ӨЗ ОЙЫҢМЕН БӨЛІС

«Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер, жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды.

Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды. Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Кеше «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудың Қарағанды облысы бойынша жобалық кеңсесі «Азаматтық бастамалар күнін» өткізді. Шараға келген халықтың қарасы қалың.

«Азаматтық бастамалар күні» аясында облыс орталығы мен өңірлер тұрғындарының ұсыныстарын тыңдау және болашақта ескеру көзделген.

Зейнеткер, Қарағанды қаласының тұрғыны Тұрағұл Кәрімұлы қазақ тілін латын графикасына негізделген жазуға көшіру барысында емлені де жетілдіру ұсынысымен келді. Ақсақалдың баламалы энергия көздері мен көркі Швейцариядан еш кем емес өлкеде орын тепкен Қарқаралы қаласына кіре берісте орман ағаштарын отырғызуға қатысты жобалары да бар.

Өңірге аты мәлім өнертапқыш Қазыбек Сыздықов өзінің машина жасау, авиаөндіріс салаларына соны серпін беретін патенттелген өнертабыстары бойынша мемлекеттік сараптама өткізуді қаласа, жас кәсіпкерлер – Әйгерім Шахина мен Бота Хабибулланың «Таланттар үйі» атты тың жобасы – дарынды тұлғалардың шығармашылық қабілеттерін шыңдау жолында таптырмас қазына.

Музыкалық комедия театрының директоры Амантай Ибраев елімізде теңдесі жоқ «Қарағандының театрлық-музыкалық түндері» фестивалін және де жанрлық бағыттағы басқа да мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізуді ұсынып отыр.

Саят Балмағамбетовтің мысты өңір Жезқазған қаласында «Сарыарқа» әмбебап спорт кешенін салу бойынша дайын бизнес-жобасын, құрамына ішкі істер органдарының, білім, денсаулық сақтау салаларының, дәстүрлі діндердің өкілдері кіретін нашақорлыққа қарсы қоғамдық жұмыс тобын құру секілді тұшымды идеяларды атап өту қажет.

«Азаматтық бастамалар күнінде келушілер – үкіметтік емес ұйымдар, бюджеттік сала қызметкерлері, кәсіпкерлер, зейнеткерлер, шығармашыл адамдар, спорт мекемелері өкілдерінің өз өмірлерін және айналасын жарқын қылуға деген шынайы ниеттері қуантады», – деді өңірлік жобалық кеңсенің мүшелері.

Аталған кеңсе қызметкерлері әрбір азаматтың пікірі құнды екендігін және болашақта облыс тынысына бейжай қарамайтын жандардан тың бастамалар күтетіндерін айтады.

 

Өз тілшімізден.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.