Түлік төлден өседі

Ата кәсіптің тізгінін ұстаған ақтоғайлықтардың түлігі түлеп, ырысы еселенгені байқалады. Қазіргі уақытта Ақтоғай ауданында да мал түлігін түрлендіруге кең өріс берілген. Атап айтсақ, ірі қара өсіретін 239, қой өсіру бағытында 12 шаруашылық бар. Ірі қараның етті-сүтті бағыты бойынша өңірде асыл тұқымды репродуктор шаруашылық ретінде «АлтынмирасАгро» ЖШС және «Кәрім», «Жігер», «Қуандық» шаруа қожалықтарын атауға болады. Олар қазақтың ақбас сиыры тұқымын өрбітіп отыр. Ал, «Жәмші» ЖШС мен «Сәрсембек» шаруа қожалықтары асыл тұқымды шопан ата түлігіне ден қойған.

Ғалымдар дәлелдегендей, қолдан ұрықтандыру әдісі арқылы төл алу – сапалы, әрі тиімді. Осы бағытта Нұр-Сұлтан қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті ғалымдарымен бірлесіп, Ақтоғай ауданы аумағында селекциялық-асылдандыру жұмыстары қолға алынды. Аталған оқу орнының ұстазы, ғалым Р.Мәсілімұлымен аудандағы шаруа қожалықтары келісімшарт жасап, ірі қара, қойды қолдан ұрықтандыруды жолға қоюда.

Нұркен, Шабанбай би ауылдық округтерінде қолдан ұрықтандырудың алғышарты бар. Атап айтсақ, Нұркен ауылы «Жәмші» ЖШС 480 бас қойды дегерес тұқымымен, Шабанбай би ауылдық округі «Жіңішке» шаруа қожалығы 300 бас қойды қазақтың қылшықты жүнді құйрықты еділбай тұқымымен ұрықтандырды.

Сонымен қатар, өткен жылы ауданымызда 12 адам қолдан ұрықтандыру оқу-тәжірибелік курсынан өткен. Бүгінде Қазақ агротехникалық университетінде 4 маман дәріс алуда.

– Осы жылы аудан орталығында жеке меншіктегі ірі қара малын қолдан ұрықтандыру пункті ашылады деп жоспарлануда. Жалпы, бәсекеге қабілетті өнім өндіру, оларды ішкі нарық қана емес, сыртқы нарыққа да шығару – бүгінгі заман талабы. Бұл ретте, селекциялық және асылдандыру жұмыстарын жүргізу маңызды болып тұр. Сондықтан, тұқымды iрiлеу, мал санын өсiрудi әр қожалық, жеке аула өз мiндетiне алып, жауапкершiлiк танытуы керек дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Жаңабергенов.

Ал, зоотехник-селекционер З.Таукеев асыл тұқымды мал сатып алғаннан гөрі оның эмбриондарын алу – сапалы өнім беруімен тиімді екенін айтады.

– Бүгінгі таңда мал басының саны ғана емес, оның сапасына, өнім беру қабілетіне баса назар аударылуда. Ғалымдар мен генетиктер малды асылдандыруда қолдан ұрықтандырудың артықшылығын айтуда. Қолдан ұрықтандыру ең әуелі, төрт түлік арасында таралатын жұқпалы аурулардың алдын алудың бірден-бір тиімді жолы. Ауыл шаруашылығы саласының бəсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ету үшін біз тұрақты түрде жаңа инновациялық технологияларды қолдануымыз керек, – дейді саналы ғұмырын ауданның мал шаруашылығы саласына арнаған білікті маман З.Таукеев.

Мамандардың айтуынша, өткен жылы ірі қара ұрығының құны 7000 теңге, қойдыкі 2500 мың теңге шамасында болған. Бұл құнның ішінде мамандардың қызметі де қоса есептелген екен.

Думан ҚАБЫЛ.