Бас тақырыпЖаңалықтар

«Туған жер» бағдарламасы: әкімдерде әрекет неге жоқ?

Жасыратын несі бар, ұдайы қабылданатын мемлекеттік бағдарламалардың бәрін бірдей бұқара жыға танымайды. Оның ел үшін не беріп, не қоярын көбі білмейді. Шындық тынысымызды тарылтып, өкпемізді өшіріп тастаса да, бұл – рас сөз. Бағдарламаның атауын құлағы шала шалған шығар. Одан арғы оның шарапаты мен шапағатынан бейхабар. Басы таудай істердің көбіне-көп аяғы қылдай боларына да етіміз өліп кеткен. “Ысқырығы жер жарады, айдағаны бес ешкі” дейтін жағдайларға бүгін саусақ арасынан сығалап қарауға мәжбүрміз.

Жалпы, мемлекет тарапынан қабылданатын бағдарламалардың, обалы нешік, бет-бейнесі, бағдары түзу-ақ. Діттегені мен көздегені – көптің көкейіндегісі. Алайда, жер-жерге келгенде олардың жетім қыздың тойындай тоқырап қалатыны да бұл күннің бір шындығы. Жүрдім-бардым орындалатын бағдарламаның ақыры сорпа бетіне не майын шығармайды, не дәм-тұзын татытпайды. Сонда мәселе неде? Үкімет үйінен жалы күдірейіп шыққан бағдарламалардың өңірлерде неге жүні жығылып қалады? «Мәселенің төркіні үйлестіруде» дейді біздің ішкі ойымыз.

Айталық, Елбасының бастамасымен тап-тамаша «Туған жер» бағдарламасы жарияланды. Ұғуымызша, бұл – өңірлерден шыққан ауқатты, бақуатты тұлғаларды туған жерге келіп, септігін тигізуге үндейді. Яғни, әр ауылдың, қаланың бетке ұстар ірілі, ұсақты кәсіпкерлерінің басын қосып, сол өңірдің әлеуметтік һәм экономикалық мәселелерін шешуге жұмылдыру. Ал, «бағдарлама жарияланды. Ауыл, аудандарына кәсіпкерлер келіп, жол салып, су қашан тартып береді?» деп қол қусырып, қарап отырғаннан түк шықпағанын бағдарлама қабылданған бір жарым жылдан бері көзіміз көрді. Туған жерінен жырақта жүріп, я болмаса, ауылына бір тал егіп немесе қандай да бір жақсылық жасаған адамның көлеңкесіне тығылып, «міне, «Туған жер» бағдарламасы іске асты» дейтін көзбояушылықтан бағдарламаның болашағы ұзаққа бармайды. Бұл арада жергілікті әкімдерден әрекет пен үздіксіз қарекет керек. Қазірдің тілімен айтқанда, менеджмент қажет. Менеджмент – тиімді басқаруды білдірсе, мұнда ол жержердегі әкімдерден ширақтықты, еті тірілікті талап етеді. «Менеджмент» термині ұйым деңгейіндегі әлеуметтік-экономикалық үдерістерді, шаруашылық қызметті, жеке тұлғаны және қызметшілерді басқаруды сипаттайды. Менеджмент – нарық жағдайындағы басқару. Менеджменттің үш маңызды факторын байланыстырады – мақсат, тиімділік, адам» деп анықтама береді оқулықтар.

Ауылдан, аудандардан шығып, ел аумағында жүрген талай қалталы кәсіпкер бар. Ендігі міндет – сол кәсіпкерлерді тауып, танысып, туған жердің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге мұрындық болуды ғана талап етеді әкімдерден. Кәсіпкерлердің ат-тонын ала қашпайтыны және анық. Тек, үйлестіру, басқаруды әкімдер жолға қоюы – шарт. Бұған келгенде, әкімдердің көбінің беті қызаратынына бек сенімдіміз. Осы арада Президенттің тәжірибесін ұстанса етті әкімдер. Жаңылмасақ, Елбасы астананы Ақмолаға көшірерде Ақмоланың мықты кәсіпкерлерін жинап, қол ұшын созуды өтінгенін, олардың бұл өтініште қарап қалмағанын айтқан болатын бір сұхбатында. Соның нәтижесі – бүгінгі Астана. Дәл осындай көрегендік жетпей тұр «Туған жер» бағдарламасының туы желбіреуіне. Әйтпесе, бір шыбық отырғызғанды, бір шыны аяқ сыйлық бергенді де «Туған жер» бағдарламасының аясына тыққыштай беру – тым ұят нәрсе. Өз беттерімен әрекет етіп жатқан кәсіпкерлердің ісін есебін түгендеу үшін өзіне жазып алу – әкімдердің әлеуеті мен білім-парасатының қаншалықты екенін көрсетсе керек.

«Ауылға инвестиция құймаймын» дейтін кәсіпкер жоқ болуы тиіс. Сын – сол инвестицияны құйдыра, тарта алмаған әкімдерде. Негізі, «Туған жер» бағдарламасы тамаша бағдарлама. Бірақ, осы бетімізден жаңылмасақ, сол тамашаға тамсана алмай, арманда кетеміз бе деп қорқамыз.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,

«Орталық Қазақстан»

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button