Бас тақырып

Жылу беруде іркіліс болмауы тиіс

Қарағанды облысында 23 қазандықта жөндеу жұмыстары мәреге жетті. Сонымен қатар, 13 қазандық пен 7 турбинада жөндеу жалғасуда. Бүгінде тұрғын үйлер мен әлеуметтік маңызы бар нысандардың жылу беру маусымына дайындығы 95 пайызды құрап отыр. Бұл туралы облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов облыс әкімінің орынбасары Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалық етуімен жылу беру маусымына дайындықты пысықтаған отырыста мәлімдеді.

Басқарма басшысының айтуынша, кей жоспарларда, тұрғын үй мен қазандықтарды дайындауда аздаған кешігулер бар. Ол кешігулер тіршілікті қамтамасыз етуге байланысты кейбір қазандықтарда орын алып отыр. Атап айтқанда, Саран қаласында және Қарқаралы ауданында. Басқарма барлық қазандықтардың жылу беру маусымы басталғанға дейін әзірлік құжаты болуы керектігін атады. Ал, инженерлік желілерді жөндеу бойынша жоспардан кешігу Саран, Теміртау қалаларында, Ақтоғай ауданындағы жұмыстарда көрініс тапқан. Сонымен қатар, кейбір қала, аудандардың әлеуметтік-мәдениет нысандары қысқа әзір еместігі анықталған. «Жасалған сараптаматалдау негізінде жылу беру маусымына ең төменгі дайындық Ақтоғай ауданында» дейді басқарма басшысы. Сондықтан, жоспардан кешігіп отырған өңірлерге жұмысты ширату жөнінде тапсырма беру туралы ұсыныс айтылды.

Ал, көмірмен қамтылуға келсек, бүгінгі таңда әлеуметтік-мәдени нысандарға көмірдің жеткізілуі 80 пайыздан астам көлемді құрап отыр. Дегенмен, Қарқаралы, Жаңаарқа аудандарында белгіленген кестеден кешігу кездеседі. 

Жылу беру маусымына дайындықтың бір парасы – ол автономды жылу беру жүйесін үйлердің жертөлесінен шығару. Шет ауданының Ақадыр кентіндегі тұрғын үйдің жылу жүйесін жертөледен шығару үшін блокты 5 қазандықтың құрылысына 243 млн. теңге бөлінген. Қазіргі таңда 5 жоба бойынша құрылыс аяқталып, құрылғыларды монтаждау ісі басталмақ. Жұмыс 1 қазанда аяқталады деп күтілуде. «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша қолға алынған шаруашылық жұмыстары да кестеге сай жүргізілуде. Сумен жабдықтау да бағдарламалар бойынша іске асуда. 

«Шұбаркөл көмір» АҚ мамандарының айтуынша, бүгінгі таңда көмірді тиеу-жөнелту жұмыстары жоспарға сай, кесте негізінде жүргізілуде. Компания көмір өндіруді биыл арттырған. Бүгінгі таңда тәулігіне 100 мың тонна көмір тиелуде. 

Облыс әкімінің орынбасары Ермағанбет Қабдулаұлы қала, аудандардағы жылу беру маусымының ұдайы бақылауда болатынын жеткізді. Орын алған олқылықтардың дереу жойылуы тиістігін атады. Сонымен қатар, тұрғындар үшін көмір бағасының негізсіз қымбаттамауы да билік бақылауында болмақ. 

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button