Жастар мәселесі — басты назарда

Аудан жастарының хал-ахуалымен танысу мақсатында аудан әкімдігі жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Отырысқа төрағалық еткен аудан әкімі Халел Мақсұтов жастар саясатын жүзеге асырудың бағыттарына тоқталып, белсенді жастарды аянбай еңбек етуге шақырды. Табысты еңбек ету үшін түрлі бағдарламалардың қолға алынып, белсенді жастардың мүмкіндіктерін толық ашуына мүмкіндік жететіндігін де тілге тиек етті.

Отырыс аясында жас отбасылардың ажырасуының алдын-алу, білім саласындағы дарынды жастарды анықтау бағытында атқарылған жұмыстар мен оларды қолдау шаралары, Шарықты ауылдық округіндегі жастар саясатының жүзеге асырылуы, жастар ісі жөніндегі кеңесінің 2019 жылғы отырыс хат тамаларының орындалысы және 2020 жылғы жоспары қаралды. Күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде аудан әкімі аппаратының басшысы Нұрлыбек Ілдебаев, аудандық білім бөлімінің әдіскері Қайрат Мүсілімов, Шарықты ауылдық округінің әкімі Абзал Нөгербеков, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Дулат Халел баяндама жасады.

Толағай табыстар мен жетістікке жеткен жастар бар. Алайда, неке мәселесі көңіл көншітпейді. Мәселен, аудан бойынша 2018 жылы 158 неке тіркелсе, оның 57-і бұзылған. Ал, биыл 113 некенің 49-ы бұзылған.

Дарынды, қабілетті балаларды анықтау, ғылыми зерттеуге қызығушылығын қалыптастыру, шығармашылық қабілеттерін таныту, жеке тұлғаларды тәрбиелеу жұмыста рын жүргізу және интеллектуалдық дамуына жағдай жасау мақсатында аудандық білім бөлімі арнайы жоспар дайындаған. Алғырлығы және білімімен, талантымен жүлделі орындардан көрініп, ауданның абыройын көтеріп жүрген оқушылар көп. Соңғы екі жылда білім және ғылым министрлігінің тарапынан өткізілетін және ЖОО мен интернет порталдар арқылы ұйымдастырылған ғылыми жоба, ғылыми-практикалық конференцияларда 267, пәндік олимпиадаларда 176 оқушы жеңімпаз атанған.

Сондай-ақ, биылғы 10 айдың есебі бойынша ауданда 414 жұмыссыз жас ретінде тіркелсе, олардың 305-і мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылған. «Еңбек» бағдарламасының «Бағдарламаға қатысушыларды қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз етудің» 1-ші бағыты бойынша кәсіптік оқуға 22 жас жолдама алған. Кәсіпкерлікпен айналысу үшін 31 жасқа несие берілген. Бағдарламаның «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу арқылы еңбек нарығын дамыту және еңбек ресурстарының ұтқырлығы» аталған 3-ші бағыты бойынша әлеуметтік жұмыс орындарына 7 жас, ақылы қоғамдық жұмысқа 93 жас жолданған екен. Жалпы, есепті мерзім ішінде уақытша, маусымдық және тұрақты жұмысқа орналасқандардың жалпы саны – 223. «Бастау бизнес» бағдарламасымен 156 адам, жастар практикасымен 38 адам қамтылған. Мемлекеттік грант иегерлері – 87, аудан әкімінің грантын 5 тұрғын иеленді.

Сағыныш ӘБІЛ