Руханият

Білім қоғамы хақында бір ауыз сөз

Биыл Білім күні мерекесі жылдағыдан өзгеше өтті. Мұның өзі – білім феномені мен оның өмірдегі маңызы жөнінде терең ойға жетелейді. Осындай өзекті өртейтін ойдың қажеттілігі бүгінгі ақпарат тасқыны дәуірінде өмір сүріп жатқандығымыздан. Сарапшылар осы дәуірдің әлеуметтік жүйесі ретінде – Білім қоғамын атап көрсетеді.

Адамзат дамуы үшін ауадай қажетті білімге сүйенеді. Алайда, қазіргі дәуірде білімнің мазмұны мен оның өндіріске деген сұраныс деңгейі өзгерді. Бүгінгі білімнің басты ерекшелігі – ғылыми теорияның білімнің басқа түрлерінен басым болуы. Сонымен қатар, оның қазіргі экономиканың негізгі бағыттарын дамыту үшін қажет еместігі. Постиндустриалды дәуірдің пайда болуына әкелген әлеуметтік өзгерістердің нәтижесін қорытындылай келе, Дэниел Белл: «іс жүзінде теориялық білім стратегиялық ресурсқа, осьтік әлеуметтік принципке айналуда, ал ол – кодталған және байытылған университеттер, зерттеу ұйымдары мен зияткерлік институттар пайда болған өркениеттің осьтік құрылымдары» деген еді.

Бүгінгі таңда ғылыми теориялық білім негізінде қазіргі экономика үшін шешуші болып табылатын электронды, оптикалық, биотехнология және наноматериалдар сияқты жоғары технологиялық салалар пайда болды. Саяси-әлеуметтік ғылымсыз қазіргі заманғы әлеуметтік институттардың қалыптасуы да мүмкін емес екені анық. Онсыз Білім қоғамының пайда болуы мен жұмыс істеуі де екіталай. Қазіргі саяси-әлеуметтік ғылымның Білім қоғамының дамуы үшін маңыздылығын, оның негізгі әлемдік орталықтарының орналасуын қарастырғанда ғана көре аламыз. Олар бірінші әлем елдерінде және екінші және үшінші әлем елдерінде іс жүзінде жоқ. Бірінші әлем елдерін қуып жету үшін екінші және үшінші әлем елдерінің нақты ғылымдарымен бірге, қазіргі заманғы саяси-әлеуметтік білімді де дамыту керек. Қазіргі саяси-әлеуметтік білімсіз заманауи әлеуметтік институттарды құру мүмкін емес.

Қазіргі әлеуметтік тенденцияларды талдау келесі сұрақтарды туындатады. Қалайша ғылыми білім санаулы елдер үшін даму мен көшбасшылықтың негізіне айналды? Неліктен бұл көптеген елдерде керісінше болды? Бізге қайсысы маңызды? Неге біз Білім қоғамына жататын елдердің қауымдастығына кірмейміз?

Бұл сұрақтарға екі түрлі жауап беруге болады. Біріншісі – белгілі бір халықтардың табиғи қабілеттеріне негізделген. Бірақ, мұндай биологиялық тұрғыдағы түсіндірмені адамзат тарихы жоққа шығарады. Тарих көрсеткеніндей, бүгінде білім мен ғылыми жетістіктер деңгейі жағынан артта қалған бірқатар елдер мен халықтар бір кездері осы салаларда көшбасшы болған. Біз жетістігіміз ретінде орта ғасырдағы Орта Азия халықтарының және жалпы мұсылман әлемінің білім беру және ғылыми жетістіктерін айта аламыз. Немесе қазіргі дәуірдегі Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің ғылыми және білім беру жетістіктері, бірақ олар бір кездері батыс елдерінен артта қалды. Сондай-ақ, ол халықтар арасындағы табиғи айырмашылықтар туралы тұжырымдаманы, екінші және үшінші әлем елдерінен келген көптеген иммигранттардың бірінші әлем елдеріндегі университеттер мен ғылыми орталықтарда қойылатын талаптарға сәтті бейімделуіне байланысты фактілерді жоққа шығарады.

