Руханият

Жас қанат қанат қақты

Жуырда Кеншілер мәдениет сарайында Жастар жылына арналған жас орындаушылар мен шоу-бағдарламаларды жүргізушілердің «Жас қанат» XXIII облыстық байқауы өтті. Ұйымдастырушы – Қарағанды облысының Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы.

Биылғы жылы Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің басшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Ыдырысов бастаған қазылар алқасының құрамында «SUPER STAR kz» әнші, композитор Роман Ким, әнші Адам, Мәскеу мен Санкт-Петербургтегі Халықаралық жетекші конкурстардың жеңімпазы Марат Оспанов, «Жас Қанат – 2009» конкурсының лауреаты Полина Штыкова, Халықаралық және республикалық байқаулардын лауреаты Думан Баймағамбетов пен «Жас канат – 2017» облыстық байқауының жеңімпазы Жасо Сланбеков болды.

Қарағанды аспанын думанға бөлеген ән байқауы өте тартысты өтті. Екі кезең қорытындысы бойынша облыстың аудандары мен қалаларынан келген өнерпаздардың арасынан жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар анықталды.

Қазылар алқасы мүшелері мен өткен жылдардағы байқау лауреаттарының және биылғы «Жас қанат» қатысушыларының қатысуымен Гала-концерт өтті. Кеншілер мәдениет сарайының сахнасында Адам, Роман Ким, Юлия Штыкова, Думан Баймағамбетов және «Top band» және «Үш Жүз» топтары өнер көрсетіп, елге ерекше көңіл-күй сыйлады. Осы дүбірлі кеште жүлдегерлерді салтанатты марапаттау рәсімі өткізілді.

Қорытынды бойынша қазылар алқасы ешкімге Гран При жүлдесін бермей, оны конкурстың әр номинациясынан екі І орын иегеріне бөліп беру туралы туралы шешім қабылдады.

«Эстрадалық вокал» номинациясы бойынша І орын – Кәмила Әбенова (ҚЭУ) мен Айдар Төлеевке (ҚММУ) бұйырса, ІІ орынды – Жанасыл Жомарт (Бұқар Жырау ауданы) пен Сұлтан Молдабеков (Қарағанды қаласы) жеңіп алды. ІІІ орынды – Мәдина Сванқұлова (Тәттімбет атындағы өнер колледжі), Олжас Түсіпбеков (ҚарМУ) және Жанна Ысқақова (Абай қаласы) өзара бөлісті. «Көрермендер көзайымы» номинациясын Динара Әбдіқадырова (ҚарМУ) иеленді.

«Шоу-бағдарламаларды жүргізушілер» номинациясы бойынша І орынды – Динара Исаева (Теміртау қ.) мен Ерік Нұрманбаев (Қарағанды қ) жеңіп алса, ІІ орынға – Темірлан Жартыбаев (ҚарМУ), Абрар Айтметов (ҚЭУ) жайғасты. Ал, Амин Худоиев (ҚЭУ) пен Дарын Амандықов (ҚММУ) ІІІ орынды місе тұтты.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button