Кәсіпкерлік негіздері – өзекті мәселе
Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Қазақстан халқына Жолдауын арнады. Оның халыққа үндеуінде әрбір қазақстандық өмірінің барлық аспектілері, яғни, экономика, денсаулық сақтау, білім беру, мемлекеттік қолдау, бизнес және тағы басқа салалардағы өзекті мәселелер қозғалды.
Мен солардың ішінде бизнес, кәсіпкерлік бағытындағы айтқандарына ерекше тоқталмақпын.
Қатерлі пандемия кезінде көптеген кәсіпкер зардап шеккені белгілі және қазір елдегі күрделі экономикалық жағдайды да көріп отырмыз. Осыған байланысты Президент Қ.Тоқаев 7 ұстанымға негізделген мынадай шешімдер қабылдады:
1. Игіліктерді жалпыға әділ бөлу
2. Шағын және орта бизнесті қолдау
3. Тиімділік
4. Тұтас экономиканың технологиялылығы
5. Адами капиталды дамыту
6. Жасыл экономика
7. Мемлекеттік шешімдердің негізділігі
– Келесі жылы шағын және орта бизнес (ШОБ) қызметінің жаңа нормативтік-құқықтық базасын әзірлеуді тапсырамын. Кәсіпкерлік қызметке кез келген мемлекеттік құрылымның заңсыз араласуы, кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтіру – мемлекетке қарсы ауыр қылмыс ретінде қабылдануы тиіс, – деді Президент.
Сондай-ақ, салық төлеуді жеңілдетіп, мемлекет қарамағындағы үй-жайлардың жалдау ақысын алып тастау керектігін айтты.
Кәсіпкерлерді қолдауға 6%-ға дейін субсидиялау қарастырылған. Қаражат қорын толықтыру және тауар айналымын ынталандыру үшін қосымша 200 миллиард теңге бөлінді. Азаматтардың жұмыспен қамтылуын және еңбекке ақы төленуін қадағалау басымдыққа ие.
Әр өңірдің әлеуетін ескере отырып дамыту және агробизнесті жетілдіру жұмысын ерекше атап өтті. Шетелдік компанияларға ата-бабадан аманат болған жерімізді сатпай, инвестиция тартуға да мән берді.
Елдегі бизнес ахуалды жақсарту үшін қажетті жаңа реформалар керек екені анық.
– Ол үшін Президентке тікелей бағынатын Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік құрылады. Мұндай орган бұған дейін жұмыс істеп, өзіне жүктелген міндеттерді сәтті орындады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ел экономикасының табысты дамуы үшін кәсіпкерлікке қалыптасқан дағдылары мен салалық білімі бар білікті мамандар мен көшбасшы бизнесмендер қажет. Болашақта мектептер мен жоғары оқу орындарында міндетті пән ретінде «Кәсіпкерлік негіздері» енгізіледі. Бұл – қазіргі дәуірдің ең маңызды мәселесінің бірі.
Мемлекет басшысы елдегі күрделі кезеңге қарамай азаматтардың өмірін жақсарту мақсатында көптеген шаралар қабылдады. Біз барлық аспектілерді дамытудың дұрыс траекториясын құрып, Президенттің бастамаларын халқымыздың игілігі үшін іске асыруды қолдаймыз!
Фарангиз АХМЕТОВА,
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі,
Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА Кәсіпкерлер кеңесінің төрайымы.