Тұлға

Жақсының жолы

Жазиралы Жаңаарқа – ұлт руханиятына небір шешендер мен көсемдерді сыйлаған киелі топырақ. Қасиетті Иманақтың бауырынан Сәкен ақбоз атының дүбірі естіліп, Сарысудан ескен самал Сайдалы Сары Тоқаның күйі болып маңдайыңды өбеді. Манақаны бойлай өскен талқұрақ Байдалы би шапанының етегіндей желбіреп, Қараағаштың орманы Шоңның терең ойларындай тұтасып, Төлебай салдың төрелік сөзіндей тербеледі. Аталық Нияз батырдың айбары Иманаққа ұя салып, Байғозының рухы Ақтаудағы Даратқа қонақтап, Алаш абызы Ақселеудің биік парасаты «Қарауылтөбеде» патшалық құрған. Міне, бүгінде рухқа айналған осындай ұлылар көшінің жуан ортасында менің ұстазым, абзал болмысты аға, кісілік келбеті кемел Ғабдолла Құлқыбаевтың шоқтығы дара көрінеді.

Сурет автордан

Өмірдің мәні – қанағатта. Өз ғұмырының белгілі бір кезеңінде пенде баласының жан дүниесін қанағат сезіміне бөлейтін игіліктер болады. Оны дер уағында аңғарудың өзі – баға жетпес бақыт. Аңғармасаң, адасуың кәдік.
Оңашада ой – серік. Түнеу күні ойланып отырсам, біз де қырықтың қамалын қақыратып, елу деген еңселі ауылға қарай иек артқан екенбіз. Тағдырымыздың жолын ел қатарлы шиырладық. Көптен озып, көштен қалып көрген жоқпыз. Қабілетімізге қарай қанат сермеп, бақытымызға орай, бағытымызды дұрыстадық. Осындай сәтте мен қанағат қазығына ат шалдырдым. Әуелі Алланың несібеме бұйыртқан бақыты шығар, екінші ата-ана тәрбиесімен бой түзеп, ой салмақтауда сергек болдық. Ал, кәсіби тұрғыдан азды-көпті абыройға кенелсем, ол – ұстазым, академик Ғабдолла Әбдіқожаұлының арқасы. Иә, мен ұстазға жарыдым. Бұл – менің бақытқа бастар соқпағымдағы алғашқы қанағатым. Қанағат қанат бітірді.
Жеке өмірімде мәңгілік сағынышыма айналған нар тұлғалы Ғабдолла ағамның иесіз қалған тұғыры жүрек сыздатады. Дулы кештерде бәтуасыз әңгіме тыңдап, есер әннен ес тандырып қайтып жүрміз. Ал, сол кеште менің Ғабдолла ағам болса, көшелі сөздің тізгінін көсемдікпен ұстап, әннің інжу-маржанын төгілдіріп тұрар еді. Ғабекең мамандығы дәрігер-ғалым бола тұра, ұлт руханиятының қызғыш құсы болатын. «Сөз арасы бөтен сөзбен былғанса», Абай атасының аманатына қиянат жасалғандай, күйіп-пісетіні бар. Ғылым жолындағы «инемен құдық қазғандай» бейнеттен шаршап кеткен шағында ән айтып демалатыны ұзақ қашықтыққа шауып келген тұлпардың тыныс алғанындай әсер етуші еді.
Ғылымға адал болды. Әйтпесе, ғұлама ғалым Ебіней Бөкетовке іні бола ма?! Қазақтың тарихын терең білетін. Әйтпесе, Алаштың ақылманы Ақселеуге дос бола ма?! Бойы қалай асқақ болса, ән орындағандағы даусы да алты қырды асып, шартарапты шарлап кетуші еді. Әйтпесе, қазақтың Қайраты (Байбосынов) мен Бекболатына (Тілеуханов) аға бола ма?!
Осындай боямасыз болмысымен көш бастап, Сәтбаевтың көзіндей, Бөкетовтің өзіндей болып, Қарағанды ғылымына орасан олжа салды. Қарағанды ғылымына олжа салып қана қойған жоқ, Әлем назарын Арқа төсіндегі алып қалаға аудартты. Бір кездері «Где? Где? В Караганде!» деген әжуа тіркес қалыптасып, алты құрлық Қарағандыға азап лагері деп қана үреймен қараушы еді. Бөкетов бастаған интеллегенция көші адамзаттың Қарағандыға деген көзқарасына түбегейлі төңкеріс жасады. Сол көштің де алғашқы легінде Ғабекеңнің ғибраты жүрді.
