Топардағы таңсық шаруашылық

Арқа үшін жылыжай таңсық. Абай ауданындағы «Топар жылыжайлары» ЖШС-нен мақала әзірлеу туралы тапсырма түс¬кенде өзіміз де ерекше ынтамен кіріскеніміз рас. Қазіргі цифрлық технология дәуірінде ештеңеге таң қалуға болмайтынын білеміз. Адамзат Марсқа ұмтылған заманда қырық градус аязда қияр өсіру деген қиын шаруа болып па?! Десек те, бізді жылыжайдың қыстағы өндірістік қуаты қызықтырды. Жаздағыдай емес, күннің қызуы жоқ, сәулесі аз. «Күнді сүйетін қияр мен қызанақ қалай мол өнім берсін?» деп ойладық…


Жылыжай шаруашылығы Топар кентінің іргесінде орналасқан. Аумағы – 20 гектар. Қарағандыдан, шамамен, 50 шақырым қашықтықта. Біз барғанда күнделікті өнім жинау процесі аяқталуға жақындапты. Тонна-тонна қызанақты қоймаға жөнелтіп жатқан сәт. Жұмысшылармен қызу еңбек үстінде әңгімелесудің орайы келді.
Біз алдымен ат басын тіреген №6 жылыжайда, тек, қызанақ өседі. Ал, негізі, жылыжайдың 11 гектары осы қызанақтың еншісінде. Қалған 8 гектары – қияр, 0,6 гектары – лимонарий, 0,3 гектары – салаттық көкөніс дақылдары, 0,1 гектары – апельсин, маракуия, папая, киви, грейпфрут сынды субтропикалық жемістерге бөлініпті. Соңғысы тәжірибелік негізде жүзеге асырылуда.
№6 жылыжайдың технологы Мария Степонянның айтуынша, қызанақтың түсімі жаман емес. Гектарынан – 1 тонна. Күніне. Әуелде өзімізді жетелеп барған сауалымыздың жауабын осы технологтың әңгімесінен таптық.
– Қызанақ күн сәулесіне тәуелді. Су бермесең де, күн түсуі қажет. Ал, Қарағандыда қыста бұлтсыз күндер сирек. Және күн қысқа. Сондықтан, бұл проблеманы шешуде ғылыми жетістіктерге сүйенеміз. Арнайы жарық шамдарын қолданамыз, – дейді ол.
Әрине, электр жарығы күн радиациясын алмастыра алмайды. Әйтсе де, соның арқасында өнім мол.
Шаруашылық көне технологиядан бас тартқан. Тамшылатып суару әдісі біраз жылдан бері жемісті қолданылып келеді. Суға қосып беретін түрлі табиғи тыңайтқыштары тағы бар. Жылыжай сыртына тұрған қар автоматты түрде тазаланады. Жылы. Күртешең пысынап жүрген бізге сондағы жұмыскерлер қалжың да айтып жатты. Топар ГРЭС-і жылытады. Шыбынсыз жаз. Шыбын демекші, қауіпті жәндіктермен күрес мұнда тұрақты жүріп отырады. Және бұл істе химикаттарды қолданудан толық бас тартыпты. Яғни, биотехнологияға арқа сүйеуде. Қазақстандағы өзге жылыжайда жоқ биоорталық осында орналасқан.
Бұл жөнінде серіктестік құрылтайшысы Елтай Арбиев те айтып өтті. Мәселен, өсімдікке қауіпті құрт-құмырсқаны жоюда энтомофаг жәндіктерді кеңінен қолданады. Қарапайым тілге салғанда, өсімдіктің тамырына түсіп, жапырағын жеуге әуес құрт пен қоңызды жоюда жыртқыш жәндіктер пайдаланылады.
Сондай-ақ, жемістер гүлдерін тозаңдандыруда түкті араның (шмель) көмегіне жүгінуде. Табиғи тәсілмен тозаңдану процесі тиімді жүреді. Түкті ара бал арасы сияқты емес, адам үшін қауіпсіз. Тек, үстіңізге әтір сеппесеңіз болғаны. Жылыжайда жұмыс істесеңіз, сәнқойлықпен қош айтысуға тура келеді.
