Теміртауда мергендер сайысы басталды

Кеше Теміртау қаласында ересектер, жасөспірімдер және паралимпиадашылар арасында садақ атудан Қазақстанның қысқы чемпионаты басталды. Оған еліміздің әр облысынан және республикалық маңызға ие үш қаладан екі жүзге тарта спортшы келді. Мергендер қатарында Токио Олимпиадасының жолдама иегерлері, халықаралық додалардың жеңімпаздары мен танымал спорт шеберлері бар.

Чемпионаттың ашылу салтанатында садақ ату спорты бойынша 2019 жылдың қорытындысы шығарылып, үздік өнер көрсеткен спортшылар мен жаттықтырушылар Алғыс хаттармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Дүбірлі дода облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Темірхан Абылаевтың құттықтау сөзімен ашылды.

– Садақ ату – ұлтымыздың қанына сіңген өнер. Бұл спорт түрі Олимпиада ойындарының қатарына енген. Чемпионат қатысушыларының арасында Токио Олимпиадасына жолдама алған сайыпқырандар да бар. Олардың әлемдік додада жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне тілектеспін, – деді Темірхан Серікбайұлы.

Биылғы чемпионаттың бір ерекшелігі – жарысқа паралимпиадашылардың да қатысуы. Тағдыр сынына мойымай, қасқайып қарсы тұра білген азаматтар бүгінде биік белестерді бағындырып, әлемдік додаларда ел намысын қорғап жүр. Солардың бірі – Шымкент қаласынан келген спортшы Айбек Есқараев.

– 2002 жылы денсаулығымды нашарлатып алдым. Кейін садақ атушыларды көріп, қызығушылығым оянды. Соңғы 5 жылда осы спорт түрімен тұрақты айналысып керемін. Қазір елімізде спорттың дамуына жан-жақты мүмкіншілік жасалған. Десек те, садақ атудан паралимпиадашылардың саны өте аз. Осыған мән берілсе дейміз. Өйткені, спортшылардың саны неғұрлым көп болса, соғұрлым бәсеке де жоғары болар еді. Ал, бәсеке барда даму бар, – дейді Айбек Есқараев.

Садақ атудан ел чемпионаты бес күнге созылады. Командалардың финалдық кездесуі 10 ақпанға жоспарланған.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