Жаңа бастама — тың көзқарас

Хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай, Шығыс Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы «Абай мұрасы…» атты Халықаралық интернет-байқау өткізудің бастамашысы болған еді. Ж.Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасы бұл байқаудың аймақтағы үйлестірушісі болуға ынта білдіріп, on-line режимде өткен салтанатты ашылуына қатысты.

Соған орай, Қарағанды тарапынан Абай шығармаларының алғашқы және сирек басылымдары, сондай-ақ дара бітімді ақынға арналған кітаптар көрмесі дайындалды.

 Интернет-байқаудың on-line режимдегі ашылу рәсімін сонымен қатар, И.Варавва атындағы Краснодар өлкелік жасөспірімдер кітапханасы (Ресей Федерациясы), Б.Шаховский атындағы жастарға арналған Астрахан кітапханасы (Ресей Федерациясы), Могилев қаласының Янка Купала атындағы №9 кітапхана филиалы (Беларусь Республикасы), Петропавл қаласындағы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің кітапханасы және Шығыс Қазақстан облысы, Шемонаиха аудандық орталық кітапханасы қолдады.

Халықаралық интернет-байқауды ұйымдастырушылар оған қатысушылармен жұмысты жыл бойы жүргізеді. Жаңа бастама – ақын шығармаларын насихаттап, жастарды рухани құндылықтарға баулуға таптырмас мүмкіндік. Осы орайда уақыт сұранысынан туындаған бастамаға сырт елдердегі басқа да іргелі кітапханалар қызығушылық танытып отырғанын айта кету керек. Бұл Ұлы Дала данышпанының шығармаларын өзге елдегі оқырмандарға да танытып, тұлғасын биіктете түсері сөзсіз.

Жәлел ШАЛҚАР