Жаңалықтар

Цифрландыру: IT-жастарға қолдау бар

              Қазақстанның Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Алан ӘЖІБАЕВ Қарағандыға жұмыс сапарымен келді. Вице-министр облыстық департамент және бөлім басшыларымен кездесті. Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауындағы барлық бағыттар бойынша цифрландыру аясындағы мүмкіндіктерге тоқталды. Сандық технологияның тиімді тұстарын қарапайым мысалдар арқылы жеткізді. Мысалы, бүгінгі таңда кең жолақты интернет желісі ауылдарымыздың бәріне бірдей жеткен жоқ. Вице-министрдің айтуынша,  осыған ұқсас олқылықтар таяу уақыттың ішінде еңсеріліп, халықтың техникалық сауаттылығын көтеру жұмыстары қарқынды жүзеге асады.

Вице-министр Үкімет сандық технологияларды енгізуде энергетика мен шикізат, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, IT, логистика сынды  9 салаға басымдық беріп отырғанын жеткізді. Сондықтан, сандық технологияны  меңгерудегі басты талап –  ұлттық экономиканы цифрландыру арқылы қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру. Бұл үдеден шығуда мектеп оқушысынан бастап, зейнеткерлерге дейін сандық технологияларды меңгеруі керек. Оған кезең-кезеңмен көшкен жөн. Әсіресе, жаһандану заманында жаңа инновациялық даму мен жедел технологиялық өзгерістерге дайын болуымыз қажет. Сол арқылы сандық жүйеге өту – еліміздің еңбек өнімділігін өсіріп, өндіріс шығындарын азайтады.

«Мысалы, отандық автоматтандыру мен цифрландырудың әлсіз дамуы, білікті кадрлардың және қаржының жетіспеуі – сандық технологияны толық меңгермегеннен болуы мүмкін.  Осы кедергілерді жою үшін халықаралық тәжірибені ескеріп, цифрлық инфрақұрылымды, адами капиталды дамыту қажет. Жалпы, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы 5 бағытты қамтиды. Оның ішінде «Экономика салаларын цифрландыру», «Цифр­лық мемлекетке көшу», «Цифрлық  Жібек жолын жүзеге асыру», «Адами капиталды дамыту», және «Инновация­лық экожүйе құру» бар. Осы бағыттарды мұқият зерделеу арқылы цифрландырудың арқасында әрбір қазақстандық тиімді мүмкіндіктерге қол жеткізе алады. Жастар жаңашылдыққа ұмтылады. Бұл өзгерістер еліміздің экономикасын 40-50 пайызға дейін алға жылжытады», – дейді Алан Ғазизұлы.

Сондай-ақ, вице-министр жиында департамент басшыларының сұрақтарына жауап берді. Сөз алған қалалық №3 емхананың директоры Сәния Боранқұлова денсаулық сақтаудың барлық салалары бойынша енгізілген медициналық ақпараттың кешенді жүйесіне тоқталды. «Қазір әрбір емханада «ДамуМед» мобильді қосымшасы орнатылған. Қосымша арқылы науқас дәрігермен кездесуге, үйге шақыру және сұрақтарына жауап алуға құқылы. Бұл – сандық технологияның қолжетімді тұсы», – деді.

Алан ӘЖІБАЕВ, ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі:

– Қарағанды өңірі медицинаны цифр­ландыру бойынша пилоттық жобаға енді. Жақсы нәтиже көрсетіп, медицинаның қарқынды дамуына ықпал етті. Оған қоса, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына көшу халықтың көптеген мәселесін шешіп берді. Бұрын халық  тіркелу үшін кезекте тұрып немесе бірнеше мекемелерге баруы қажет болатын. Қазір ХҚКО-на барып,  туу туралы куәлік арқылы бірнеше жұмысты шешеді. Жаңа жылдан бастап туу туралы куәлік, балабақша, басқа да мемлекеттік қызметтерді онлайн түрде тапсырыс беріп, алуға мүмкіндік туды. Осы ретте, Жолдау аясында айтылған мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің  қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру белсенді жүзеге асуда.

Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы аясындағы цифрландыру бағдарламасына жіті тоқталған вице-министр, құжатты жүзеге асыру шеңберінде 2020 жылға дейін интернет қолданушылардың санын 80 пайызға дейін арттыру көзделгенін  тілге тиек етті. Бұл ретте, шетелде ІТ-жобалармен айналысатын  білікті де білімді жастарды елге тарту керектігін де айтты.

«Қазір елімізде ақпараттық технологияға қолжетімділік жоғары. Тіпті, жоба ойлап тапқан жастарымыздың оны жүзеге асыру үшін шетелге баруы міндетті емес. Осы мақсатта оқушылар сарайының базасында технологиялық парктер ашылған. Онда қабілеттерін шыңдап, тың технологияны ойлап табуға мүмкіндік берілген» деді.

Жиында белгілі болғандай, алдағы уақытта цифрландыру аясында Елбасының тапсырмасын ескере отырып, ІТ саласындағы ойыншыларға, кәсіпкерлік бастамаларға бет бұрған, ғылыми зерттеулерді, әзірлемелер мен жаңа технологияларды ойлап тапқан жастарға басымдық беріледі. Осы ретте, Қазақстанға мол табыс әкелетін стартаптарды құрып, оларды іске қосатын жастарға да қолдау зор болмақ. Өйткені, цифрландыруды тиімді пайдаланып, бәсекелестікті арттыру – басты мүдде.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button