"Білгенге маржан"

Жазушы

   Таяуда әйгілі әдебиетші, сұңғыла тарихшы, пәрменді публицист Тұрсын Жұртбайдың «Жұлдыз» журналынан «Бейнет сусыны» деген мақаласын оқыдым. Тұщындым. Қаламгер бейнетін, шабытты шағын әлем және қазақ жазушыларының мысалдарымен әдемі әдіптепті. Тұрсекеңмен сонау ҚазМУ-дан бері дос-жар болған соң шығармасын пайдаландым. Авторын айтып отырған соң жиендігім жоқ.

♦ ♦ ♦

Отыз жасында математикадан докторлық қорғаған, әлем таныған академик Асқар Жұмаділдаев бойын өлең буғанда шығара алмай жүрген есебін қағып тастайды екен. Есеп шығарарда домбыра шертіп, өлең жазып «жынын» (шабытын) шақырады дейді. Ал, А.Эйнштейн салыстырмалы теориясында скрипканың үлесі барын мойындаған.

♦ ♦ ♦

Поляктың ұлы ақыны Адам Мицкевич үш-төрт жыл ғана шабыттанған «Пан Тадеуш» балладасын алаңда ел алдында суырып салып флейтаға қосылып шығарған. Дастан біткенде ақын шашы ағарып, талып түсіпті. Содан кейін өмірін саясатқа, халқына азаттық алуға арнаған. Таңды таңға ұрып, суырып салатын қазақ ақындары шын мәнінде мықты екен.

♦ ♦ ♦

Шиллер аяғын суық суға малып, Бальзак – тасқа жалаңаяқ отырып, Пруст – духи иіскеп, Руссо – басын күнге қыздырып отырып жазған. Гете ит жетектеген, көзілдірік таққан адам көрсе, жазу столына отырмаған.

Мұхтар Әуезов шығармаларын диктовка жасар алдында жарты сағаттай ән, күй тыңдаған. Жазу уақытын радиодан берілетін концертке орайластырған. Ғабит Мүсірепов жазар алдында қорабы толы қарындаштарды ұштайды екен. Егер қарындаштарының бірінің ұшы сынып немесе көңіліндегідей ұшталмаса, жазу столынан тұрып кететін көрінеді.

♦ ♦ ♦

Француз жазушысы Жорж Перек француз тілінде ең көп қолданылатын «е» деген әріпсіз роман жазып шыққан. Француз тілінің байлығын көрсетем десе керек. Жүсіпбек Аймауытовты үлгі тұтқан Ғабит Мүсірепов: «Мен әдебиетке қадам басып, қалам тартқаннан бері етістікке соғыс жариялаумен келемін. Бірақ, бір де бір рет жеңіске жеткемін жоқ» – депті. Ғабеңді зерттеушілер шебер қаламгер шындығында «еді, болды, қылды, жасады, етті» деген етістіктерді өте сирек қолданатынын айтады. «Абай жолының кейбір тарауларын жай құрмалас сөйлеммен аударған Николай Ановқа Мұхтар Әуезов: «Мен шолтаң қаққан, тақ-тұқ еткен шолақ сөйлемдерді жек көрем. Менің стилім – Тургеневтің стилі емес, күрделі сөйлемдерге құрылған Бальзактың стилі. Ол менің көркем ойлау жүйем. Шолтаңдатпай аудар», – деп налып, хат жазыпты. Ал Ғабит Мүсірепов: «Ащы ішектей шұбатылған сөйлем мен етістік менің жауым», – деген. Екі алыптың қасиетті сөзге деген екі түрлі көзқарасы бар. Екеуі де дұрыс.

«Қысқалық – таланттың қарындасы» дейтін А.Чехов әңгімелерінің алғашқы абзацын сызып тастайды екен. Біздің бірінші сөз, бірінші сөйлем, бірінші абзац бәрін шешеді дегеніміз әшейін бе? Әр суреткердің өз машығы бар деген осы шығар.

♦ ♦ ♦

Қазақта сөздік қоры ең бай жазушы Мұхтар Әуезов. «Абай жолының» сөздік қоры шамамен 20 мыңға жуық дейді. Ал, бүкіл шығармаларындағы санын есептесе, Виктор Гюгомен иық тіресетін көрінеді.

♦ ♦ ♦

Бальзактың «Адамзат комедиясында» 5 мың адам болса, М.Әуезовтің «Абай жолында» 5 200-ден астам кейіпкер бар. Олар тыныш отыра ма? Айтысады-тартысады, сүйіседі-ажырасады, өледі-тіріледі. Осыншама кейіпкерді жусатып, өргізетін жазушы еңбегі шын мәнінде азап қой.

Маржан терген

Мағаш СЛАНБЕКҰЛЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button