ЖЕР ҚОЙНАУЫНЫҢ ЫРЗЫҒЫ

Қоңыраттың қоңыр шоқысының кең қолтық қойнауы ырзық-берекеге толы. Атам заманнан бері халықтың игілігіне айналған кен қазбалары береке-ырзықтың бастауы іспеттес.

Сонау 400 метрден аса тереңдіктен тартылған кен керуенінің вагондары Балқаштағы өндіріс орнына күндіз-түні үзбей жөнелтіледі. Мұнда шихта дайындау цехына, байыту фабрикасына кен жыныстары жеткізіледі. Өңделіп, ұнтақталған шикізат содан соң мыс балқыту цехында жоғары температурада балқытылып, сары алтындай сары мысқа айналады.

Туған жер перезенттері… Олар үшін өзі өсіп-өнген орта қандай ыстық, қандай құрметті десеңізші. Мәселен, Думан Аманұлы Халықбеков Қоңырат кенішінің тумасы. Балалық шағы осында өтті. Бала кезінде қоңыр шоқыға құмарта қарап, кен тиеген ауыр составтарға қызығатын. Сол составтардың не әкетіп бара жатқанын білгісі келіп құмартатын. Арман алдамайды, мұратыңа жеткізеді, еңбек ләззатын әкеледі. Сол Думан Аманұлы бүгінде Қоңырат кенішінің  директоры. Қоңырат кенішінде осы жерде туып өскен, бірнеше нар тұлғалы жігіттер еңбек етеді. Олар кеншілер әулетінің ізгілікті істерін сабақты инедей жалғастырып келеді. Мәселен, Жомарт Сәбитұлы Омаров осы Қоңыраттың тумасы.

– Бәрі де көз алдымызда, алдыңғы толқын ағалар таң ата кеншілер ауылының солтүстігіне қарай асығыс кетіп бара жататын. Сол қызықты әрекет көрініс басымызға келді. Аға, апалар жолын жалғастырып, енді олардың ұрпақтары кенішке қарай ағылады. Халық ырзығы үшін атқаратын қыруар істер күтіп тұр. Кенші болу мәртебелі мамандық,– деген-тін бір жолыққанда Думан Халықбеков.

Кеніш директоры Думан Халықбековтің мамандығы тау-кен инженері екен. Ол да өзінің әулет соқпағын жалғастырушы. Әкесі Аман ақсақал да кеніште еңбек еткен. Ал, өз ісінің шебері Жомарт Сәбитұлы Омаров болса өндірістің барлық сатысынан өтті. Эксковатор машинисі Кәрім Сәрсекеев нағыз еңбек торысы. Өз ісінің қыр-сырын жете меңгерген маман. Еңбек жолын қатардағы жөндеушіден бастаған-тын. Уақыт өте келе эксковатор машинисінің көмекшілігіне ауысты. Кейде уақыттың төрелігіне жүгінеміз, сөйтіп, есейгенімізді де байқамай қаламыз. Бұл күнде Кәрім Сәрсекеев «ЭКГ-10» алып эксковатордың машинисі. Жер қойнауынан ырзық әкелетін де осы алып машина. Оның әріптесі Ержан Тұрлыбеков те озат кеншілердің бірі. Өндіріс қашан да қарбалас. Алып кен қазынасы тұнып жатқан шұңқырдан тәулігіне 5 мың тонна шикізат комбинатқа қарай жөнелтіледі. Эксковатор машинистерінің де өз қағидасы бар. Еңбек тәртібін қатаң сақтау керек. Тіпті, физика заңдарына бағынуға тура келеді. Электротехниканы жете меңгере отырып, кен тиеу жұмыстарында апатқа жол бермеу керек. Өндірістік апаттың алдын алу іскерлікке, өз кәсібін жете меңгеруге тікелей байланысты.Кеніштегі Бекжан Махметжанұлы Қобдиқов жөнінде де жылы лебіз естідік. Ол 25 жылдан бері осы салада еңбек етіп келеді. Ашық кен өндіру ісінің маманы. Бүгінде тау-кен учаскесінің өндіріс шебері. Сондай-ақ, Қасен Макин, Серғазы Узалин, Ерлан Мұқашев, Дәулетбек Айнабеков, Сейфолла Узалин, Владислав Афанасьевич Югай, Лев Ильич Борисенко, Александр Поддубный, Ғалым Хамитов, Станислав Ворошкевич секілді өндіріс шеберлері жер қойнауынан шикізат алуда белсенділік танытып, алдыңғы қатардан көрініп жүр. Бұлардың мамандығы сан салалы, бірақ, мақсаттары ортақ.

Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ

БАЛҚАШ қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.