Түйткілді мәселелер түбегейлі шешіледі

Кеше облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВТІҢ қатысуымен кезекті аппарат мәжілісі өтіп, күн тәртібінде білім беру мекемелерінің 2016-2017 жылғы жаңа оқу жылына дайындығы және жазғы сауықтыру маусымының қорытындысы, облыс бойынша ономастика саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар, егін жинауға дайындық, ҚР Конституциясы күніне арналған мерекелік іс-шаралар барысы туралы маңызды төрт мәселе талқыланды.

Аппарат мәжілісін бастамас бұрын аймақ басшысы кадрлық ауыс-түйістерге тоқталды.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – облыстағы білім беру мекемелерінің 2016-2017 жылғы жаңа оқу жылына дайындығы және жазғы сауықтыру маусымының қорытындысы туралы облыстың білім басқармасының басшысы Асхат Аймағанбетов баяндама жасады. Оның айтуынша, жаңа оқу жылына дайындық жоспарлы түрде жүргізілуде. 1 қыркүйекте облыс мектептерінде 183271 оқушы оқуды бастайды (2015-2016 оқу жылында – 177750), оның ішінде 23030 оқушы бірінші сынып оқушылары (2015-2016 оқу жылында – 21016). Жаңа оқу жылында жалпы білім беретін мектептер желісі 526-дан 523 бірлікке қысқарды. Оқушы болмауы себебінен Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарында 3 бастауыш мектеп жабылды. Ал, білім беру насндарына бөлінген жалпы қаражат 2,1 млрд. теңгені құрады. Бекітілген жоспарға сәйкес, көмірдің 70%-ға жуығы жеткізіліп үлгерген. Қалғаны 15 қыркүйекке дейін аяқталатын болады. Ал, жазғы сауықтыру маусымына тоқталатын болсақ, жазғы іс-шаралардың барлық түрімен 164,4 мың адам қамтылып, ол барлық оқушылардың 99,2 пайызын құрады.

Облыс бойынша ономастика саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы облыстың тілдерді дамыту жөніндегі басқар­масының басшысы Гүлнарайым Қаңтарбекова есеп берді. Аймақта ономастика саласын жандандырып, оны бүгінгі идеологиялық талаптарға сәйкестендіру және ономастикалық жұмыстарды ғылыми тұрғыдан қамтамасыз ету мақсатында тарихшы, тілші ғалымдар, өлкетанушылармен бірлесіп облысқа қарасты 9 ауданның елді мекендері мен жер-су атауларының тарихи негіздемелері дайындалып, арнайы зерттеу еңбектері болып жарыққа шықты. Шыққан еңбектердің маңыздылығын түсіндіру бағытында қоғамдық ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің, сондай-ақ, өзге де ерікті тұлғалардың қатысуымен ономастика саясатын жүзеге асыруға бағытталған семинарлар ұйымдастырылып, мағынасы бүгінгі заман талабына сай келмейтін ономастикалық атауларды біріздендіруге ба­ғыт­талған пікір алмасулар, талқылаулар жүзеге асырылды.

Егін жинауға дайындық барысы туралы күн тәртібіндегі үшінші мәселеге қатысты облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Юржан Бекқожин мәлімет берді. Биылғы жылы оруға дайын егін алқабы бұршақтың кесірінен зардап шеккен 18,6 мың гектарды есепке ала отырып, барлығы 734,3 мың гектарды құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 77,2 мың гектарға артық. Соның ішінде бидай – 589,2 мың гектар, арпа – 129,4 гектар, сұлы – 15,7 мың гектар. Сонымен қатар, ауыл шаруашылық құрылымдарда 8 552 гектар картоп пен 1514 гектар көкөніс бар. Бүгінгі таңда Абай, Жаңаарқа, Нұра және Осакаров аудандарының ауыл шаруашылық тауар өндірушілері егін ору науқанын бастап кеткен. Науқанға барлығы 14,2 мың тонна бағасы төмендетілген жанармай бөлінді.

ҚР Конституциясы күніне арналған мерекелік іс-шара­лардың дайындық барысы туралы сөз еткен облыстың ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Рыстин барлық шаралар Ата заңымыздың айбарын айқындауға бағытталатынын жеткізді. Мерекелік күндері облысымызда барлығы 200-ден аса шара ұйымдастырылады. Облыстағы барлық баспа және электрондық БАҚ беттерінде ҚР Конституциясы күніне арналған материалдар бар көреді. Сонымен қатар, облыста 20-дан аса қайырымдылық акциялар, 12 тақырыптық дөңгелек үстелдер, 10 спорттық шаралар өткізу жоспарланған.

Бұдан бөлек, облыстың статистика департаментінің басшысы Жанат Садықова биылғы жылдың 9-16 тамыз аралығындағы әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының баға индексі туралы айтып өтті. Сөйтіп, Қарағанды қаласында бұл көрсеткіш 97,3 пайызды, ал, Жезқазған қаласында 100 пайызды құраған.

Мәжіліс соңында облыс әкімі басқарма басшылары мен қала, аудан әкімдеріне бірқатар тапсырамалар беріп, жұмыс барысын күшейтуді тапсырды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.