Пікірлер

Ұлт идеясы һәм Тоқаев

Өткен ғасырдың қойнауына кеткен қасіреттің ең озбыры – қылшылдаған қырық жыл уақыттың еншісінде. Бұл уақытта хан Кененің басын жоқтаған қалың қазақтың желкесі жаппай қиылды. Қызыл Кеңес бай-бағлан ба, қарапайым бұқара ма – қарап жатпады. Алаш даласында адамзатқа қастандық жасалды. Кеңес кезінде бұл жайында жақ аштырмауға тырысты. Азат заманда да ауыз толтырып айта алмадық. Бірақ, кеше санаға серпіліс беретін оқиға орын алды. Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт ТОҚАЕВ тарихи үндеу жасады.

«ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңы – халқымыздың тарихындағы қасіретті кезең» – деп басталатын Президент үндеуі аласапыранның ақтаңдақтары барын және оған әділдік керектігін анық айтты. Бұл – ардың аманатын арқалаған батпандай сөз. Оның астарына әріден үңіліп көрейік.

Қазан төңкерісінен кейін, яғни, 1917 жылы Әлихан бастаған «Алаш автономиясы» мен Мұстафа басқарған «Түркістан автономиясы» қатар дүниеге келді. Олардағы халықтың басым денін қазақтар құрады. Бұл Кеңес үкіметіне құландай қазақтың мойнына құлдықтың қамытын кигізуге басты кедергі болатын. Сондықтан, 1921- 1922 мен 1931-1932 жылдарда қасақана ұйымдастырылған аштық қана қазақты басқаруға қолайлы етті.

Жалпы, осы екі автономияның идеясы – бір, мақсат-мүддесі ортақ еді. Әлихан мен Мұстафа бір-біріне дұшпан болмады. Айырмашылығы Әлихан таза қазақтың жоғын жоқтады. Ал, Мұстафа оны түркі дүниесімен тұтастырғысы келді. Кеңес үкіметіне екеуі де қауіпті болды. Өйткені, рух тұрғысынан оларда қарама-қайшылық болған жоқ. Парижден Әлихан мен Ахметке Мұстафаның сәлемін жеткізген Әміренің құрбан болуы осының дәлелі емес пе?!

Азаттық алғаннан кейін ақиқатты орнатып, озбырлық орына жығылған Алаш баласын ақтауды қолға алғандай болдық.

Бірақ, өндіріп тастай алмадық. Арыстардың идеясын ұлттық деңгейге шығара алмай жүрміз.

Рас, тәуелсіздіктің туын тіккен уақытта қаладағы қазақтың қарасы аз еді. Ауылдағы бұқараның саяси сауаты кем болатын. Санадағы коммунистік идея да бекем-тұғын. Бірақ, осы өліара кезде бастысы жазықсыз жазаланғандар жайындағы заңды бекіттік.

1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заң қабылданды. 1997 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленді. Бұл да – үлкен жетістік. Ал, бүгінгі жұрт – саяси сауатты. Бодандықтың бұлты тарқады. Енді темірқазықты тауып, бағытты болжап, қабырғалы қалың елдің бағытын түзеу керек. Себебі, рухсыз адам Алаштың байрағын желбіретіп, айбарын асыра алмайтыны айқын дүние. Осы орайда, Мемлекет басшысының жүрегінде Әлихан айтқан «ұлы мінез» барына куә болдық.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы тоталитарлық жүйенің барлық сұмдығын әшкерелеуді талап етті. Бұл – өткеннің буымен семірген шовинистік қоғамға берілген баға мен тағылған айып. Кешегі Еуразиялық Экономикалық Одақтың кеңесінде айтылған дербес ойдың ұшқыны да осыдан бастау алып тұрғаны анық.

Бұл үндеу атан түйенің жүгін арқалап тұр. Мұның мәтініндегі «үлкен террор», қуғын-сүргін, аштық, «АЛЖИР» деген азалы сөздер жаһанға жазықсыз жазаланғанымызды жар салып тұр емес пе?! «Все народы равны. Но мы равнее всех» – деген ұстанымның сайқалдығын да әшкерелемей ме?!

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» күнінде жариялаған Үндеуі Алаш баласын асқақ армандарына табыстыратынына сенеміз! Томағаң сыпырылды. Балақбауың шешілді. Ендеше, топшыңды тіктеп, тұғырыңнан ұш, арда қазақ!

Құрманғазы ӨТЕБАЙ.

Басқа материалдар

Back to top button