Жаңалықтар

Қызметі көпке елеулі

Денсаулық адам үшін баға жетпес байлық. Осы байлықты қорғап, сақтауда, тәніңе шипа, жаныңа дауа болатын ақ халатты абзал жандар – дәрігерлердің еңбегі ерен. Адам жанының арашашысы, өмірдің тірегі, дауасы, жүрегі атанған дәрігерлерді қалай ұлықтап, құрметтесек те артық емес.

Отыз мыңнан аса халқы бар Қарқаралы ауданындағы тұрғындардың денсаулығын жіті қадағалап отырған абзал жандар өз ісінің білгір майталмандары. Аудандағы хирургия бөлімінде алғысқа бөленген осындай жандар қызмет жасайды. Басқа әріптестеріне қарағанда, сәт сайын өмір мен өлім арасында жанталасып жататын көмекке зәру науқастарға дер уақытында сапалы көмек көрсететін білікті ұжым бүгінде аудан халқының алғысына бөленген. Аталмыш бөлімге білікті хирург Нұрболат Баймұрынов келгеннен бері жұмыс ауқымы мен жауапкершілік артқан. Облыстағы ірі медициналық орталықтарда білімін жетілдіріп, тәжірибе жинақтап, енді туған жерге қызмет жасауға келген дәрігердің «қолы алтын» дейді жерлестері. Ауданға келгеніне бір жарым жыл ғана болса да өзінің білім біліктілігімен абыройы артқан хирург соқырішектен бастап, шұғыл хирургияны қажет ететін жарақаттарға ота жасай береді. Тек травматологиялық жарақаттарды облыс орталығына жөнелтеді.

– Мен науқастардың санына емес, емдеудің сапасына жұмыс жасаймын. Бір айда тиісті дәрежеде көмек көрсетілген науқастардың саны артып келеді. Дегенмен, біздің жұмыста жоспар жоқ. Бір аптада бірнеше адамға ота жасалатын болса, кей апталарда ота болмайды. Былтыр жалпы алғанда 250 адамға ота жасалды,– дейді, Нұрболат Мақсатұлы.

Алғаш еңбек жолын Жезқазған өңірінен бастап, кейіннен Қарағанды қаласындағы онкологиялық орталықта қызмет жасаған хирург кәсіби маман, құрметті тұлға ретінде қалыптасты. Он бес жылдан астам медицина саласында еңбек етіп, абдоминальдық хирургияны жіті меңгерген дәрігердің мамандығына деген адалдығы, өз ісіне деген жоғары жауапкершілігі, ізденімпаздығы оны абырой биігіне көтеріп, ұжымын елдің ықыласына бөледі. Операция үстелі – өмір мен өлімнің арпалысқан мекені. Алланың қалауымен олардың шипалы қолдарының арқасында науқастар жарық дүниеге қайта оралады. Дертіне дауа іздеп келген жандарға қашанда қол ұшын созуға дайын бөлімнің медбикелері – Қарлығаш Тойғанбаева, Күлпан Байбекова, Нағима Тәженова, Қымбат Ержан, Жауқазын Совет, әр науқастың көңіл күйін қадағалап, жүріп-тұруы мен санитарлық тазалығына жауапты.

– Тұрымхан Оразбаева, Әсем Нұрдильдина, Айнұр Мұқашева, Гүлбаршын Хасенова, Жанар Сәрсембекова, Әсем Мәдиева, Гүлнара Нұрымхановаларға науқастардың алғысы шексіз.

Қиналғанда көмек сұрап, ауырғанда шипа іздеп алдына барған кез келген науқасқа қолдау көрсетіп, ізетті қарым-қатынас орнатып, дертінің бетін бері қарататын дәрігерлер қауымын мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын.

Қарқаралы ауданы.

Суретте: хирургия бөлімінің дәрігерлері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button