Елорда күніРуханият

Басты орданың хабарын байрақ еткен

Кез келген елдің, қандай да бір ұлыстың астанасы жоқтан пайда болып шыға келмейтіні белгілі. Тарихқа үңіл, бүгінді сарала – солай. Астаналы жұрт аспаннан түсе салмайды. Жұрт болып жұмылуға, ұлт болып ұйысуға сол елдің ішкі стихиясы, ұлттық сана-сезімі әкеледі. Әбіш Кекілбайдың «бізді бодандық қалай сынаса, бостандық та солай сынайды» дегеніндей, астаналы елге жету қандай қиын болса, оны ұстап тұру одан да ауыр болғаны ғой… «Алаш Алаш болғалы, Алаша атқа қонғалы» қай заман, бірақ?! Содан беріде Қазақ даласы да астанасыз қалып көрмепті. Кешегі Сығанақ пен Сарайшық, Түркістанды айтпағанда, берідегі Алашорда үкіметінің орталығы Семей қаласына тоғысқан рух керуені Алматыға аз тұрақтап, бүгінгі астанаға жеткерген жоқ па?

«Ғаламның ары Күнменен нұрлы» (Маралтай) болса, ел тағдырының басы мен қолқа-жүрегі астанадан бастау алады. Мемлекет деңгейіндегі ең басты шешімдер астанадан шығып, елдің түпкір-түпкіріне тарап жатады. Ел тарихының жылнамасы әуелі сонда таңбаланып, қатталады деген сөз. Ертеден солай. Бағзыда хан ордасы мен патша сарайларында жылнамалар жинағы жазылатын болған. Оны бүгінде баспасөз, газет алмастырып отыр. Қазақ хандығы тұсындағы Қадырғали Жалайырдың «Жылнамалар жинағы», Мұхаммет Хайдар Дулатидің «Тарихи рашидиін» атаса да жеткілікті мысал үшін. Геродоттың өзі сарай тарихшысы болғандығын айтады Гумилев. Бертіндегі Алашорда үкіметі шығарған «Қазақ» газеті қандай еді?! Ұлттық-демократтық бағыт ұстанды. Астаналы жұрттыққа ұмтылған Алаштың пісіп-жетілген санасының көрінісі. Біздің бүгінгі Елордамыздың айнасы республикалық «Астана ақшамы» газеті мүлде бөлек қой. «Ел жүрегі – Елорда шежіресі» екінші атауы. Елорда күні қарсаңында өткеніне көз жүгіртіп, биылғы біраз нөмірін парақтап көрдік. Бір үңілген адам бас ала алмай қалатын басылым. Ел газеті «Егеменге де», «Айқынға да» ұқсамайды. Либералды көзқараста бейтарап бағытты ұстанады, білем. Астанада дәл Ақорданың тұмсығының астында тұр екем деп жалтақтап, біржақты бағытқа бой алдырмайтыны байқалады. Ел шежіресінің шындығын ту етіп отыр бүгінгі редакторы Еркін Қыдыр бастаған журналистер.

Аптасына үш мәрте шығатын бұл газетті біз бұрыннан білетінбіз. Дәл іргесінде тұрғандықтан, Қарағанды әуелі бағаналы басты ордаға көз тікпей ме? Ұлт тарихы, Алаш идеясы тақырыптарына келгенде, сергек басылым. Астананың сыры да, сыны қақас қалғанын көрмедік. Қаладағы қордаланған мәселелерді жеке тақырып етіп көтеруді басқа газеттер осы «Астана ақшамынан» үйренсе болғандай.

Астанамыз Алматыдан Ақмолаға көшірілген 1997 жылдардан бастап шыға бастады екен деп ойлап жүрсем, газет тәуелсіздіктің төбесі көріне бастаған 1990 жылдың 13 қазанында «Ақмола ақиқаты» деген атаумен жарық көріпті. Биылғы күзде отызға толғалы отыр. Елорда жылнамасын тәуелсіз саралап, еркін пайымдап жазатыны содан болса керек газеттің. Редакторының да есімі Еркін екен. Тарих әуелі астаналарда жазылатынын ескерсек, басылымның жүгі жеңіл емес.

Астана Қарағандыға географиялық орналасуымен ғана емес, рухымен де жақын екендігі айтылып қалып жүреді. Соның бір жарқын көрінісі – осы «Астана ақшамы» газеті. Басылымның шеф-редакторы Төлен Тілеубай, белді-белді журналист-қаламгерлері қатарындағы Аманғали Қалжан, Дәулет Асауов – Қарағандыдан қанат қаққан ағалар. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университететінің журналистика бөлімін бітіріп, журналистік сапарларын осындағы аудандық, қалалық газеттерде бастап, біздің «Орталықта» істеп кеткендері тағы бар. Қазір әрқайсы Елорданың ақпарат айдынын еркін еңсеріп жүрген бір-бір кеме. Анау-мынау емес, бағытын айқындап алған желкенді кемелер.

Республикалық газетті Қарағандыда жазылып алушылар да жоқ емес. Сондай көзі қарақты оқырмандардың бірегейі – қарымды қаламгер, аудармашы Марал Хасеннің жары Рымбала Смайылова. Оқырман ретіндегі талғам-талабы жоғары бұл кісілер жаздырып алатын болған соң газет туралы артық ауыз мақтау айтудың өзі артық. Басты орданың шежіресін байрақ еткен басылымның бүгіні бұлай болғанда, болашақта маңызы тіпті артары сөзсіз. Қалғаны оқырманның талғам-таразысында. Тәмам-тәмат!

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button