Бас тақырып

Тәбетке тәуелділік немесе фастфуд түбіңізге жетпесін

Қазіргі таңда доп ойнап жүрген баланың қолын сындырып, тобығын шығарып алуы – қоғамда жиі кездесетін жағдайға айналды. Дәрігерлер қолдың сынуы – баланың әлжуаздығынан болуы мүмкін екенін айтады. Өйткені, балаларын сауда орындарына ойнатуға апарып, құнарсыз тамақ – «фастфудқа тойып алыңдар» дейтін ата- аналар көбейген. Салмағы артып, ойынға икемсіз болған балалардың денсау лығына алаңдаулы дәрігерлер «балалар дұрыс тамақтанбаудан – әлсіздікке ұшырауда» деп дабыл қағуда.

Фастфуд салмақ қосады

Балалардың әлжуаздығы жөнінде профессор Х.Мақажанов атындағы облыстық травматология және ортопедия орталығы мен балалар клиникасының мамандарынан сұ раған едік.

  • Емханаға ата-аналар аяғын қайырып, қолын сындырып алған балаларын жиі әкеледі. Сүйек әртүрлі жағдайда жарақаттанатындықтан, ол – патологиялық сыну болуы да мүмкін. Балалардың сүйектері жұқа болып келетіндіктен, көбінесе «Д» дәруменінің (кальций) жетіспеуінен сан сүйегінің төменгі бөлігі және білегі сынады. Ал, әлсіздігінен сүйектің сынуы – дұрыс тамақтанбауынан, – дейді облыстық балалар клиникасының педиатры Жанна Нұржанқызы. Ал, облыстық травматология және ортопедия орталығындағы балалар травматологы Рахат Пержановтың айтуынша, балалар сүйегінің сынғыш болуы химиялық қоспасы бар тағам түрлерін көп тұтынуынан.

Баланың қолының сынуы – құнарсыз тамақ жеп, ағзаның әлсіреуінен болуы мүмкін. Мысалы, дәрігерлер зиян деп айтудан жалықпайтын фастфуд тағамдары балаларға артық салмақ қосады. Ағзадағы май қабатын ұлғайтады. Майдың әсерінен сүйектерді ұстайтын бұлшықеттер әлсірейді. Артық салмақ қосқан балада қант диабеті пайда болады. Оны білмеген аналар баласын спортпен айналысуға итермелейді. Спорт ол – доп тебу деп ойлайтын ойын баласы сүйегін сын дырады. Сондықтан, баланы жастайынан дұрыс тамақтануға үйрету қажет, – дейді Рахат Кеңесбекұлы.

Балалар неге ет жемейді?

– Қазір балалар ет жемейді. Өйткені, етті химиялық қоспасы көп тағамдар алмастыруда. Қан тамырымыз ақуыздан (белок) тұратындықтан, ол ағзаға ет арқылы келеді. Бүкіл тірек-қимыл қозғалысына ақуыз жауапты. Әрине, көкөністерден де көмек бар. Бірақ, көкөністер еттегідей ақуыз бере алмайды. Ет жеген баланың ағзасында пайдалы май түзіледі. Ағзада майдың да атқаратын қызметі үлкен. Сондықтан, халық емшілері «ет же» деп бекер айтпайды, – дейді балалар травматологы. Дәрігердің айтуынша, ата-бабаларымыз ірі қара малдың етін жеген. Ауыр жұмыстарды көп істегеннен, ағзаға ет тез сіңіп кететін. Қазіргі таңда адамдарда қимыл-қозғалыстың аз болуынан тамақ ағзаға сіңбей, әлсіздікке әкелуде.

Сондай-ақ, қазақта жас босанған әйелге «қалжа» жегізетіні белгілі. Әйелдің қойдың жас сорпасын ішіп, етін жеген сайын күш-қуаты қалпына келіп, белі бекіген. Сүті нәрленіп, сәби күн санап ет алып, ширай түсетін болған. Осы құндылықтарды жоймай, қолданға

нымыз жөн, – дейді балалар травматологы. Осы тұжырыммен келіскен Оксфорд университетінің ғалымдары вегетариандықтың (ет жемейтін адамдар) адам миының жұмысына кері әсерін анықтапты. Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің оқытушылары да «ғалымдар ет, жұмыртқа мен балық құрамында болатын ақуыздардан бас тартса адамның ағзасында ақуыз азайып, ас қорыту жүйесінің жұмысы бұзылатынын» айтады. Ал, республикалық Тағамтану институты әр адам жылына 70 кг-ға жуық ет жеуі керек екенін зерделепті. Өйткені, еттің құрамында 8 микроэлемент пен 7 дәрумен бар екен.

Диетологтардың айтары бар…

Баланың (1 жастан 3 жасқа дейін) тамағында ақуызға бай сүт және сүт өнімдері, ет, жұмыртқа болуы тиіс екенін айтады диетологтар. Күн тәуліктік рационында кем дегенде 600–800 мл сүт, ал мектеп жасындағы балалардың рационында 400– 500 мл сүт болуы тиіс. Сәбилердің ағзасы майды қажетсінетіндіктен, өсімдік майын көкөніс пюресі мен салатқа қосып беру керек екен.

  • Көбіне балаларға ет же дейміз. Бірақ, майлы етті тек мектеп жасындағы ересек балаларға (14–17 жастағы) беруге рұқсат. Шала қуырылған немесе ысталған сүр етті бала ағзасы нашар сіңіреді. Сондай-ақ, тұзы көп немесе бұрыш, қыша, сілті көп қосылған ет және балық тағамдары 8–10 жастағы балалардың тамақтану құрамынан алынып тасталуы керек. Алкоголь ішімдіктердің барлық түрі балалар ағзасына зиян. Көбінесе 3 жасқа дейінгі балаларда жүйке жүйесінің ауруы жиі кездеседі. Ол – ащы кофе, какаоны көп ішіп, сондай-ақ, шоколадты көп жегеннен, – дейді диетолог Маржан Сәкенқызы.

Көбіне таңертеңгілік асты оқушылар мектепте қабылдайтынын ескеріп, аналарымен сөйлестік. Олар кейбір мектептің оқушыларға еті және балығы бар тағамдарды ұсынбайтынына наразы. Оқушылар үзілістерде көбіне майлы бәліш жеумен шектеледі немесе сырттан тамақ әкеледі екен. Ал, ақ халаттылар балаларын фастфудқа жетектеп апарып, кейін сол салғырттығына дәрігерді кінәлайтын аналардың көп екенін жасырмайды. Қадыр Мырза Әлінің «осы жұрт қазаққа қандай ескерткіш қою керек екенін білмейді. Қазақтың асқазанына ескерткіш қою керек» дейтін даналығы бар. Осыны оқып, «аурудың – астан» екенін білсеңіз де, тамақты тойғанша жейтін әдеттен арыла алмай келеміз.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button