Теміртау қаласының тұрғыны коронавирустан қайтыс болды

Бүгін Қарағанды облысында 1 науқас коронавирус індетінен қайтыс болды. Марқұм   Теміртау қаласында тұрған. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

«1959 жылы туған ер адам 20 сәуір күні пневмония диагнозымен Теміртау қалалық орталық ауруханасының пульмонологиялық орталығына жеткізілді. 22 сәуірде оның  COVID-19 жұқтырғаны расталып, инфекциялық стационарға жатқызылды. Науқасқа ауыр дәрежедегі коронавирустық инфекция диагнозы қойылды», — делінген хабарламада.

Марқұм онкологиялық сырқатпен ауырып, 2019 жылы тіркеуге тұрған. Содан бері 12 мәрте полихимиотерапия алған. 

«Онкологиялық сырқатпен ауыратын адамдар үшін коронавирус өте қауіпті. Иммунитет әлсірегендіктен, вирусқа қарсы тұру мүмкін емес, сондықтан да, көп жағдайда олар коронавирустың ауыр түріне шалдығады. Бұл науқастың өміріне қауіп төндіреді», — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.