Жаңалықтар

Жаңа оқу жылына – жаңа мектеп

Кешегі күні жүздеген мектеп – кеме желкенін керіп, білім – теңізге шықты. Білімнің маржаны мен арзаны бәсекеге түскен қазіргі қоғамда мектептер мен ондағы ұстаз қауымға жүктелген міндет – ауқымды. Елдің болашағына жауапты мамандық иелерінің еңбегі оқушыларының ой жарысында озық болуымен өлшенеді. Ал, аймақтың 509 мектебінде мыңдаған ұстаз 139 мың шәкіртті білім бұлағымен сусындатып, бәсекеге қабілетті қылуға білек сыбана кіріспек. Ал, алғаш мектеп табалдырығын аттаған балдырғандар саны 25 мыңды құрайды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Биылғы оқу жылында 8 мың түлек қанат қағады. Бұған қоса, жаңа оқу жылында оқушылар бірнеше су жаңа мектептің табалдырығын аттады. Қарағанды, Теміртау қаласында екі мектеп ашылды. Ал, аймақ басшысы Ерлан Қошанов Осакаров кентіндегі тірек мектеп оқушылары мен педагогтерін, облыстың барлық оқушыларын, мұғалімдерін жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.


Сіздердің міндеттеріңіз – жақсы оқу. Ал, мемлекет балалық шақтарыңыз бақытты және әсерлі болу үшін бәрін жасайды. Бүгінде бұл үшін барлық жұмыс түрлері жұмылдырылған. Одан әрі білімін жалғастырғысы келетіндер үшін білім гранттары бөлінеді. Жұмысқа орналасқысы келетіндерге жұмыс орындары құрылады. Биылғы жылы облыс бойынша 33 мың бос жұмыс орны құрылды, оның 900-і Осакаров ауданында, – деді Ерлан Қошанов салтанатты жиында. Ұстаздар қауымының ерен еңбек жолына жеміс тіледі.
Аймақта білім саласына баса ден қойылғанын да тілге тиек етті Ерлан Жақанұлы. Мәселен, өңірде 186 білім беру ұйымы жөндеуден өтті. Бюджет есебінен білім берудің жаңартылған мазмұны бағдарламасы бойынша 4, 9, 10 сынып оқушылары жүз пайыз оқулықтармен қамтамасыз етілді.
Бұдан бөлек, уақыт талабына сай мектеппен қамту жайы назарда. Атап айтсақ, облыс аумағында тағы үш жаңа мектеп құрылысы қарқынды. Олар – Қарағанды, Жезқазған және Ұлытау ауданының Бетбұлақ ауылында. Сонымен қатар, балабақша мен екі қосымша білім беру ұйымы ашылды
Салтанатты жиыннан кейін Ерлан Қошанов тірек мектептегі жұмыс барысымен танысты. Мұнда 689 адам оқиды, 87 мұғалім еңбек етеді. Оқыту қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Мектепке дейінгі сыныптар да бар. Пәндік кабинеттер жаңа модификациямен жабдықталған. Мәжіліс және спорт залдары барлық қажеттіліктермен толықтай қамтылып отыр.
Сандық білім беру ресурстарын пайдалану бойынша Осакаров мектебі еліміздің алғашқы ондығына енді. Биылғы жылы облыстық бюджет есебінен мектеп үшін Stem smart panel – 3D панелі сатып алынды. Қарағанды облысында барлығы 19 тірек мектеп (ресурстық орталық) жұмыс істейді.

