Басты тақырып

ӨТКЕН ҒҰМЫР, КӨРГЕН ТҮС болмасын десек…

Қарағанды көрермендеріне жаңа туынды жол тартты. Кеншілер қаласындағы «Сарыжайлау» кинотеатрында «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасы мен режиссер Қаршыға Игеннің бірлесіп түсірген «Ғұмыр өтер» фильмінің тұсауы кесілді. Өткен аптада. Деректі емес, көркем туынды. Көрген ел ертелі-кеш бағасын бере жатар. Алдағы уақытта көрермен көңілінен шығып жатса – отандық кино өнімінің олжасы болмақ.

Елестетіп көріңіз. Түн қараңғысында көлік тізгінінде келе жатқан келіншек кенет жол апатының үстінен түседі. Яғни, бір-біріне соғылған екі көлікті көріп, тоқтап, жақын барады. Автокөлік рөлін ұстап, ес-түссіз жатқан өзіндей келіншекті көреді де, ойға батып кетеді. Тіпті, оқиға орын алғанын хабарлап, мана өзі шақырған жол көлік полициясының өзіне қойған сұрағына жауап қатуға мұршасы болмайды келіншектің. Иә, анығында, күйеуі екеуін үйінде бастауыш сыныпта оқитын кішкентай қызы күтіп отырған. Соңғы рет қоңырау шалғанда үйде жалғыз отырған қызы қарны ашып, мазасызданып отырғанын да айтқан болатын. Осы жерден кадр үзіледі де, оқиға желісі басқа орайға ауысады.

Бұлар Қарағанды қаласында айрандай ұйып отырған Қазақстанның бір отбасы делік. Күйеуі, әйелі, ортақ қыздары бар. Қыздары мектепте домбыра үйірмесіне қатысады. Оның әкесі мен шешесі қатар жұмыс істейді… деп ойласаңыз қателесесіз. Күйеуі жақында ғана жұмысынан шығып қалған. Мәселе осы жерден басталады. Негізі, мәселе – бағана, көлік апатынан, көлік тізгінін құшып ес-түссіз жатқан әйелді көргенде басталған. Автокөлік рөлінде әйел… Ері жұмыстан шығып қалған отбасында тағы да…

Сонымен, өмір мұнымен тоқтап қалмайды. Біздің кинода. Күйеуі жұмыс іздеуге кетсін дейік. Бала – мектепке. Әйелі – жұмысқа. Кетерде дастарқан басы, шай үстінде бір-бірімен шүйіркелесіп, одан соң бірін-бірі қимай қоштасқаны тағы аян. Сіздіңше, әйелі жұмысқа кетті. Қателесесіз. Банкқа, несие алуға жөнелді. Барса, қаптаған кезекте тұрған жандар. Несие алуға. Көбі – қаракөз қазақ. Мәселенің құлағы тағы қылтияды осы жерден. Асықпаңыз, кейбіреуінің несие алуға айлық жалақысы да жетпейді. Сонымен, біздің кейіпкерге де келеді кезек. Әйтеуір, несие алуға жалақысы жеткілікті екен. Алған бойда несие берді деп күйеуіне хабарласады. Мұны естіген көшеде келе жатқан күйеуі қуанғаннан қолындағы газетін ауаға бір-ақ шашсын. Жұмыс орнына жарнама газет сол беті барып өтіп бара жатқан автокөліктің алдыңғы әйнегіне жабыса қалсын. Қарсыға шығып кетіп, біреумен соғылып қала жаздаған әлгі тізгін тежеп үлгереді, әйтеуір. Біздің күйеу кейіпкер қуанған қалпы барып, әлгі несиенің ақшасына келісіп жүрген автокөлігін сатып алады да, кешке әйелін алып, Үштөбеге жолдасының үйіне қонаққа жөнеледі. Қайтарда, бірақ, тізгін ұстар шамасы болмай, рөлге келіншегі отырып келе жатқанда, әлгіндей жағдай болып, апатқа ұшырап, келіншек өзі өлім құшып, күйеуі мүгедек болып қалады. Қызы қайыр тілеп, көшеде домбыра тартып кетеді. Ақыр аяғында жүрегі әлденені сезген мүгедек әке қызының алдынан шығып, екеуі жолдың екі шетінен қарама-қарсы келе жатқан жерінен қызын көлік қағып кетсе… Сөйтсе, бұл оқиғаның бәрі мана кино басталғанда апат үстінен түсіп, өлім аузында жатқан өзіндей әйелді көріп тұрған біздің басты рөлдегі кейіпкер келіншектің ойы екен. Аллаға шүкір, амандыққа жазсын! Бірақ, ғұмырыңыз осылай бір-ақ күнде өте шығарын сіз білетін шығарсыз?..

Фильмді тамашалаған көрермендер соңында туындыға оң бағасын беріп, шығармашылық топқа разылықтарын білдірді. Тіпті, облыстық мәслихаттың хатшысы Рысқали Әбдікеров «мұндай салмақты туындыны Қарағанды облысы шегінде ғана емес, күллі Қазақстан көлемінде таратса артық емес» деген пікір айтты. Қарағанды облыстық ішкі саясат басқармасы мен мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасынан өкілдер келіп, шығармашылық топқа Алғыс хаттар мен шағын сыйлықтарын тапсырды. «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасының директоры Берік Дүйсетаев пен арнаның бас редакторы Сағат Батырханова сөз сөйлеп, Қаршыға Иген бастаған әртістерге, жалпы шығармашылық топқа сыйақылар үлестірді.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button