Аңғарғанымыздай, халықтардың табиғи ерекшелігіне шағымдану олардың дамуындағы айырмашылықтар мен білім деңгейіндегі алшақтықты түсіндіруге мүмкіндік бермейді. Сондықтан, белгілі бір халықтардың білім беру және ғылыми жетістігіндегі айырмашылықты олардың әлеуметтік ерекшелігінен іздеу керек. Ал, елдің әлеуметтік ерекшеліктері оның идеялары һәм құндылықтары жүйесімен анықталады. Тарих білім мен инновацияны ұстану немесе керісінше оларға немқұрайлылық, ең алдымен, белгілі бір қоғамның адамдары үшін білім құндылығына байланысты екенін растайды. Сондай-ақ, адамдардың білім беру стратегиясына олардың білімді адам туралы идеясын анықтайтын стандарттар үлкен әсер етеді.

Біз ең алдымен қоғамда тарихи қалыптасқан және білімді адамның идеалы мен оның антипотының – білімсіз және надан адамдардың бейнесін анықтайтын бейресми стандарттары туралы айтып отырмыз. Бізде қалыптасқан білім берудің әлеуметтік стандарттары адамдарды қарапайым білім модельдеріне көбірек бағыттайтынын мойындау керек. Олар бір уақытта адам бойында өзінің білім деңгейі туралы жоғары сенім қалыптастыра алады.

Білім деңгейінің адамның өзін-өзі бағалауына ықпал ететін тағы бір себебі – сыртқы, негізінен сандық өлшемдер ге мән беру. Сонымен қатар, адамның білімі көбінесе, білім алуға жұмсалған жылдар саны, сондай-ақ оның диплом саны негізінде анықталады. Бірақ, білім деңгейі әрдайым сертификаты барлардың сандық өсуіне сәйкес келе бермейді. Көбінесе, жоғары білім туралы бірнеше дипломы, тіпті, ғылыми дәрежесі бар адамдар қарапайым логиканың талабын орындай алмайды, әдеби тілді де әрдайым біле бермейді. Өкінішке орай, біз Питер Друкерден кейін жоғары білім туралы «диплом – жүйелі білім алудың дәлелі» деп сенімді түрде айта алмаймыз. Мұндай көзқарас диплом иесінің нақты білімі туралы емес, көбінесе, әлеуметтік амбиция мен бос әурешілікті куәландыратын белгі болғандықтан қалыптасқан. Білім сапасына зиян келтіретін сандық өлшемдердің мұндай таралуы өмірімізге терең енгені өте өкінішті. Біздің білім беру дәстүрімізде адамдардың көпшілігін жеңілдетілген білім алуға бағыттайтын және сандық өлшемдердің приматына ықпал ететін құндылықтар басым болғанда, білім сапасын арттыру өте қиын болады.

Сондықтан, бүгінгі таңда бағдарламалардан бастап, білім беру үдерісінің мазмұнына дейін, мектеп біліміне деген шағымдар көбейген тұста, біз мектептің қоғамнан бөлек өмір сүретін оқшауланған құбылыс емес екенін нақты түсінуіміз керек. Мектепті дамыту бағытында шараларды қоғам қолдамаса, қалай болар еді? Онда мектептегі білім сапасын арттыру жөнінде осы күш-жігердің барлығы бізге қажетті нәтиже бере алмайды. Балаларымыз білімге ұмтылуы үшін мұғалімнің күш-жігері жеткіліксіз, мектепке дейін және одан кейін балалар өздерін білімді адам болуға итермелейтін мәдени контексте өмір сүруі керек. Егер, бала үйде және жалпы мектептен тыс білімді адамдармен қарым-қатынас жасамаса, үйде кітапхана болмаса, ата-аналар кітап оқымаса және зияткерлік әңгімелерге бейім болмаса, онда баланың білімге деген тұрақты қызығушылығы мен білімді адам болуға деген ұмтылысы оң нәтижелі болады деп күту қиын. Өйткені, көбінесе, ата-аналар балаларды оқуға шақыра отырып, оларға өмірдің мүлдем басқа нормаларын, білімді қоғамның талаптарына сәйкес келмейтін нормаларды көрсетеді. Ал, бала атаанасының сөзіне емес, мінез-құлқына көбірек көңіл бөледі. Сондықтан, біздің қоғамның, әсіресе, балаларымыздың білім деңгейін арттыру үшін оларды мектепте, колледжде немесе университетте оқытумен шектелмеуіміз керек. Білім берудің неғұрлым жоғары қоғамдық стандарттарын жасап, дамытуымыз шарт. Сонда ғана еліміз дамыған мемлекеттердің қауымдастығына кіру үшін қажетті әлеуметтік-мәдени алғышарттар жасай алады.

Есет ЕСЕНҒАРАЕВ,

Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің

Экономикалық және құқықтық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері.

Басқа материалдар

Back to top button