Баған

Қастерлі тіл төрге озсын десек…

Жер бетіндегі адамзат баласының басты құндылығы – ұлттық тілі. Ұлттық тіл – сол ұлттың өзара қарым-қатынасының құралы ғана емес, мінезі, пиғылы, танымы, қабілет-қарымы, қысқасы, адами болмысы. Басқалар еліңді тереңірек білгісі келсе, қай тілде, қалай сөйлейтініңе ден қояды. Тәңірі он сегіз мың ғаламды жаратқанда, ең қуатты да кемел жаратылыс – адамға айрықша назар аударған. Сондықтан да, алдымен сөз пайда болған.

Ақиқатқа жүгінсек, мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілін өркендету үшін ауқымды да игілікті істер атқарылды. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Қазақ тілі – республикада тұратын барлық ұлт өкілдерін ұйыстырушы» деп нақты міндеттер қойса да, оның өркендеуі өзекті қалпында қалып отыр. Орыс тілінде білім алған қазақтар өз тілінде сөйлеуге, жазуға құлықсыз.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында мемлекеттік тілдің өркендеуі үшін нақты істер керек екенін атап көрсетті.

Ендеше, осы тұрғыдағы ой-толғамдарды ортаға салайық. Ең басты міндет – мемлекеттік тілге деген қажеттілікті тудыру. Өзге тілдерді меңгер, бірақ, соларға барудың алғашқы сатысы – мемлекеттік тіл болуы қажет. Мемлекеттік тіл мәртебесін биіктету – ардың, намыстың, рухтың ісі.

Қажеттілік дегеннен шығады, елімізде республика басшысының сайлауы кезінде үміткерлердің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі сынақтан өтеді. Ал, осы тәртіп барлық деңгейдегі әкімдер мен министрлерге қатысты неге қолданылмайды?! Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, ендеше, оның қорғаушысы, қамқоры мемлекет емес пе?! Мемлекеттік қызмет тізгінін ұстаған тұлға мемлекеттік тілдің бірден-бір жанашыры болуы керек емес пе?!

Кешегі тоталитарлық тәртіпке негізделген жүйеде үш-төрт буын тұтастай орыс тілінде білім алды. Қалай десек те, өз үйінде ана тілінде сөйлегенімен, сауатын орыс тілінде ашқан, білім алып маман атанғандардың ілуде бірі болмаса, ұлт болмысының иірімдерін бойына сіңіре алмайтыны анық. Оларды сөге беру де қисынға келе қоймайды. Біз қызды-қыздымен сол санаттағыларды «шала қазақ», «қара орыс» деп атадық. Қазақта Қазақстаннан басқа Отан жоқ. Ендеше, бізге керегі – бірлік. Өз қандасымызды бауырға тартып, тілді жақсы меңгеріп кетуіне жәрдемімізді аямауымыз керек. Ұлттық тілді жетік меңгергенің – ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрып, салт-дәстүр, қысқасы, баға жетпес менталитетті игергенің, соны өзгеге мақтанышпен көрсете білгенің.

Бізде әлемде баламасы жоқ құрылым – Қазақстан Халқы Ассамблеясы жұмыс істеуде. Қазақстан – ортақ үйіміз болғандықтан, осы Ассамблея өз отырыстарында мемлекеттік тілдің хал-ахуалын талқылап, тиісті шаралар жоспарласа деген тілек-ұсынысымызды жасырғымыз келмейді. Шетелден үздік технология – құрал-жабдықтарды сатып алуға болар, алайда, олар біздің тіліміз бен мәдениетімізді өркендетіп бермейді.

Ендеше, ұлт намысы сынға түскен сәтте «Ана тілімнің мәртебесі асқақ болуы үшін не атқардым, енді не істеуім керек?» деген ойдан ажырамағанымыз абзал.

Қарлығаш ХАМЗИНА,

ҚарТУ доценті,

филология ғылымдарының кандидаты.

Басқа материалдар

Back to top button