Тіл – ұлт байлығы, мемлекет тірегі

    1991 жыл қазақ елінің жұлдызды сағаты соққан сәті. Себебі сан ғасырлар бойы ата-бабамыз армандап, бүгінгі ұрпақ қол жеткізген ұлы жеңіс, яғни егеменді ел болдық. Егемендігімізден бұрын 1989 жылы «Тіл туралы» заңы қабылданып, еліміздің мерейін арттырды. Содан кейін қазақ халқы армандаған бақытты сәттер өз кезегін көп күттірген жоқ.

Халықтық қасиетті мұрамыз, ана тіліміз – қазақ тілі. Қазақ халқы ұлт болып қалыптасқаннан бері қазақ тілі өмір сүріп келеді. Ауызша да, жазбаша да мол мұрасымен танылған, неше ғасырлық тарихы бар тілімізді бабаларымыз қасиетті деп қастерлеп, ұрпақтарына аманаттаған …

Тілдің иесі – кешегі қазақ, бүгінгі қазақ және болашақтағы қазақ. Тіл – өткеннің ұрпаққа қалдырған аманаты, бүгінгі күннің абыройы, ертеңгі күннің кепілі. Сондықтан да, өз ана тіліміздің қадірін біліп, өз тілімізде дұрыс сөйлесе білу – қаны қазақ баласының бірден-бір міндеті.

Халқымыздың біртуар перзенті Мағжан Жұмабаев: «…Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, мінезі айнадай көрініп тұрады. Қазақтың тілінде қазақтың кең жазық даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, оралымды, терең тіл жоқ», – деп тіл жайында терең толғанған екен.

Қазақ елі тек қандастарымызды ғана емес, 130 ұлттың баласын бауырына басқан мейірбан ел. Елімізде тілдердің үш тұғырлығы қарқынды дамуда. Үштілді оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіншілік беретін ең басты қажеттілік. Қарапайым тілмен айтқанда, қазақ тілін дамытамыз, орыс тілін қолданамыз, ағылшын тілін үйренеміз.

Осы 130 ұлттың барлығы жастардың жалынына сүйенген елбасымыздың салиқалы үш тілді саясатының өрісін өрлете түсуге өз үлестерін қосып жатыр. «Рухымыздың бір болып жүруі үшін, ұлтымыздың бір болуы міндетті емес» деген осы шығар.

Елімнің дархандығы мен даналығын, тектілігі мен таланттылығын, рухының мықтылығын, бабаларымыздың елі мен жері, тілі үшін жанын беретін ерлігін айтып та, жазып та тауыса алмаймын.

«Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін — білімі», — деп жазушы М.Әуезов айтқандай, елімізді өркениетке бастар жолдың бастауы — тілімізді жоғалтпайық. Ананың ақ сүтімен бойымызға тараған ана тілімізді ақсатпай, мәртебесін көтере білейік!

«Қарағанды қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесінің тапсырысы бойынша.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.