған, өсіп-өнген, қасиет дарыған ел. Сонау жылдары Таңыбай бабаларының құрметіне ұрпақтары Мойынты жерінде ас берді. Содан бері бірнеше жыл өтті. Енді, міне, Таңыбай бабаның саналы ұрпақтары елінің шежіресін жазуға бел буып отыр. Тарихи шежіренің басты мақсаты, ұрпақтар сабақтастығын үзбеу. Мұрағаттарда сақталған тарихи деректерді жарыққа шығару. Таңыбай баба ұрпақтарының кешегі мен бүгінгі тарихын жан-жақты ашу. Ел аузындағы тарихи деректер мен аңыз әңгімелерді кеңінен пайдалану, сондай-ақ Таңыбай ұрпақтарының ұлағатты сөздері, өлең-жырларын да жарыққа шығару. Шежіреде, тек Таңыбай баба ұрпақтарының шежіресімен шектелмей, онда Қазақ халқының тарихына қатысты деректерді де молынан зерделеп, зерттеу көзделіп отыр.
Жұмағұл ШӨЖЕНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Ағыбайтанушы.