Облыс әкіміРуханият

Тұғырда – мәдениет майталмандары

Облыс әкімінің мәдениет және өнер қайраткерлеріне арналған сыйлығының иегерлері анықталды. Биыл он бесінші мәрте ұйымдастырылған байқау кәсіби мерекеге орай қорытындыланды. Алайда, карантинге байланысты салтанатты рәсім өткізілмеді. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің ресми құттықтауында мәдениет және өнер қызметкерлерінің еңбегіне лайықты баға берді.

«21 мамырда біз Тәуелсіз Қазақстанда атап өтілетін жарқын кәсіби мерекелердің бірі – Мәдениет және өнер қызметкерлері күнін атап өтеміз. Бұл ұмытылмас әсер және жақсы көңілкүй сыйлайтын адамдар мерекесі. Бүгін бұқаралық іс-шараларға тыйым салынса да және мәдениет мекемелері жабық болса да, біз сіздерге ерен еңбектеріңіз үшін, біздің дәстүрлерімізді, рухани және адамгершілік мұрамызды сақтауға қосқан үлестеріңіз үшін алғыс айтқымыз келеді», – деп атап өтті аймақ басшысы.

Төтенше жағдай кезеңінде барлық мәдениет ұйымдары қашықтықтан жұмыс істеуге көшті. Бірақ, аудиториямен байланысты үзген жоқ. Әншілер мен музыканттар онлайн-концерттер ұйымдастырды. Көптеген онлайн жобалар іске қосылды. Үйде отырып, мұражай залдары мен көрмелеріне виртуалды түрде баруға, түрлі байқаулар мен викториналарға қатысуға және театр артистерімен бірге жаттығу жасауға мүмкіндік туды.

Театр цехтарында костюмдердің орнына бірнеше рет қолданылатын маскалар тігілді. Қорғаныс құралдары дәрігерлерге, балалар үйінің қызметкерлері мен тәрбиеленушілеріне, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға тегін таратты. Әлеуметтік роликтер, бейне шолулар түсірілді.

Облыс әкімінің сыйлығы 21 номинация бойынша табысталды. Дипломдар, мүсіндер мен қаржылай сыйлықтар лауреаттарға жеке тапсырылды.

«Жыл артисі» номинациясында – К.Станиславский атындағы орыс драма театрының артисі Павел Кондратьев пен С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының артисі Қымбат Жарымбаева, «Үздік эпизодтық роль» номинациясында – С.Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының артисі Құрман Игибаев, «Жылдың театр режиссері» номинациясында – С.Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының режиссері Мируана Жанботаева мен Теміртау балалар мен жасөспірімдер театрының басшысы Владимир Дроздецкий, «Жылдың эстрада жанрының вокалисі» номинациясында – Егіндібұлақ ауылының мәдени-демалыс орталығының эстрадалық орындаушысы Меирлан Қалиев, «Жылдың классика жанрының вокалисі» номинациясында – Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының вокал артисі Елена Федорова, «Жылдың үздік инструменталисі» номинациясында – Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестігі Е.Рахмадиев атындағы симфониялық оркестрінің артисі Алексей Беспалов, академиялық музыкалық комедия театры оркестрінің аспапшы артисі Марина Кикоть пен Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестігінің Тәттімбет атындағы академиялық оркестрінің артисі Мадина Жақыпова, «Жылдың үздік жеке аспапта орындаушысы» номинациясында – Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестігі Тәттімбет атындағы академиялық оркестрінің артисі Меруерт Ыбыраева, «Халық әндерін үздік орындаушы» номинациясында – Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестігінің «Арқа сазы» ансамблінің солисі Құрмаш Ыбышев, «Жыл хореографы» номинациясында – Абай қаласының «Дидар» үлгілі хореографиялық ұжымының жетекшісі Дидар Қошубаева, «Балет және хореографиялық ұжымның үздік артисі» номинациясында – Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының балет артисі Мария Сорокина, «Көркемөнерпаздар ұжымының үздік жетекшісі» номинациясында – Жезқазған қаласы Достық үйі «Диндалле» корей халық ансамблінің көркемдік жетекшісі Валентина Ким, «Демалыс уақытын үздік ұйымдастырушы» номинациясында – Саңыраулар мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы Виктор Желясков, «Ауылдың үздік мәдениет қызметкері» номинациясында – Бұқар жырау ауданы Ботақара кенті Мәдениет үйінің халық шығармашылығы бөлімінің басшысы Азамат Амантайұлы, «Ауылдың үздік кітапханашысы» номинациясында – Қарқаралы ауданының ОКЖ әдіскері Айнаш Мұқанова, «Үздік кітапханашы» номинациясында – Сәтбаев қаласының ОКЖ басшысының орынбасары Асыл Қойшыбаева, «Үздік музей қызметкері» Өспен ауылындағы Шет аудандық археологиялық-этнографиялық музейі филиалының меңгерушісі Әділет Сембеков, «Алтын жол» номинациясында – ақын, сценарист, драматург, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғазиз Ештанаев, «Үздік айтыскер» номинациясында – айтыскер Төлеген Жаманов, «Жылдың үздік суретшісі» номинациясында – суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Кеншілер мәдениет сарайы «Сыршырай» бейнелеу өнері студиясының жетекшісі Мұрат Қалқабаев, «Мамандығына адалдығы үшін» номинациясында – Ақтоғай мәдени-сауық орталығының басшысы Нұрлан Күлшікенов жеңімпаз деп танылды.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button