«Терең өзен тынып ағады»

Дүнгенбай Мұқаұлы!
Қоңырқай ғана тірлік кешкен барынша қарапайым болмыс иесі. Әлгі «қой аузынан шөп алмас» дейтін момынның өзі. Кездесе қалсаңыз немесе төріне оза қалсаңыз, «Ассалаумағалейкүміңізге» «Уағалейкүмассаламнан» басқа артық дыбыс та болмайды. Артық сөз, көлденең әңгіме деген жоқ. Бір өзі – бір әлем. Тал бесіктен – жер бесікке дейінгі тағдыр жолында Дүкеңнің аты адал еңбегімен және ақын ұлы Ілияспен (Ілияс Мұқай) ғана қалды десе болады. Бірақ, біз талантымен тас жарып, ерекше жаратылысымен жанартауға айналғандарды ғана құбылысқа балап жатамыз ғой. Меніңше, Дүкең де – құбылыс.
«Терең өзен тынып ағады» дейді атам қазақ. Дүнгенбай ақсақал – соның нақ өзі.


Тереңдігі тегінде жатыр. Арғы атасы – Оспан би. Ұлы жүз, Албан шежіресінде ныспысына «Би» атауы тіркеліп жазылып жүрген дуалы ауыз, орақ тілді Оспан би. Мәңгілік мекені – қазіргі Ұйғыр ауданының Абат аулында, Баянқазақ өзенінің аңғарында. Еңселі кесенесі үлкен төбенің басында тұр. Бертінге дейін шырақшысы болған деседі. Бидің жалғыз ұлы Мұқа «ұлы кәмпеске» тұсында қызыл өкіметтің қырына ілігіп, Қытай асып кеткен екен. Шежіреге қатталып жүрген деректер Оспан би 12- 13 жасынан билікке араласып, сөз ұстағанын айтады. Тура 40 жасында қайтыс болыпты. Ал, жалғыз қарғасы Мұқаның Алатау асып, шығысқа шығандап кетуі мал-жанын қорығандықтан емес, би-болыстың тұқымы деген қыспақтан болса керек. Тағдырлы әулеттің тереңнен тамыр тартқан тектілігі ел аузында жүр. Ақтоғайлық өлкетанушы, абыз ақсақал Амангелді Туғанбаев Мұқа ақсақалдың көзін көрген екен. Жігіт-желең шағында Оспан бидің бел баласы Мұқамен кездесіп, көп ескі әңгіме де жазып алған. Алайда, жастық шақ құндылықтың бағасын ескеруге мұрша бере ме?! Көп дүние жазылған көк дәптерді жоғалтып алыпты. «Мұқа ақсақалдың аузынан Әсеттің көп әндерін естіп едік. Арғы жақтан мол қазына алып келген көкірегі көмбе ақсақал болатын. Шіркін-ай, ол кезде қолымызда диктофон қайдан болсын. Әйтпесе, Әсеттің сирек орындалатын әндері мен талай ескі әңгімені ел кәдесіне жаратар едік қой» – деп өкінеді Амангелді ақсақал.
Бірбеткейлік – қасиет. Осы қасиетті біз қырсықтыққа балап, сүрініп жүрміз. Өйткені, мәрттік деген асыл мінез бірбеткейліктен тамыр тартады. Ақтоғайлық қариялардан Мұқа ақсақалдың өз аяғын өзі шауып тастағанын естігенде, шынымды айтайын, жағамды ұстадым. Аяғына уа деп аталатын жаман жара шығыпты. Бақайдан басталған қара жара бірте-бірте тізеге қарай көтеріліп, өрши бастайды. Бәйбішесі Нұрбала әжемізге «құрым киізді күйдіре бер» дейді екен де, өзі көлеңкеде отырып, балта қайрай береді. «Киізді қайтпексің?» деп бәйбіше де сұрамайды. Ол кісі өте момын адам болса керек, Дүнгенбай анасынан аумай қалған дейді екен көзкөргендер. Балтасы бабына келген күні жара шыққан аяғын жаңғырыққа қойып, тізеден төмен, жарадан жоғары тұсынан шауып тастапты. Бәйбіше күйдірген құрым киізді баса қойып, сонан кейін де 14-15 жыл өмір сүрген. Біз не істер едік? Табанымызға шөңге кірсе, дәрігерге барып, айналамызды әбігерге саламыз ғой… Мәрттік қайда жатыр?!
Мұқадан Ұлдахан, Мұсахан, Дүнгенбай есімді үш ұл туады. Елге оралғанда қазіргі Ақтоғай ауданының жаңадан ашылып жатқан «Айыртас» совхозына қоныстанған екен. Ардагер журналист Қасым Орынбетов Мұқаның үлкен ұлы Ұлдахан тақымынан жүйрік ат үзілмеген, ат баптап, аң қаққан, құрығы құтты жылқышы болғанын сөз етеді. Ал, Мұсаханы алқалы топта алқынып көрмеген төкпе ақын болыпты. Жаңа қонысты жерсінбей, ата қонысы Нарынқол жаққа көшіп кеткен екен. Мұқаның осы үш ұлының кенжесі Дүнгенбай екен – дүниеге де, дүрмекке қызықпай ғұмыр кешкен. Алғашында ортаның жылқысын, кейін қойын бағып, қойдай момақан қалпында өмірден өтті. Міне, биыл Дүкеңнің дүниеден баз кешкеніне жыл айналып отыр.
Дүкеңе сәлем беріп, Тілеуқор шешеміздің қолынан дәм таттық. Дүние төңкеріліп кетсе де, Дүкең отырған орнынан тапжылмайтын еді. Жұқалау біткен, қағілез бітіміне қарап, жеңілтектеу адам деп ойлап қалуың кәдік. Бірақ, олай емес. Оның өзі көркем мінез шығар. Сөзуардың лепірмесінен, Дүкең секілді шаруақор адамның тындырымды ісі мың есе артық қой. Жаңадан ашылған «Айыртас» совхозында озаттар қатарынан көрініп, адал еңбегімен дараланды. Шалғайдағы ауылдың маңдайдағы майталманы болды. Бұйығы болмысында мөлдіреп тұрған тазалық бар еді. Жалпы, ардақты жанның асыл болмысын өз ұлынан асырып кім айта алсын?! Асқар тауы әкесінің қазасында қабырғасы сөгіліп, көп ішінде егіліп тұрған ақын ұлы Ілиястың азалы жырын оқыңыз, ендеше…

