Жаңаарқада аймақтық турнир өтті

Сенбі күні Ералиев ауылында Жастар жылы аясында Жаңаарқа ауданының 90 жылдығы, Сәкен СЕЙФУЛЛИННІҢ 125 жылдығы және Социалистік Еңбек Ері Оспан ӘЛІБАЕВТІҢ туғанына 110 жыл толуын негізге ала отырып, Оспан Әлібаев атындағы орта мектебі жасөспірімдер арасында шағын футболдан жарыс өткізді.

Ашылу салтанатында Оспан Әлібаевтың ұрпақтары атынан Мәрия Әлібаева мен Қалкен Әбенов естелік айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Кезінде Карл Маркс атындағы қой кеңшарында ұзақ жыл енбек атқарған. Соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру науқаны қолға алынған кезде Әлібаев аудан бойынша ең үздік көрсеткіштерге қол жеткізген. Ол ұжымшардың жылқы шаруашылығын басқарып, бұл жұмыста да абыройлы еңбегімен көрінген, – деді Мәрия ұстаз.

Ауылымыздағы мектеп – Еңбек Ерінің атында. Міне, бүгін тағы да есімі еленуде. Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында бүгін аймақтық турнир өтіп жатыр. Ендігі, осы турнирді дәстүрге айналдырсақ деген ойымыз бар. Ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығы қарқын алып тұр. Осы орайда, спорт залымызға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қажетті спорт құралдарымен жабдықтау жоспарда бар. Соны іске асырсақ, одан болашақта жеңімпаздар шығып ауыл атын әйгілеп жатса, біз үшін үлкен абырой, – деді Ералиев ауылының әкімі Ербол Мәмбетов.

Жарыста Жаңаарқа, Жәйрем, Түгіскен елді-мекендерінен 6 команда бағын сынады. Нәтижесінде III орынды «Жаңаарқа» командасы місе тұтса, II орынды «Жәйрем» командасы иеленді. Ал, жеңіс тұғырынан «Ералиев» командасы көрінді. Сондай-ақ, «Үздік ойыншы» атағына Мағжан Аманбай, Бекболат Сарымсақов және Сұңқар Әбетбай, «Үздік қақпашы» атағына Бекарыс Әбішев ие болды. «Үздік қорғаушы» атағын Жағдай Қосар еншіледі.

Мектеп директоры Досбол Әлі шараның зор деңгейде өтуіне атсалысқан дене тәрбие пәнінің мұғалімдері Сапы Мәмбетов, Мұрат Смағұлов пен Жомарт Нығызбаевқа және турнирге демеушілік танытқан ауыл азаматтары Оңласын Қожамұратов пен Малдыбай Қадірбаевқа алғыс білдірді.

Қасымхан ҒАЛЫМ,

«Qrtalyq Qazaqstan»