«Жан көрмейтін мекендерге ала кет…»

Әдеби ортаға жаңа таныла бастаған Ақерке ӘБДІКӘРІМОВАНЫҢ бір топ өлеңдері келіп түсіпті редакциямызға. Өлең өлкесіне енді қадам басқан жас талаптың мына бір туындысы қалыптасып қалған ақынның қолтаңбасына келіңкірейді. Ой мен сезім қабысып, өзінше өрнегімен поэзия патшалығына беттеп тұр! Оны өзі де білмеуі мүмкін!
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті филология факультетінің 3
курс студенті Ақеркеге (1998 жылғы) енді өзін жоғалтып алмай, бұдан да биіктерге құлаш сермеу міндет деп білеміз.

Сезімді айтсам болмас, сірә, ұятты,

Рас, өзімді бір тәкаппар, өр дер ем.

Мендік жүрек Антарктида сияқты,

Жан баласы әлі зерттеп көрмеген.

Тәңір өзі қойса егер таныс қып,

Менің ішкі сарайымды кезер ең.

Ал, сезімім Африкадан да ыстық,

Жақындасаң күйгеніңді сезер ең.

Ешкім қатсын деп мұз әкеп қоймаған,

Лауласын деп отын ешкім жақпаған.

Бірде еріп тасысам деп ойланам,

Бірде мұздап кетуге де шақ қалам.

Құрлықтардың арасынан шығып ап,

Мұхит болып төгілмесем жарар ед(і).

Әй, ақ бұлттар, жүрегімді жұлып ап,

Жан көрмейтін мекендерге ала кет!