Бас тақырып

Үздіктер марапатталды

«Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы аясында қазақ әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңмен көшіру бағытында ауқымды жұмыс жүргізілуде. Жақында 120 мыңға жуық адамды қамтыған жалпыоблыстық диктант өтті.

Диктантқа 119 мың 293 адам қатысты. Бұлардың арасында 9103 мемлекеттік қызметші, 34996 мемлекеттік қызмет ұсынатын ұйымдардың қызметкерлері, 18539 студент, 37394 оқушы және 19261 басқа да санаттағы азаматтар болды.

Диктант жазушылардың 23848-і «өте жақсы», 59637-сі «жақсы» және 35808-і «қанағаттанарлық» бағаға ие болды. Соның ішінде, студенттер (41,4%) мен мемлекеттік қызмет ұсынатын ұйымдардың қызметкерлері (33,3%) «өте жақсы» бағасы бойынша жоғары нәтиже көрсетті.

Көптеген өңірлердің бірінші басшылары, мысалы Шахтинск қаласының, Ұлытау және Қарқаралы аудандарының әкімдері жалпыоблыстық диктанттың көшін өздері бастады. Биыл мемлекеттік мекемелермен бірге «Қазақмыс» Корпорациясы ЖШС, «Фитохимия» ХҒӨХ» АҚ, «KEGOC» АҚ, «Қарағанды Су» ЖШС, «Қарағанды Жылу Сбыт» ЖШС, «Қазпошта» АҚ сынды мекемелердің де белсенді қатысқаны көңіл қуантты

Мекемелер «үздік» деген баға беріп, диктанттың қорытынды кезеңіне ұсынған мықтылар 26 қыркүйекте бақтарын сынады. Жаңа әліпбиді меңгерту бойынша сертификаттары бар әдіскерлер мен оқытушылардан құралған арнайы жұмыс тобы 200 адамның жұмысын қарап, ішінен ең үздік 28 диктантты таңдап алды. Соның ішінде Қарағанды облысының ішкі саясат басқармасының бас маманы Ұлан Омаров, Қарағанды облысының Полиция департаментіне қарасты Оңтүстік-шығыс полиция бөлімінің жетекші маманы Индира Искакова, Қарағанды облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ-нің маманы Ақерке Каримова І орынға ие болды. ІІ орынға Айым Егешова, Дарина Сәрсенбаева, Ақбота Есенгелді, Айару Бекзат, Гүлнұр Қалибекова, ІІІ орынға Айгерім Нұрмағанбетова, Толғанай Бейсенбаева, Гүлстан Оспаналина, Меруерт Аккисева, Құлпынай Жасарал, Фатима Бергенова, Аружан Алинова, Әйгерім Ажмағамбет, Бексұлтан Игілік, Мөлдір Төкен, Айгерім Оқасова, Гүлнұр Нұрғалиева, Дарина Темірханова, Сәбира Мұздыбаева, Сымбат Салмағамбетова, Әлима Серікпай, Данагүл Қожанова, Мейіргүл Жұмабаева, Анастасия Рогожина, Бекзат Киікбай лайық деп танылды.

Барлық жүлдегерлер І орын үшін 30 мың теңге, ІІ орын үшін 20 мың теңге, ІІІ орын үшін 10 мың теңге көлеміндегі сыйлыққа ие болды. Сондай-ақ, диктантқа қатысқан 200 адамның барлығы назардан тыс қалмай, белсенді азаматтық ұстанымдары үшін алғысхаттармен марапатталды. Олар бұл бастаманы келесі жылы да жалғастыру жөнінде өтініштерін білдірді.

Сонымен қатар, тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлнарайым Қаңтарбекова осы диктанттың жеңімпаздарын марапаттау шарасы аясында қарағандылық тіл жанашырларына Президент ҚасымЖомарт Тоқаевтың Алғыс хатын табыстады. Бұл марапатқа Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сүйіндік Жанысбай, өлкетанушы, ардагер журналист Аман Жанғожин, «Видергебурт» неміс мәдени орталығының төрағасы, ІІ дәрежелі «Достық» орденінің иегері Виктор Кист, «Қазақстан корейлері ассоциациясы» РҚБ филиалының жетекшісі Лилия Ким, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ қазақ тіл білімі кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Мархаба Тұрсын ие болды.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button