Құт қонған қастерлі аймақ

«Алматы – Мәскеу болса, Қарағанды – Санкт-Петербург» деген қазақ зиялыларының сөзі еске түседі. Қарағанды облысының 80 жылдығын ойлағанда. Қарап отырсақ, Қарағанды аймағы қадым замандардан бері қазақ даласының құт дарыған қастерлі қонысы, кіндік астанасы екен. Тарихқа ой жүгіртсеңіз, қазақ даласындағы қола дәуіріне жататын ең ірі ескерткіштер – Беғазы-Дәндібай мәдениеті осы облыс территориясына тән. Күні кеше ғана Шет ауданындағы Талды өзені бойынан патша немесе атақты билеушінің пирамидалық үлгіде салынған қорғаны табылды. Ұлы Дала топырағынан бұрын соңды кездеспеген таңғажайып сәулет туындысы. Академик Әлкей Марғұлан ашып кеткен «Беғазы-Дәндібай» мәдениетіне тән ерекше құмбыл ескерткіш. Ғалымдардың айтуынша, Қарқаралы ауданындағы Қасым ауылынан шыққан «Алтын адам» жерленген қорған аталған дала пирамидасының заңды жалғасы болса керек-ті. Талдының бойындағы Қаражартас деген жерден шыққан әлгі қола дәуіріне жататын қорғанға қарама-қарсы 4-5 шақырым тұста атақты Сеңкібай бидің кесенесі тұр. Екі ескерткіштің арасы дәуірлерді тоғыстырып, мәңгіліктің баянын шертіп тұрған «Мәңгілік Елдің» мекені.

Беғазы Ақтоғай ауданында күні бүгінге дейін сақталып тұрса, Дәндібай мына Қарағанды қаласының жанындағы «Топар» су қоймасының астында қалыпты. Жорық жырауы Доспамбеттің «Қарағайлы көдік бойында, Қамшым қалды ойында: Бүлдіргесі бұлан терісі, Өрімі құнан білдің қайысы, Шырмауығы алтын, сабы жез, Бей Азының бойында; Күзен, қарсақ жер ме екен?..» деп жырға қосатыны осы Беғазы болуы бек мүмкін. Қола дәуірінің хан, патшалары жерленген ғажайып қорғандар. Тарихшы ғалымдардың бағамдауынша, қазақ хандары жерленген Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи кесенесімен салыстыруға болады екен. Осындай қасиетті қорғандар табылған Ақтоғай топырағынан ХХ ғасырдың басында үш бірдей Алаш арысы – Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков, Ақбайдың Жақыбының тууы – кездейсоқ құбылыс емес. Ақиық ақын Серік Ақсұңқарұлының «Не ғажап бар Тәңірдің қуатындай, Ұят берді ұлтымның ұятындай. Топыраққа керемет кие салды, Бөкейханнан Әлихан туатындай» дегені осыны төркін дейді. Алаш Алаш болғалы Арқа төсіндегі Қарағанды аймағының қадір-қасиетін айтып тауысу мүмкін емес.

Биыл жапон оқымыстысы Муракамимен бірге Қарқаралыдағы Кент тауларын қазған археолог ғалым, профессор Сағындық Жауынбаев (Әлкей Марғұланның соңғы шәкірті) ол жерден кейінгі қола дәуірі кезінде қолданылған темір қорытатын пеш тауып, айдай әлемге әйгіледі. Сонда адамзат баласы әлі қола дәуірін бастан кешіріп жатқанда, қазақ даласында темір өндіру басталып кеткен. Еуропа құрлығындағылардан 3-4 ғасыр бұрын. Басқа дала емес, осы Қарағанды аймағында.

