Тарихи сырға, табиғаты толы ТАЛДЫ ауылы

Сарыарқаның сайын даласында өрнекті орын тепкен, тарихы бай, шежірелі Шет ауданының құрылғанына биыл тоқсан жыл толып отыр. Әрине, ауданды аудан қылатын, оған «донор» болатын әрбір ауыл, елді мекендер екенін ескерсек, осы Шет ауданының ең мықты, ең беделді елді мекендерінің бірі – Талды ауылы десек, еш қателеспеспіз. Сол Талды ауылының құрылғанына, алғаш қазығын қаққанына да биыл 50 жыл, жарты ғасыр болыпты. «Елу жылда – ел жаңа» демекші, Талды ауылының тарихы әріде, көшпелі елдің кең жайлауы, онан кейінгі заманда Шет ауданының «Нұраталды» кеңшарының құрамында біраз жерлері қараған Талды өзенінің жағалауындағы бейтарап мекен болғанға ұқсайды.

Талды ауылдық округі Шет ауданының Нұраталды ауылы мен Ақшоқы ауылының маңынан өтетін Талды өзенінің бойына орналасқан. Өзеннің бұлай аталуы, оның жағасының талды, тал-шіліктердің қалың өсуінен аталса керек. Кеңес дәуіріндегі бір деректерге көз жүгіртсек, Талдының тарихында мынандай мәліметтер бар.

1934-1950 жылдар аралығында Тұматай өзенінің бойында Шаруатеңеу колхозы құрылып, оның жетекшілері Әбеу Бекенов, кейіннен Бедербеков Жәми болыпты. «Жаңа жұрт» колхозы құрылып, жетекшілері Шаян Қойшыбаев, Дүйсенбек Шәкенов, Мұқаш Омаров, соңынан Әбдірахман Дүйсенбеков істеген. 1950-1952 жылдары Роза Люксембург колхозы құрылғанда, қарамағына Құрама, Жаңа жұрт, Шаруатеңеу колхоздары бірігіп, орталығы Ақбауыр болады. Колхоз председателі Қаппар Борнаев, орынбасары Қордабай Төлеуов, 1952-1954 жылдары председатель орынбасары Төлеген Жазкеновболған. 1951 жылы Комсомол (Берекетті) Нұраталды кеңшарының бөлімшесі болып бөлінеді. 1955 жылға дейін ферма меңгерушісі болып Таукен Төлеуов, 1958- 1969 жылдар аралығында Ерденбай Түсіпов істеген. 1960 жылы 29 наурыз күні «Путь к коммунизму» кеңшары құрылады. Оның құрамына Комсомол, Талды, Киров, Сталин Самархант елді мекендері бөлімше ретінде кіреді. Егін және мал шаруашылығымен айналысады. Комсомол бөлімшесінде Таукен Төлеуов, Киров бөлімшесінде Жұмажан Жахметов, Сталин Самархант бөлімшесінде Ақандар Минусбаев басшылық қызметте болды. Кеңшар директоры Самен Шалабаев 1961 жылдың тамыз айына дейін істеді. Кеңшар орталығы-Комсомол елді мекені болды. Партия ұйымының жетекшісі – Нақыпбек Төлепбеков еді.

1961 жылы «Роза Люксембург» колхозы таратылып, оның Ақбауыр мен Жаңа жұрт бөлімшелері осы кеңшарға қосылған. 1961 жылы тамыз айында директор болып Ким Евгений Михайлович тағайындалып, партия ұйымының хатшысы Өмірзақ Қонқасов бекіген. Кеңшар орталығы Ақбауырға ауыстырылған. 1962 жылы қараша айында директор болып Алихан Шайкенов тағайындалған. 1968 жылы кеңшар орталығы Талды ауылына көшіріледі. Талды елді мекенінің осыған дейінгі тарихы шашыраңқы, көшіп-қонып, ауыс-түйісті әрқилы болса, 1968 жылдан бастап ауыз толтырып айтуға тұрарлық, қатпарлы тарих болып қалыптасты. 1970 жылдардың басында кеңшардың шаруашылығы көтеріліп, аудан, облыс көлемінде айтарлықтай дәрежеге ие болды. Сонан 1976 жылы кеңшардың бағыт-бағдары өзгеріп, Шет ауданының мамандандырылған шаруашылық бірлестігі құрылды. Райспецхозобьединение (РСХО), яғни, аудандық мамандандырылған шаруашылық бірлестігі болып аталды. Шаруашылық негізінен мал бордақылаумен, асыл тұқымды мал басын дамытумен және егін шаруашылығымен айналысты. Осы жылдың ақпан айында шаруашылық директоры болып Смайлов Дулат тағайындалды.

