Қарқаралы

Тұрғындар мәселесі назарға алынды

Мемлекет басшысының «Халық үні­не құлақ асатын мем­ле­кет» тұжырымдамасында жүктеген міндеттерді іске асыру мақса­тында аудан әкімі Халел Мақсұтов, ау­дандық сот төрағасы Қанат Шайкамалов, аудан про­куроры Қоңырат Манапов «Бір­ыңғай азаматтарды қа­былдау күнін» өткізді.

Қабылдауда күнделікті тіршілік түйткілдерімен келгендер көкейінде жүрген сауалдарына тиісті жауап алды. Тұрғындардың басым көпшілігін баспана мәселесі алаңдатады. Мәселен, Зинаида Махмудовна, Әсемгүл Даданбаева, Динара Ахметжанова, Баян Мұқажанова, Гүлназ Жайсаңбаева, Гүлшат Әкімова сынды тұрғындар үй мәселесімен келген. Болат Башаев есімді азамат «туристтер көп келетін аймақ ретінде ат спортын дамытып, қонақтарға ұлттық өнерімізді паш етсек» дейді. Ол үшін көкпар тартып, теңге ілетін, жамбы атып, аударыспақ ойнайтын жер мәселесін шешіп беруге өтініш білдірді. Айнагүл Божанова жұмыс жайын, Қадиша Ахметова қыстық отынмен көмектесуді сұрады. «Қарқаралы» шағын футбол лигасының мүшесі Ерасыл Оспанов жаттығу жасайтын спорт зал мәселесін көтерді. «Ата-Мұра Табыс» ЖШС-нің басшысы Серікбол Жұмаділов шаруашылығын кеңейту үшін жер жағдайын шешіп беруге көмек сұрай келді. Баян Акишева балаларды азғындардан қорғау үшін білім ордаларының дәретханасын ғимарат ішіне көшіріп, бейнебақылау құрылғыларын көбейту туралы ойын алға тартты. Және аурухана мен балабақшалардағы тазалықты сақтау үшін арнайы бахил беретін аппарат орнатылса деген ұсынысын айтты.

Қабылдауда баспана мәселесі тек кезекпен шешілетіндігі айтылды. Ал, көпбалалы отбасылардың арнайы жеке кезегі бар екендігін тілге тиек еткен аудан басшысы биыл 21 отбасына үй беру жоспарланса, оның 19-ы баспаналы болғанын жеткізді. Келер жылы баспанаға ие болатын көпбалалы отбасылардың қатары артатынын айтты. Жер сұрап келген азаматтарға да заң аясында көмек көрсету қажеттігін тапсырды. Қыстық отын мәселесі шешілді. Спортты дамытуға ынталы жас азаматқа №2 орта мектептің спорт залында аптасына екі рет жаттығу жасауына мүмкіндік берілді. Сондай-ақ, Баян Акишеваның айтқан мәселелері бақылауда болатынын жеткізді.

Сағыныш ӘБІЛ

Басқа материалдар

Back to top button