Саран

«Worldskills Kazakhstan 2019» чемпионаты өтті

Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа мүмкіндіктер» атты Жолдауында техникалық және кәсіптік білім берудегі бағдарламаларды халықаралық талаптарға сай жаңарту қажеттігін атап өткен болатын. Осы мақсатта Абай Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлық-техникалық колледжінде аймақтық «Worldskills Kazakhstan 2019» чемпионаты өтті.

Worldskills қауымдастығына Қазақстан 2014 жылы еніп, іс-шараларына белсене қатысып келеді. Ал, облысымызда 2015 жылдан бері өткізілуде. Жастар арасында аталмыш чемпионаттың жыл өткен сайын маңызы күшейіп, қатысушылардың саны артуда.

Чемпионаттың негізгі мақсаты – жұмысшы жəне техникалық мамандықтардың дəрежесі мен мəртебесін арттыру, кәсіптік-техникалық білім беру саласына ерекше көңіл бөліп, жастарды аталған салаға тарту. Сондай-ақ, еңбек нарығына бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау, WorldSkills Ұлттық чемпионатына қатысу үшін өңірлік құрамды дайындау.

– Worldskills әдістемесі әлемдегі ең озық тәжірибелердің бірі. Аталмыш әдістеме бойынша чемпионатқа қатысушылар өздерінің кәсіби шеберліктерін, жоғарғы көрсеткіштерін анықтауға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, әр жыл сайын өтетін байқауда қойылатын талаптар да өзгертіліп тұрады. Білім сұранысына қарай жаңартылған оқу жүйесі аясында келесі жылы робототехниканы енгізу жоспарда тұр, – дейді шараның бас сарапшысы Үміт Зейнетоллина.

Аймақтық чемпионатқа облысымыздың 7 оқу орнынан бастауыш сынып мұғалімдері мен мектепке дейінгі тәрбие мамандығының студенттері қатысты. Нәтижесінде, «Бастауыш білім беру» мамандығы бойынша III орынды Қарағанды гуманитарлық колледжінің студенті Бұлбұл Әшірбекова, II орынды «Болашақ» маңызды білім беру колледжінің студенті Жанар Бақижанова, I орынды Жезқазған гуманитарлық колледжінің студенті Нұргүл Талғатбекова иеленді. Ал, «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы бойынша III орын Жезқазған гуманитарлық колледжінің студенті Жансая Әшірбайға, II орын «Болашақ» маңызды білім беру колледжінің студенті Жәнерке Болатханға, I орын Абай Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті Мәдина Боранқұловаға бұйырды.

Қасымхан ҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button