Шектеу нәтиже бере ме?
Үкімет 5-ші шілдеден бастап екі апта мерзімге карантинді күшейтуге шешім қабылдады. Қажет болса, мерзімі ұзартылуы да мүмкін. Ведомствоаралық комиссия отырысынан кейін коронавирус инфекциясының таралуын тұрақтандыруға бағытталған қатаң шектеу шаралары туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифингте Премьер-министрдің орынбасары Ералы ТОҒЖАНОВ пен Денсаулық сақтау министрі Алексей ЦОЙ мәлімдеді.
Шектеулер көлік қатынасына тікелей байланысты. Дегенмен, жолаушылар санын арттырмайтын болса, халықаралық, өңірлік әуе қатынасы сақталады. Теміржол қатынасында да белгілі бір шектеулер сақталуы арқылы қызметін атқара беретін болса, жолаушылар автобусы, сондай-ақ, қоғамдық көлік қозғалысы белгіленген уақыт бойынша жүреді.
Ойын-сауық, спорт және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, еске алу шараларын өткізуге де болмайтынын айтады Ералы Тоғжанов. Одан бөлек, азық-түлік дүкендері мен дәріханалардың қызметін қоспағанда, ойын-сауық сауда орталықтарының жұмысы тоқтайды. Жұмысына шектеу қойылғандар қатарында караоке, биллиард, компьютер клубтары, кинотеатрлар, балалардың сауықтыру орталықтары, мектепке дейінгі мекемелер, банкет залдары, спорт залдары, сұлулық салондары, шаштараз, монша, сауна, бассейндер, жабық базарлар, қалалық жағажайлар кіреді. Карантин кезінде мұражайлар, көрмелер, форумдар, конференциялар, діни нысандар да жұмыс істей алмайды.
Ал, мемлекеттік органдардың, кеңселердің, ұлттық компаниялардың және өзге де ұйымдардың қызметкерлерінің кемінде 80%-ы қашықтықтан жұмыс жасауы тиіс. Медицина орталықтарына да алдын ала жазылып қана келуге болады. Белгіленген уақытқа дейін жұмыс істейтін болса, дәріханалардың, азық-түлік дүкендерінің, ашық базарлардың жұмысына рұқсат бар.
Ашық ауада қоғамдық тамақтану нысандары, үздіксіз өндірістік айналымы бар құрылыс, өнеркәсіп кәсіпорындары, ашық ауадағы құрылыс жұмыстар, ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы және мал шаруашылығы жұмыстары, халыққа қызмет көрсету салалары, оның ішінде авто жуу, автомобильдерді және тұрмыстық техниканы жөндеу, Халыққа қызмет көрсету орталықтары, екінші деңгейлі банктер жұмысын тоқтатпағанымен, уақытқа шектеу қойылады әрі сақтық шараларын қатаң ұстауы тиіс.
Ералы Тоғжанов брифинг барысында карантин кезінде санитарлық нормаларды бұзған жеке тұлғалар мен бизнес өкілдеріне карантин режимін бұзғаны үшін салынатын айппұл мөлшерін де атады.
– Карантин режимін және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзған жеке тұлғаларға 30 айлық есептік көрсеткіш (83,3 мың теңге) көлемінде, ал кәсіпкерлік субъектілеріне 230 айлық есептік көрсеткіштен (639 мың теңге) және одан да жоғары көлемде айыппұл салынады, – деді Премьер-министрдің орынбасары.
Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, шілде айының соңына дейін елімізде инфекциялық және провизорлық ауруханалардағы орын саны 50 пайызға өсіп, 28 мыңнан 42 мыңға дейін жеткізілетінін айту керек. Ал, тамыз айына дейін полимеразды тізбекті реакция тестілерімен қамту 30 мыңнан 39 мыңға дейін артады.
Ералы Лұқпанұлының айтуынша, індеттің елімізде кең тарап кетуі адамдардың салғырттығынан болып отыр.
Еліміз тығылып той тойлап, бетперде киюді әлі де ұят санайды. Аулаларда тығылып той жасау, ас беру, туған күн тойлау шаралары тоқтаған жоқ, – деген ол мұның салдары өкінішке ұрындыратынын айтты.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой болса, жедел жәрдем көлігінің жетіспеуі медициналық емес ұйымдардың резервін пайдалану арқылы жергілікті жерлердегі әкімдермен бірлесе отырып шешілетінін айтады. Ал, кадр тапшылығын шешу үшін медицина колледжінің түлектері тартылады. Жергілікті атқарушы органдарға «Корона-такси» қызметін ұйымдастыруға да ұсыныс жасалған. Одан бөлек, карантиндік стационарлар провизорлық және инфекциялық ауруханаларға бейімделеді.
Дәрі тапшылығына байланысты да министр түсініктеме бере кетті. Оның айтуынша, елімізде құрамында парацетамол бар 33-ке жуық дәрілік препарат бар. Дәріханаларда олар еркін сатылымда. Ал, парацетамолды қымбаттатып сатқандарды құзыретті органдар тексеретін болады.
– Кеше Нұр-Сұлтандағы дәріханаларға 70 мың дана парацетамол жеткізілді. Тұрғындар жарты сағатта бұл препараттарды сатып алды. Қазір интернетте бұл препараттарды қымбат бағамен сатуда. Қалада парацетамол керек дейтіндей осыншама пациент жоқ. Тұрғындар дене қызуы көтерілмесе де, қажеттілік болмаса да, осы дәріні көптеп сатып алуда, – деді Алексей Цой.
Отандық дәрі өндірушілер де қарап қалған жоқ. Министрдің дерегінше «Азитромициинің» 100 000 данасы сатылымға түскен. Ал, жақын арада коронавирус жұқтырғандарды емдеуде қолданылатын «Левофлоксацин» препаратының 30 000 данасы дәріханаларға түседі. Ал, баға қымбаттату жағдайлары орын алса, лицензиясын тоқтатуға дейінгі шаралар қарастырылған.
Қатаң шектеу шаралары кезінде өңірлер арасына блок-посттар қойылмайды және жүріп-тұру үшін анықтаманың қажеті жоқтығын айту керек.
Бұған дейін Алексей Цой індеттің таралуын тоқтатуға арналған үш түрлі жоспар ұсынғаны белгілі. Аурудың инкубациялық кезеңі екі аптаға созылатын болғандықтан, 14 күндік қатаң шектеу шаралары оңтайлы деп танылған. Бірақ, қажет болса, екі аптадан кейін қазіргіден да қатаң шараларға көшуіміз мүмкін.
Салтанат ІЛИЯШ.