Тегін дәрімен қамтамасыз ету жүйелі жүзеге асырылуда – А.Бидайбаев

Қалалық мәслихаттың депутаты, «Облыстық балалар клиникалық ауруханасы» КМК директоры Арғын Ноянұлы Бидайбаев Қарағанды облысы бойынша тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы айтты.

2019 жылға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде Қарағанды облысының азаматтарын амбулаториялық деңгейде тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін, 50 маңызды ауру түрі бойынша республикалық бюджеттен шамамен 12 млрд.теңге қаражат бөлінді.

Бұл қаражат науқастарды толық көлемде қамтамасыз ету үшін жеткілікті. Осы аурулар тізбесіне мысалы: әлеуметтік маңызды нозологиялар, ағзалар мен тіндерді ауыстыру, онкологиялық және гематологиялық аурулар, гемофилия, қант диабеті, артериялық гипертензия, аритмия, туберкулез, бронх демікпесі, сирек кездесетін орфандық аурулар және т.б. кіреді. Сондай-ақ, 2019 жылға арналған жергілікті бюджеттен сирек және қымбат тұратын препараттармен емделетін аурулармен ауыратын науқастарды қамтамасыз ету үшін 1 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінді.

50 ауру бойынша дәрілік заттарды жеткізуді бүкіл ел бойынша «СК-Фармация» ЖШС Бірыңғай дистрибьюторы жүзеге асырады. Облыста дәрілік заттарды жеткізу 2019 жылдың 24 қаңтарынан басталды. 2019 жылдың қаңтар айы үшін емделушілер 2018 жылдың желтоқсанында қамтамасыз етілген.

Тегін дәрі-дәрмек алу үшін Қарағанды облысының азаматтары емханаға өз емдеуші дәрігерлеріне жүгінулері қажет.