Қамқоршым болмас енді
Сендей ешкім,
Арқаңда судай тасып,
желдей естім.
Сөзіңді артық ауыз
есту тұрмақ,
Кезіңді қабақ шытқан
көрмей өстім.
Ақжүрек…
Мәйін мінез…
Момын едің…
Қоңыржай істен тапқан
көңіл емін.
Жамалып жаныма мұң,
есіме алсам,

Қабарып қабырғамнан
сөгілемін.
Кезі жоқ тағдырыңның
жүгі батқан,
Жан едің Жаппар Иең
шын ұнатқан.
Көңілің көлдей еді мөлдіреген,
Өмірің өзен еді тынып аққан…
Шарықтап шықпаса да
қияға атың,
Есіне ұрпағың бар жиі алатын.
Жоқ еді тіршілікте тізең батып,
Жасаған тірі жанға қиянатың.
Кісілік кейінгіге қалыбы үлгі,
Жан едің сарқымаған
сабырыңды.
Құлатып қорғанымды қапияда,
Уақыт арттыруда қадіріңді.
Есімін ұрпағына байрақ етер,
Ұлға Әке айбын екен,
айбар екен.
Сенен де өте шықты-ау
бес күн жалған,

Қайтейін, қайран Әкем, қайран Әкем, – деп егіліп еді Ілияс бауырым. Дүкеңнің дүниесі де, әлемі де, боямасыз болмысы да осы алты шумақта тұр. Аллаға шүкірлік етейік, Дүкеңнің артында әкеден жалқы туып, жалғанға жырымен жалқын сәуле сыйлаған ақын ұлы Ілиясы қалды. Бес апаның ортасында бұла өскен Ілияс алты Алашқа аты мәлім ақын болды. Төлеген Айбергенов, Тұманбай Молдағалиев, Нұрлан Мәукенұлы атындағы әдеби сыйлықтардың иегері. Кешегі Оспан биден, берідегі Мұқадан қалған құдіретті сөз Дүнгенбай әкеміздің ішіне тұнып, Ілиястың бойына дарыды. Оспан бидің қамшысындағы қасиет Ілиястың қаламына дарыды.

…Ілияс биыл Алматы облысының Ұйғыр ауданында тыныстаған бабасы Оспан бидің рухына тағзым етіп, ел ішінен бабаның асыл мұраларын жинақтап қайтуды жоспарлап отыр. Олжалы оралса, тағдырлы әулеттің өшкені жанып, өлгені тірілер еді…

Би ұрпақтарының бірнеше буынына арман болған қастерлі парызды өтеу Ілиястың еншісіне бұйырғалы тұр, Алла жазса. Бәлкім, Дүнгенбай әкемізді іштен тындырып, тұңғиық ойдың орманында қалдырған осы арман шығар.

«Терең өзен тынып ағады»…

Ерсін МҰСАБЕК