Бұл азамат 1976 жылдан 1986 жылдың сәуіріне дейін он жылдан аса шаруашылық басқарғанда Талды елді мекенін өте жоғары деңгейге көтеріп, ел тұрмысын біршама жақсартты. Шаруашылық шарықтай дүркіреп, дамып, жетістіктері мен көрсеткіштері аудан мен облыстан асып, республикаға мәлім болды. Бүкілодақтық, республикалық социалистік жарыстардың бірнеше мәрте жеңімпазы атанды. Сол кездегі Кеңес Одағы көлеміндегі ірі мал шаруашылығының бірі болды. Осы кезеңде Талды ауылына жаңа типтегі орта мектеп, Мәдениет үйі, балабақша, саябақ, кафелер, көпір, техника жөндеу шеберханасы, т.б. әлеуметтік нысандар салынып, тұрғын үй құрылысы қарқын алды. Орталық көшедегі жаңа салынған үйлер орталықтандырылған жылу және су жүйесімен қамтамасыз етілді. Мыңдаған мал( ірі қара) басы сиятын кешен (жаңа типтегі комплекс) салынып, пайдалануға берілді. Онда асыл тұқымды және өзіміздің қазақы малдар бордақыланып, мемлекетке ет тапсыру көрсеткіші ұлғайды. Соның нәтижесінде тұрғын халықтың әл-ауқаты көтеріліп, жағдайлары жақсарды. Мұның шағын бір дәлелі, сол заманның өзінде Талдының сырт жолы, сондай-ақ ауыл ішінің өзі асфальт жолдарға айналды. 1986 жылдың сәуір айынан 1991 жылдың маусым айына дейін кеңшар директоры болып Абеуов Айтуған істеді. 1991 жылдың шілде айынан 1997 жылға дейін Қанапин Мағауия директорлық қызмет атқарды. 1997 жылы Талды кеңшары жекеменшікке сатылып, жетекшісі Садуақасов Мақсұт болып, «Талды» ЖШС құрылды. Қазіргі кезде бүгінгі заманға сай бірнеше шаруа қожалығы еңбек етіп, Талды ауылының тұрғындарын жұмыспен қамтуда.

Талды ауылдық округінде Наршөккен, Қотыр-Қызылтау қорықтары орналасқан. Қорықта өте сирек кездесетін аңдар: арқар, елік, сілеусін, жабайы қабан, т.б. жайлаған. Талды өзені Қызыл Жартас, Қара Жартас, Жаңа Жұрт өзендерінің қосылуымен Талды ауылының қасынан өтеді. Табиғаты өте ғажайып, құнарлы да шұрайлы. «Байбала», «Ақбұлақ», «Дәулет», «Әділет», «Қали», «Сәуле», «Береке», «Бақыт», «Серік», «Нұр», «Наурызбай», т.б. шаруа қожалықтары бұл күнде бұрынғы дәстүрді жалғастырып, еңбек майданын қыздырып, елдің тұрмыс-тіршілігін, ауыл тұрғындарының ырыс-несібесін арттыруда. Дәл қазіргі кезде Талды ауылының әкімі Боранбай Қордабайұлы Төлеуов, мектеп директоры Бексұлтан Смағұлұлы Ғабдуллин есімді азаматтар.

Иә, сонымен, табиғаты тұнған, ел-жұрты еңселі, ұрпақтары ұлы істерді істеуге талпынған Талды аймағы өзінің 50 жылдық, жарты ғасырлық тойын тойлауда. Сөз соңында, осы ғажайып елді мекеннің төл перзенті, халық ақыны Жәкен Байтуұлының мына бір шумағымен аяқтайық:

Наршөккен Арқадағы тау ордасы,

Бұлт құшып, күнді сүйген қыр арқасы.

Жас қайың, сұлу терек, мәуелі гүл,

Жұпардай иісі аңқыған таза ауасы.

Жәкен атамыздың сырға толы осы өлеңінің жалғасы ретінде өзімнің де туған ауылыма деген арнауымды айтқым келеді.

 

Талдының өзегінде өмір-өзен

( Ауылдың 50 жылдығына арнау)

Көне кезде бұл жерде жайлау болған,

Үйір-үйір маңайға жылқы толған.

Өр Мәдидің әнінде айтылғандай,

Жылқысымен қазаққа ырыс қонған.

Талды өзен – ежелден елге қоныс,

Жайлау қылды бұл жерді би мен

                                                         болыс.

Қазағыммен бірігіп, өмір сүрді

Өкілдері өзге ұлттың: неміс-орыс.

Кеңес кезі – орнығып ауыл болды,

Шаруаларын шалқытып көңіл толды.

Мал мен егін – көрсеткіш көтеріліп,

Тұрғындары таңдады ізгі жолды.

Шаруашылық басшысы – Дулат аға,

Ормандай бір қорғанды, болған пана.

Еңбекпенен көтерді ел тұрмысын,

Соны бүгін айтады қала-дала.

Талды сонда түледі қырандай боп,

Үмітпенен ұшқыннан жанады от.

Тегеурінді, текті тұлға тұрғанда,

Тұрғындардың жағдайсызы

                                                      болған жоқ.

Онан кейін Тәуелсіздік таңы атты,

Тәңір бізге сыйға тартты гүл-бақты.

Талды ауылы өсе берді өркендеп,

Жаңа заман, жаңа Өмірді жырлатты.

Сонан бері жарқыраған өңір – бұл,

Жақсылықпен жалғасыпты Өмір-гүл.

Бүгін, міне, мерейтойы мекеннің,

Талды ауылдың туғанына – елу жыл!

 

Бауыржан Төлеуғазыұлы Рысбеков,

Талды ауылының тұрғыны.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.