Тіл үйретудегі игі бастама

Жуырда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында «Youtube» бейнехостингінде «Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығы – Центр обучения языкам Карагандинской области» атты арна ашылған болатын. Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығы бастама көтерген арнаның мақсаты – өзге ұлт өкілдеріне латын графикасына негізделген мемлекеттік тілді үйретудің оңтайлы технологияларын меңгерту, әліпбиді оқып-үйретуге қатысты теориялық және практикалық білімдерін жетілдіру.

«Youtube» қолданушылары латын графикасына негізделген мемлекеттік тілді оқыту әдістері арқылы «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының негізгі қағидалары», «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бағыттары», «Жаңа қазақ әліпбиінің соңғы нұсқасы: артықшылықтары мен кемшіліктері, ұсыныстар», «Жаңа қазақ әліпбиін үйретудің нәтижеге бағытталған оқу әдістері» және «Жазу дағдысын қалыптастырудың оңтайлы әдістері» көмегімен жаңа әліпбиді заманауи тәсілдер бойынша меңгереді.

Арна арқылы мемлекеттік тілдің қолданылу аясы мен оның қоғамдағы ролін арттыру, түрлі ұлт өкілдерін қазақ тілін үйренуіне қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ, үштұғырлы тіл саясатын жүзеге асыру мен тіл үйренушілерге тілдік орта қалыптастыра отырып, коммуникативті сөйлеу дағдылары дамытылады.

«Youtube» бейнехостингі арнасындағы сабақтар топтамасы арқылы тіл үйренуге мүдделі өзге ұлт өкілдері, мемлекеттік қызметшілер мен кез-келген ересек тұрғындар тілді жедел түрде меңгере алады. Мұнда мемлекеттік тілді үйреніп қана қоймай, тіл үйренуші нақты міндеттерді орындауға қажетті таныс сөйлемдерді де пайдалана алады.

Бастама мемлекеттік тілді үйретудің жаңа форматтарын іздеу және үйрету әдістемесінің сапасын арттыру ниетінен туындаған.

Мунира АҒЫМБАЕВА,

Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығының әдіскері.