Бас тақырыпРесми

Жаңғырған холдингте – жаңа басшы

Облыстың басты қос басылымы бір медиа-холдингке бірікті. Енді, облыстық «Ortalyq Qazaqstan» және «Индустриальная Караганда» газеттері «Saryarqa aqparat» ЖШС құрамында жарық көреді. Кеше облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВ қайта жаңғырған серіктестіктің жаңа басшысын таныстырды. Аталған лауазымға бұған дейін «Облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясы» ЖШС Директоры-Бас редакторы қызметін атқарып келген Қамбар АХМЕТОВ тағайындалды.

Суретті түсірген Руслан Қалиев

Облыс әкімдігінің ұйғарымымен облыстың екі бас басылымы – «Ortalyq Qazaqstan» және «Индустриальная Караганда» газеттерін бір медиа-холдингке біріктіру туралы шешім қабылданды. Бұл қадамға біз бүгінгі уақыт талабынан барып отырмыз. Қазір үй ішінен үй тігетін заман емес. Керісінше, ортақ мақсатқа осылайша күш біріктіре отырып қол жеткізуіміз қажет деп санаймын, – деді жиынды ашқан Абзал Нүкенұлы.

Қос газет редакциясынан бөлек, медиа-холдинг құрамында Талдау және болжау орталығы, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі, «Life 09» интернет порталы жұмыс істейді
Облыс әкімінің орынбасары холдинг құрамына енген ұжымдар жұмысын ерекше атап өтті. Талдау және болжау орталығының зерттеулерінің нәтижесі күнделікті жұмыс барысында үлкен сұранысқа ие екенін айтты. Сонымен қатар, «Life 09» ресурсының да жұмысына тиісті баға берді. Ендігі міндет – бұл ұжымдардың қайта жаңғырған холдинг сапындағы қызметін жандандыру. Абзал Нүкенұлы бұл бағытта Қамбар Ахметовке үлкен міндет жүктеліп отырғанын жеткізді.
Өз сөзінде Қамбар Жұмағалиұлы облыс басшылығы тарапынан білдірілген сенімді ақтауға бар шығармашылық жігерін жұмсайтынын жеткізді.
Әрине, облыс басшылығының осындай үлкен міндетті жүктеп отырғанына ризашылығым шексіз. Бұл мақсатта осы уақытқа дейін жинақтаған барлық білімім мен тәжірибемді жұмсайтын боламын. Жұмыс аз емес. Біз бұл жұмысты бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып еңсереміз деп ойлаймын, – деді Қамбар Жұмағалиұлы.
Екі газетті бір серіктестікке біріктіру туралы шешімді қос басылымның редакциясы түсіністікпен қабылдады. Атап өтері, аталған басылымдар оқырманға бұрынғы атауларымен жол тарта береді.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ,
«Орталық Қазақстан»


Қамбар Жұмағалиұлы АХМЕТОВ 1978 жылы Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында туған. Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ түлегі.
Журналистика саласындағы қызметін қалалық «Балқаш өңірі» газетінде бастаған.
2004-2006 жылдары облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде тілші болды. Кейін облыстық «Балқантау» газетінде жұмыс істеді.
2005-2008 жылдары «Қазақстан баспасөз клубына» Қарағанды облысы атынан мүше болды.
2007-2014 жылдары республикалық «Айқын» газетінің тілшісі болды.
Әр жылдары Baq.kz ақпараттық порталын, «Қазақстан» РТРК» АҚ интернет-жоблар бөлімін, Nur Otan партиясы «Электронды партия» интернет-ресурсының медиа-редакциясын басқарды.
2016 жылы ҚР Ақпарат және коммуникация министрінің кеңесшісі болды.
2018-2019 жылдары республикалық «Егемен Қазақстан» газеті Бас редакторының орынбасары болды.
2019 жылдың қаңтар айынан «Облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясы» ЖШС Директоры-Бас редакторы қызметін атқарды.
ҚР Президентінің Алғыс хатымен марапатталған. ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігі «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері.

Басқа материалдар

Back to top button