Бас тақырыпРесми

Жаңа технология экологияны жақсартады

Теміртау көк түтінге тұншығып тұр. Ауаның ластанғаны соншалық, ақ қардың өзі әп-сәтте қара түске боялып шыға келеді. Жергілікті тұрғындар күкірттің күлімсі иісіне үйреніп алған. Басқа амалдары да жоқ. Қоршаған ортаны ластап, табиғатқа зиян келтіріп тұрған компания теміртаулықтардың басым бөлігін жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. «Былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледінің» кебі. Енді қайтпек керек? Құрыш қаланың экологиялық ахуалын жақсарту үшін не істеу керек?

Қала тұрғындарын алаңдатқан мәселе Парламент Мәжілісінің Экология және табиғатты пайдалану комитетінің көшпелі отырысында қарастырылды. Жиынға Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, облыс әкімінің орынбасары Серік Шайдаров, Мәжіліс депутаттары, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ өкілдері және экологтар қатысты.

  • Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылдың қыркүйек айында Қарағанды облысына келген жұмыс сапарында аймақтың экологиясын жақсарту шараларын қабылдауды тапсырған болатын. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында тұрғындар тұрмысына барынша қолайлы жағдай жасауды және өнеркәсіпке экологиялық таза технологияларды енгізуді міндеттеді. «АрселорМиттал Теміртау» – қала экологиясын ластап отырған бірден-бір кәсіпорын. Компания табиғатқа зияны аз заманауи технологияға көшуі және қоршаған ортаны қалпына келтіруі керек, – деді Парламент Мәжілісінің Экология және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы Глеб Щегельский.

Қарағанды облысының әкімдігі Елбасы тапсырмасын орындау аясында облыстың экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған кешенді жоспар әзірлеген. Оның орындалу барысын облыс әкімінің орынбасары Серік Шайдаров айтып берді.

  • Қарағандының өндірістік әлеуеті жылдан жылға артып келеді. Өкінішке қарай, мұның экологияға тигізетін техногендік әсері де бар. Ауаға бір жылда 590 мың тоннадан астам зиянды қалдықтар шығарылады. Аймақ экологиясын жақсарту мақсатында Энергетика министрлігімен бірлесе отырып, кешенді жоспар әзірленді, Қазақстанның экологиялық ассоциацияларымен әріптестік туралы меморандумға қол қойылды және облыс әкімінің төрағалығымен қоршаған ортаны қорғау кеңесі құрылды. Оның құрамына тәуелсіз экологтар, ірі өндірістік кәсіпорын өкілдері, ғалымдар, қоғам белсенділері және БАҚ өкілдері енді. 2023 жылға дейін экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған кешенді жоспарды жүзеге асыруға 121 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінеді. Қалалардың дендрологиялық жобасы жасалып, жыл сайын 20 мыңға жуық ағаш көшеттері отырғызылады, – деді Серік Шайдаров.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, облыс бойынша зиянды қалдықтардың 25%-ы және Теміртау қаласындағы зиянды қалдықтардың 83%-ы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына тиесілі.

Өз кезегінде «АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Вадим Басин компания тарапынан қоршаған ортаға шығарылатын зиянды қалдықтар көлемін барынша азайтуға бағытталған кешенді шаралардың қабылданғанын жеткізді. Атап айтқанда, Ескі қаладағы сортты таптама цехы және әбден ескірген мартен пештері қолданыстан шығарылып, олардың орнын заманауи технологиямен жабдықталған цехтар басқан. Сондай-ақ, зауыт мұржаларына шаң-тозаң мен зиянды қалдықтардың атмосфераға шығарылуына тосқауыл болатын сүзгілер орнатылған. Әйтсе де, министр Мағзұм Мырзағалиевтің пайымдауынша, бұл жұмыстар тиімді нәтиже көрсетпей отыр.

  • «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы соңғы алты жылда құны 11 млрд. теңге көлеміндегі қоршаған ортаны қорғау шараларын қабылдады. Бұл – өте үлкен сомма. Бірақ, тиімділігін көрмей отырмыз. Өйткені осынша қаржы жұмсалғанына қарамастан, зиянды қалдықтар көлемі небәрі 13,5 мың тоннаға азайған. Бұл жалпы көлемнің 6,5%-ы ғана. Сондықтан да, атмосфераны ластаушы зиянды қалдықтар көлемін қысқарту тұжырымдамасын қайта қарау қажет, – дейді министр Мағзұм Мырзағалиев.

Жиын барысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ 2023 жылға дейін эмиссия көлемін 30%-ға төмендету туралы келісіп, өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойды.

Келісім бойынша, компания атмосфераға шығарылатын қалдықтар көлемін барынша азайтады. Ол үшін өндірісте қоршаған ортаға зияны аз, экологиялық таза жаңа технологияларды қолдануы тиіс. Сондай-ақ, Теміртаудың аумағына 500 мың түп ағаш отырғызып, қаланы жасыл желекпен көмкерулері қажет. Бұл қаланың ауасын тазартып, экологиялық ахуалды барынша жақсартары анық.

Жиын аяқталған соң халық қалаулылары «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына тиесілі металлургиялық комбинатқа барып, өндіріс барысымен танысты.

Басқа материалдар

Back to top button