Әлдебір перзентті танып, анық бағасына жеткің келсе, туған топырағын барып көр деген ғұлама сөзі бар халықтың. «Халық айтса, қалып айтпай», анық айтады. Шындығында, жер мен көкті Тәңірі жаратса, арасындағы ел-жұрттың атын шығаратын сол топырақтың ерлері. Ал, ол ерлердің асыл болып тууына бірден бір негіз – туған топырағының киесі. Туған елі мен жеріне тартпаған тартпағанды тамыры жоқ тексіз деп жататыны сол қазақтың. Бір сәтке Қарағанды облысына көз жіберіңізші. Алтынмен апталған, күміспен күптелген өңірлері – Алаш баласының ұлт, мемлекет ретінде қалыптасуына оң әсер етуші – құтты қара шаңырақ. Атам заманнан солай. «Сыр – Алаштың анасы» болса, Ұлытау – ұлттың панасы. Ежелгі Жошы ұлысының жұрты – қазақтың кіндік астанасы десе болғандай. Ондағы Жошы хан мазары, Алаша хан кесенесі, Тоқтамыс хан мен ер Едігенің бақилық орны күні бүгінге дейін кең даласының амандығын тілеп тұрғандай. Жоңғар шапқыншылығы кезінде үш жүздің баласы ақтабан болып шұбырып, сәл ыдырап барып осында бас қосып, тізе біріктіріп, жауға тойтарыс бергені тарихтан белгілі. Тағдыры тек хандармен байланысты қасиетті мекеннің одан бергі тарихы тіптен керемет қой. Кең өрісі қысқарып, тынысы тарыла бастаған қазақ Ұлытауда Кенесарыны ақ киізге отырғызып хан көтергенінің өзі неге тұрады?! Кезінде Алаштың ар-айбынына айналып, абыройын ұстап тұрған сол киелі қоныс қазір Астанадан алыста, облыс орталығынан шалғай мекен. Өткен жылдары онда Елбасының барып, кеңес құрып жүргені тегін емес. Бірлігіңнің ұйытқысы бұл жерді Қарағанды тұрмақ, мұқым қазақ ұмытып, бір сәтке де естен шығармауы тиіс. «Киелі сол екі су жағасына, Болмаса, барсаңшы іздеп бабаң бейтін» деген Мағжанның «Түркістан» поэмасы осындайда ойға еріксіз оралады.

Қарағанды облысы десе, қалың қазақтың жарты аралы – Қарқаралы, Қарқаралы десе, көзге бірден қазақтың Қаздауысты Қазыбек биі елестейді. Қалмақтың қонтайшысын мысы басып, одан ақылын асырып, Абылайды тұтқыннан босатып алған қараның ханы. Қасиетті бабамыз қалдырған қастерлі сөздің қадіріне әлі жете алмай келеміз. Қарағанды облысының орталығында қамшы ұстап тұрған тас мүсінін көрген сайын есіме түседі. Қарағанды аймағының ғана емес, қалың қазақ жұртының маңдайдағы жазуымен бірге кеуде тұсында жүрер төл таңбасына айналуы тиіс асқақ рух.

«Біз қазақ деген мал баққан елміз,

Бірақ ешкімге соқтықпай жай

жатқан елміз.

Елімізден құт-береке қашпасын деп,

Жеріміздің шетін жау баспасын деп,

Найзаға үкі таққан елміз.

Ешбір дұшпан басынбаған елміз,

Басымыздан сөзді асырмаған елміз.

Досымызды сақтай білген елміз,

Дәм, тұзын ақтай білген елміз.

Асқақтаған хан болса,

Хан ордасын таптай білген елміз.

Атадан ұл туса, құл боламын

деп тумайды,

Анадан қыз туса, кун боламын

деп тумайды,

Ұл мен қызды қаматып отыра

алмайтын елміз.

Сен қалмақ та, біз қазақ,

Қарпысқалы келгенбіз,

Сен темір де біз көмір,

Еріткелі келгенбіз,

Екі еліктің лағын Теліткелі келгенбіз.

Танымайтын жат елге

Танысқалы келгенбіз,

Танысуға келмесең,

Шабысқалы келгенбіз,

Сен қабылан да, біз арыстан,

Алысқалы келгенбіз,

Жаңа үйреткен жас тұлпар,

Жарысқалы келгенбіз,

Тұтқыр сары желімбіз

Жабысқалы келгенбіз,

Берсең жөндеп бітімді айт,

Бермесең дірілдемей жөніңді айт,

Не тұрысатын жеріңді айт!».

Бірде туған-туыс, жора-жолдастарымен аңға шыққан Биата – Сеңкібай батыр бұйырған олжаның бәрін өз қанжығасына ғана байлай беріпті. Қайтарда қанжығасына сыймай қалған олжадан дәметкендер «қалғанын біз байланайық» деп қолқаласа, Биатаңыз: «таңертең зорайып шыққан Сеңкібай кешке кішірейіп қалмайды», – десе керек. Сол сияқты, сонау мыс, қола дәуірлерінен құты үзілмей қалың қазаққа пана болып келе жатқан Қарағанды аймағы бүгінде тұғырдан тайып қалған жоқ. Болашақта да соған жазсын!

Жәнібек ӘЛИМАН

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.