Міне, мен де осы керуеннің соңынан еріп, ағалар салған сара жолды таңдағаным үшін өзімді шексіз бақытты санаймын. Оның үстіне, Ғабекең екеуміз – бір топырақтың төліміз. Бірақ, Ғабеңнің жаратылысында жершілдік, рушылдық деген сананы езгіге салып, даланы құлазытатын, дананы адастыратын жиіркенішті ғадет болмайтын. Ғылымға адалмын десең, Ғабекеңе жағасың. Адами болмысыңды кіршіксіз таза ұстасаң, сөз түсініп, жөн сөйлей білсең, Ғабекеңе рухани іні болып шығасың.
Еңбек гигиенасы деген соны термин маған Ғабдолла ағаның екінші есіміндей әсер етуші еді.
Неге? Физиология және еңбек гигиенасы ғылыми-зерттеу институтын ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар Ұлттық орталығына айналдыруда Ғабеңнің есепсіз тамған маңдай тері бар. Жүйкеге салмақ түсіріп, жүрекке ауыр жүк арта жүріп мақсатына жетті. Осы шаңырақтың астында «Құлқыбаев мектебі» деген мектеп қалыптасты. «Кәсіби аурулар» мәселесі әлеуметтік салдары орасан проблема болып, күн тәртібіне шыққан кез. Қарағанды өндірісті өңір болғандықтан, шыңырауда шаң жұтып, қолқасын қоқыс қоймасына айналдырған кеншілердің өмірі барған сайын қысқара түсті. Міне, осы мәселеге біздің Ғабекең Үкімет назарын дер шағында аудартып, өзекті деген мәселенің өзегіне қол салып, ота жасағандай болған-ды. Қоғамның өзегіне жегі құрттай жабысқан осы бір кеселге жасалған Құлқыбаев отасы сәтті шығып, өндіріс саласындағы еңбеккерлердің орташа өмір сүру жасы артты. Әртүрлі халықаралық қауымдастықтар құрамына кіру үшін қойылатын талаптың бастысы – халықтық өмір сүру жасы екен. Ендеше, Ғабдолла Әбдіқожаұлы Жаңаарқада туып, Қарағандыда тұрып, Қазақстанды Әлем елдерінің алдыңғы қатарынан көрсетуге көшелі еңбек сіңірді.
Абырой, марапаттан да кенде болған жоқ. ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қарағанды қаласының Құрметті азаматы, қаншама Халықаралық симпозиумдардың сертификат, дипломдары… Осының барлығынан ол қарапайым халықтың құрметін ерекше қадірлейтін. Елін елжірей сүйді. Жаңаарқасын жанындай жақсы көрді. Қарағандысын қадір тұтты, ару қала Алматыны ардақ тұтты.
«Өзекті жанға – бір өлім» дейді атам қазақ. Иә, тозбасты ұста соқпайтыны, өлместі Алла жаратпайтыны ақиқат. Ғабдолла аға өмірден ерте кетті. Өкініш, әрине. Алайда, таңертең өліп, есімі түстен кейін ұмытылатын талай пенде өтті ғой өмірден. Оларға қарағанда, артында ілкімді ісі, мәңгі өшпес ізі қалған Ғабдолла ағамның өмірі бір дәуірдің тынысындай екен ғой. Ол елінің жүрегінде мәңгілікке қалды. Ол – дүние тұрғанша ұмытылмайтын есімдердің қатарынан.
Ойының тереңдігі мен бойының сұңғақтығы қандай болса, Ғабекеңнің жарқын бейнесі ел жүрегінде тура солай сақталып қалды. «Шығыршығы торғай көз, жағасы – алтын, жеңі – жез» ақ сауыт киген Нияз батыр бабасы келе жатқандай демімізді ішке тартып тұрушы едік Ғабең келе жатқанда. Сол сәттер де сағынышқа айналды.
Өзі мені керемет жақын тартып, көптеген жауапты тапсырмаларын маған сеніп тапсырушы еді. Сонда маған аманат арқалатып жүр екен ғой. Аманаттың жүгі ауыр болатынын енді сезініп жүрмін. Әйтеуір, Ғабдолла Құлқыбаев сынды жайсаң жанға шәкірт болып, ізетті інісіндей қолына су құйған күндерімнің елесінде еңселі істердің, жауапты сәттердің ізі жатыр. Сол үшін де бақыттымын! Ғабең жолы – жақсының жолы. Осындай дара һәм сара жолды жұғысты еткен, Ғабекеңдей жақсымен жуыстырған тағдыр жолыма ризамын.
…Тағы да жолға дайындалып жатырмын. Алдымда – қасқа жол. Жаңаарқаға, ауылға барып қайтпақпын. Бұл жол да – жақсылардың жолы.

Сайлаубай ОНАЕВ,
шәкірті, медицина ғылымдарының докторы,
Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері.

Басқа материалдар

Back to top button