Жаңа үлгідегі емхана ашылады

Алдағы күзде Қарағандының Пришахтинск шағынауданындағы Луначарский көшесі, 1 мекен-жайында орналасқан құрылыс нысанында әйелдер мен балаларды емдейтін бірегей емхана ашылады. Осы мақсатта ескі ғимаратты жаңғырту жұмыстары жүргізілу үстінде. Алайда, жергілікті тұрғындардың медициналық мекемеге қазірден бастап тіркелу мүмкіндігі бар.

Жаңа емхана қолданысқа берілгенде әйелдерге кеңес беретін орталық пен балалар емханасы бір ғимаратта орналасатын болады. Жобаны іске асырушылар – алматылық инвесторлар.

Жаңа емханада 18 жасқа дейінгі балалар мен репродуктивті жастағы (18-49 жас аралығы) әйелдерді қабылдау жүргізіледі. Инвесторлардың айтуынша, олар осы санатқа жататын адамдарды балалар мен ересектердің өзара араласпауы үшін мақсатты негізде таңдап алған. Емдеу мекемесінде орнатылатын жабдықтар заманауи медициналық талаптарға толыққанды лайықталған. Олар – қазіргі кезең үлгісіндегі лор-құрылғысы, физиотерапевтикалық комбайн, сарапшы санатындағы қондырғы және тағы басқалары.

  • Бізде кәсіби деңгейі биік, жоғары санатты мамандар жұмыс істейтін болады. Білікті мамандар қатарын балалар дәрігері, терапевтер, тіс дәрігерлері, лор-дәрігерлер, окулистер, хирургтер, невропатологтер мен гинекологтар және басқа бағыттардағы дәрігерлер құрайды. Олар қызметке қабылдану үшін қатаң іріктеуден өтті, – дейді аталған емхана директоры Марина Матвейчук.

Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің мәлімдеуінше, инвесторлар өткен жылы ұсыныспен шығып, барлық қажетті құжаттарды ұсынған. Тиісінше, әйелдерге кеңес беретін орталық пен балалар емханасын ашу мәселесі қолдау тауып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде келісім-шарт жасалған. Ең бастысы, мемлекеттік тапсырыс аясында халыққа көрсетілетін барлық қызметтер тегін болады.

Алдын ала айқындалғандай, емхана таңғы сағат 8.00-ден кешкі 20.00-ге дейін үш ауысыммен жұмыс істеп, бір ауысымда 300 адамды қабылдайды. Жоғарыда атап өтілгендей, оған тіркелу басталып кетті. Қазіргі таңда медициналық мекеме ауласында арнайы шатыр орнатылып, тұрғындардың құжаттары қабылдануда. Тіркелу үшін жеке куәлік пен баланың туу туралы куәлігін ұсыну жеткілікті. Сонымен қатар, алдағы аптадан бастап құжаттарды 22-шағынауданы аумағындағы «Корзина» супермаркетінде де қабылдау жүргізіледі.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ.