Тіліңе сатқындық жасама!

Көзімді ашқалы көргенім – қазақ, баққаным – жылқы мен қой, мінгенім – ат, маған қалаға бірден сіңісіп кету оңайға соққан жоқ. Қалаға сіңісу емес, анығында, өркениет көшіне ілесуге келіңкірейді ғой, негізі. Осы жерде «былайша айтқанда» деген сөздің бұрыстығын да іле кетейік. Қалайша айтқанда сонда? Анығында немесе дұрысы деген жөн сияқты. Әркім өзі біледі десеңіз, тағы еркіңіз.

 

Алғаш университетке түскенде, сонымен (қалаға келгенде)… Ананы, мынаны бір көресің де, қалып қойғаныңды байқайсың… Іштей өзіңді қажайсың. Қамшылайсың. Қалай да қуып жету керек. Оқи бердім, әйтеуір. Газет-журнал, кітап, сабақ. Ең соңғы орында сабақ тұратын. Өмірді қалауымша сүргім келгендіктен шығар. Әлі солай. Баға үшін оқығанды мектеп жасынан жек көретінмін. Біреудің саған берген бағасы – не ол? Алланың маңдайыңдағы жазуына адамның ақылы жетпесі тағы анық емес пе? Ішкі бағаң болуы керек өзіңнің. Құдайға да сол арқылы үндесуің мүмкін. Ол болмады ма, сен де жоқсың өмірде. Көпке ілес, жүйеге, саясатқа жақ, басшы бол, бәрі бір жоқсың деген сөз. Күнелтіп қана өтесің. «Малда да бар жан мен тән» (Абай). Дәулет құрап, байи бер. Бәрібір дүние баянсыз. Заман тұрлаусыз. Абайдың осы тақілеттес сөзі бар-ды. Мал-мүлкің балаңа мәңгі мұра боларына кім кепілдік бере алады деген сыңайда. Ал, тумыс пен болмыс туралы әңгіме бөлек. Екеуі де тілде сақталады.

Сонымен, алғаш өркениет көшіне ілесіп, қалалық болу үшін осы қоғамның әдетіне басқан күндер де аз болған жоқ. Қала қазағының шатты-бұтты тілі, керек жерінде кісімсіп қалу, тағысын тағы. Негізгісі тіл ғой. Орысша мүлтіксіз сөйлеуге тырысу. Қазір қарап отырсам, ол да өз болмысыңа, табиғатыңа қастандық жасағанмен бірдей жағдай, тіпті, барып тұрған сатқындық екен. Мықты болсаң, оны сен сөйлет өз тіліңде. Ол саған ұқсағысы келсін. Бірақ, қазақ қоғамында ол болыңқырамай тұр. Өзінде ештеңе жоқтар ғана (қуыскеуде) еліктегіш келеді. Он қазақ отырып, оқымыстыға ұқсас бір орыс кіріп келсе, әлгі қазақтың бәрі орысша сөйлеп кетеді. Сен құл болдың деген сөз. Намыс па, намыс! Яғни, сол намысқа сіз жарымай қалғансыз.

Сіз басқа тілде сөйлей бастағанда, өз ана тіліңе ғана тән төл ерекшеліктер бірте-бірте жойыла бастайтынын ғылым баяғыда дәлелдеп қойған.

Әңгіме қайдан шығып отыр. Мен өстіп жүремін деп өзім қатарлы көптеген достарымнан айрылып қалдым. Үйлеріне барсам, балалары орысша сөйлейді. Және судай орысшаға. «Маама» деп орыс тілінің екпініне дейін қадап айтады. Талай көрдім. Әкесі – қазақ, шешесі – қазақ әлгі балалардың. Жақсы білем ғой, әрине, атасы, әжесі де қазақ. Елі – Қазақстан. Балалары шала қазақ па, жартылай орыс па, Құдай білсін. Қаны қазақ, жаны қазақ деп өзім араласатын бірнеше жас отбасынан көрдім осыны. Көрген жерде мен айтпады емес, айтып ұнамай қалғаным тағы бар. Бар айтатын сылтаулары – «балабақшаға барғалы осындай болды». Әкелерім-ау, менің де балаларым барады балабақшаға. Сөйтсе де, қазақ тіліне оңтайлы «Самакаттың» өзін «Сәмақат» дейді. Өзім үйретіп отырғам жоқ. Және мұным мақтан да емес. Сен балаңды орысша тәрбиелеу арқылы туған тілің мен туған еліңе, әрине, сатқындық жасап отырсың! Басы ашық әңгіме – осы. Бұған қазіргі ғаламтор әлемінің мүгедек тілі мен орысша ақпаратын қосыңыз. Олар да өзге тілге бейімдеу жағына шебер.

Мәселені өзімізден бастайық, жастар!

Жәнібек ӘЛИМАН,

 «Ortalyq Qazaqstan» газетінің мәдениет, руханият, әдебиет бөлімінің меңгерушісі