***

Білім күні Қарағанды мектебінің қатары «сыры кеппеген» су жаңа бір мектеппен тағы толықты. №103 жаңа мектеп-лицейі ретінде айдарланған білім ошағы «Панель-орталық» шағын ауданында орналасқан. 1200 оқушыға арналған мектеп қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігі мектептеріндегі оқушы тығыздығын сейілтеді деп күтілуде.
Бүгінгі таңда жаңа мектепте 32 сынып жасақталды. Оның 20сы қазақ, 12-сі орыс тілінде. Мұғалімдермен қамтылуы да толық.
Бүгін Білім күні мерекесінде біз «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша салынған жаңа мектепті ашудамыз. Бұл оқу орнының тарихы Жастар жылында басталды. Мектеп техникалық бағытта білім береді және қазіргі заманғы стандарттар бойынша жабдықталған. Модификацияланған кабинеттер, робототехника және авиамодельдеу зертханалары бар. Коворкинг орталығы және кең мәжіліс залы, асхана да балалардың игілігіне қызмет етеді. Осының барлығы сіздер өз әлеуеттеріңіз бен мүмкіндіктеріңізді жүзеге асыра алу үшін жасалуда, – деді мектепке арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Серік Шайдаров.
Серік Жаманқұлұлы мектеп директорына символдық кілт пен «Ителлектум» кабинетін сатып алуға сертификат табыс етті. Инновациялық әдістеменің арқасында оқушылар стратегиялық ойындар арқылы креативті ойлау мен математикалық қабілеттерін дамытады.
№103 мектеп-лицейдің директоры Рахат Қазтаевтың айтуынша, оқу орнында балалар жинаған ұшу аппараттарын сынайтын облыстағы жалғыз картодромалаң жабдықталған. Жас шеберлер үшін лазерлік-оймалау станогы сатып алынды. Мектеп химия-биологиялық және жаратылыстану-математикалық бағытта білім береді. Орта буын үшін қосымша 7 IT-сыныптар ашылады. Мектеп басшылығы ЖОО-мен меморандумға қол қойыпты. Сол меморандум аясында университет оқытушылары оқушыларға дәріс оқиды.
Мектептегі тағы бір жаңашылдық – ата-аналарға арналған өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы. Мектептің кіреберісінде компьютерлер орнатылған. Мұнда әркім өзіне қажетті анықтаманы алуына мүмкіндік бар.

***

Теміртауда SMART technologies облыстық мамандандырылған мектеп-лицейі ашылды. Бүгінгі таңда IT-сала танымдылыққа ие болып келеді, және де бұл бағыт анағұрлым қолжетімді бола бастады, тіпті, ауылдық мектептер үшін де. Тестілеу арқылы дарынды балаларға арналған жаңа мектепке 5-8 сыныптарда оқитын 400 оқушы қабылданды. Облыстың басқа қалалары мен аудандарынан келіп оқитын лицейліктер интернатта тұратын болады. Мұнда барлық жағдай жасалған. Оқыту үш тілде жүргізіледі: қазақ, орыс және ағылшын.

***

Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде студенттерді оқытуға арналған 7 цифрлық зертхана таныстырылды. Биылғы оқу жылында жоғары оқу орны бірінші курсқа мемлекеттік білім грантының 1 600-ден астам иегерін қабылдады. Олардың 300ден астамы республиканың басқа облыстарынан келген. ҚарМТУ-дың 12 мың студентінің қатарын Германия, Ресей, Украина, Ауғанстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа елдердің талапкерлері толықтырды. Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарының түлектері «Серпін-2050» мемлекеттік бағдарламасы бойынша грантқа ие болды.
Салтанатты жиынға ЖОО-ның белгілі түлектері – ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасының курстастары мен серіктестері қатысты. Атап айтқанда, ҚР тұңғыш Сыртқы істер министрі, саясат ғылымдарының докторы, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры, ҚарМТУ-дың Құрметті профессоры Төлеутай Сүлейменов арнайы келді. Қатысушылар жоғары оқу орнының негізін қалаушы – академик, Социалистік Еңбек Ері Әбілқас Сағыновтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Бұдан соң бірінші курс студенттері мен олардың ата-аналарын ҚарМТУ ректоры-профессор, ҚазҰҒА академигі Марат Ибатов құттықтады.
Осыдан кейін университеттің жаңа инновациялық орталықтары мен зертханаларының тұсаукесері өтті. IT-құзыреттілік орталығында құрылған 7 зертханада компания мамандары дәріс өткізбек. CISCO желілік академиясы зертxанасында студенттер, оқытушылар және өндіріс өкілдері білім алады. Олар әлемнің 168 елінде мойындалған жаңа әлемдік технологияларды меңгеріп, CCNA және CCNP сертификаттарын иеленеді.

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button