Наталья Аниськина басшылық ететін №8 блокта, тек, қияр өсіріледі екен. Натальяны жүк тиеуші Сергей Мокшинге қияр жәшіктерін қайда қою керектігі туралы нұсқау беріп жатқан сәтінде кездестірдік. Қыстағы өнім шығымы туралы сұрағымызды бұл кісіге де қойдық.
– Қызанақ сияқты, қияр үшін де басты фактор – күн сәулесі. Жасанды жолмен күн сәулесін түсіргендей болғанымен, күннің өзінің әсерін бермейді. Өнім көлемі тікелей күн райымен байланысты. Бұлыңғыр күндері 1 тонна, ашық күндері 9 тоннаға дейін аламыз, – дейді блок басшысы.
Жылыжайда 300-ден астам адам еңбекпен қамтылған. Маусымына қарай көбейіп те отырады. Қияр жинаушы Нәсіпкүл Ибраева осында он жылдан артық жұмыс істеп келеді. Кент басында тұратын келіншек өз жағдайына көңілі толатынын айтты.
– Мұнда тұрақтылық бар. Жалақың уақытында түсіп тұрады. «Күнара құрдымға кетіп жататын кәсіпорындар сияқты бүгін-ертең жабылып қалар ма екен?» деп алаңдамайсың. Жұмыс аса ауыр емес. Бізге керегі екі қолға бір күрек қой. Маңайдағы ауылдар тұрғындарының көпшілігі осы жерден нәсібін тауып отыр, – дейді Нәсіпкүл.
Жылыжай өніміне сұраныс жоғары. Берісі – ел өңірлерінен, әрісі – Ресейден тапсырыс түсіп жатады. Ірілі-ұсақты компаниялар серіктестікпен ұзақмерзімді келісімшарт жасауға құштар. Себебі, табиғи таза өнімді жұрт дүкен сөрелерінен лезде таратып әкетеді. Мемлекеттік құрылымдарды да сапалы көкөніспен қамтып отыр. Бір сөзбен айтқанда, өз күнін өзі көріп отырған кәсіпорын.
Дегенмен, жылыжайда күрмеулі мәселе де баршылық. Елтай Арбиев мемлекет қамқорлығы кемшін түсіп тұрғанын айтады. Бірнеше жылдан бері субсидияға қолы жетпей келеді. Электр қуаты жеткіліксіз. Біраз жыл бұрын салынған 8 гектарлық жаңашыл жылыжай энергияның тапшылығынан толық қуатына шыға алмайақ қойған. Жобаны ұсынғандар қосымша электр желісін тартуды ескермеген. Әлде, мүмкіндігі болмаған. Қазір әупіріммен іске жарап тұр. Қолды сілтеп, тастап кетер болсаң, мемлекеттің миллиондаған теңгесі желге ұшпақ. Құрылтайшы жуырда облыс әкімі арнайы келіп-кеткенін көңіліне медеу тұтып отыр…
Елтай Төлебайұлы кадр проблемасын шешуде қиындығы зор шаруаны қолға алуда. Бұрынғы Мичурин агротехникалық колледжінің жұмысын жандандырмақ.
– Агроном екі күн партада отырып, үш күн егісте жүруі керек. Кітапта оқыған өсімдігінің нақты өмірдегі түрін тануы тиіс. Қазір біз жібі түзу агроном таба алмай отырмыз. Маман жоқ. Колледждерді бітіріп жатқан жастардың көбісі бидай мен арпаны айыра алмайды. Колледжді өзіме алсам, теория мен тәжірибені ұштастырып, мықты маман дар даярлап шығарар едім. Бұл үшін бізде толық жағдай бар, – дейді Елтай Арбиев.
Құрылтайшының жоспары ауқымды. Келешекте жылыжай аумағын 50 гектарға жеткізбек. Нарық сұранысына қарай қимыл жасауда. Келесі жылы 2 гектар жерге бүлдірген отырғызбақ. Бұйыртса, тышқан жылы дүкеннен Топар бүлдіргендерін де көріп қалармыз…

Нұрқанат Қанапия