Басты тақырыпКоронавирус

Әскерилер жәрдемі – әлеуетті

«Әскер – дөңгелек затты көтеріп алып жүретін, төртбұрышты дүниені домалатып апаратын мекен», – деген әзіл бар еді. Мұның астарындағы ойды әскер қатарында болғандар жақсы түсінеді. Ол жақтың өз қызығы – өзінде. Алдыңғы буын ағалардың талайының әскердегі дәуірін сағынышпен еске алып, естелік айтып отырғанын сан мәрте көргенбіз…

Енді, міне, әскерде болған шағын сағынып жүрген жандарға әскер қатарына қайта бару мүмкіндігі берілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдың 2 сәуіріндегі Жарлығымен төтенше жағдайға байланысты запастағы құрам қатарынан азаматтарды әскери жиынға шақыру басталды. Әрине, бұл – әскери міндеттілердің барлығын бір топқа желкелеп әкеліп қосады деген сөз емес. Жарлықта қанша адам шақырылатыны көрсетілмеген. Мұны жергілікті жергілікті атқарушы билік пен қорғаныс істері жөніндегі жергілікті құрылымдар өздері шешеді.

«Біз қазір 95 адамды қайта шақырдық, арасында өздері ұсыныс білдіргендер көп. Дегенмен, іріктеу жасауға тиіспіз. Қайта шақырудың өзіне тән талаптары бар. Мәселен, сіздің 3 балаңыз болса, бұл міндеттен босатыласыз. Жоғарыдағы 95 адамның 65-і – қорғаныс істері жөніндегі құрылымдарға өз еркімен келгендер. Олардың он бесінің медициналық білімі бар. Жігіттерді киіммен, арнайы құрылғылармен қамтамасыз еттік. Әзірге жиында болу мерзімі бір ай деп жоспарлап отырмыз. Егер, төтенше жағдай уақыты ұзартылатын болса, біз де тиісінше мерзімді ұзартамыз немесе екінші топқа шақыру жібереміз. Бұл мәселе тікелей әкімдіктің құзырында», – деп түсініктеме берді осы мәселеге жауапты органның өкілдері.

Әскери жиынға қатысушылардың жайкүйін, олардың немен айналысатынын бағамдау мақсатында олар орналасқан жерге арнайы барған едік. Алаңда тексеріс шарасы басталғалы жатыр екен. Әскери міндеттілерді тізім бойынша түгендеп, взвод командирлеріне сол күнге нақтыланған тапсырмалар берілді.

Егер сіз қала көшелерінен, не болмаса өз аулаңыздан арнайы қорғаныс киімін киген адамдарды көрсеңіз, олар осы мақаланың кейіпкерлері деп ойлай беріңіз. Залалсыздандыру шаралары әкімдік тарапынан берілген өтінімдер бойынша рет-ретімен жүргізіледі. Жігіттер «Патриот» атты арнайы құрылғымен қаруланған. Бұл құрылғының қаптамадағы салмағы – 12 келі. Оның жанармайға арналған багының сыйымдылығы – 1,4 литр көлемінде. Дезинфекция сұйықтығы құйылатын багына 14 литр сияды. Химиялық ұнтақтарға арналған багы – 12 литр. Бұл аппарат сұйықтықты 4-6 метрге дейін шашуға қабілетті екен. Сонымен қатар, «STIHL» құрылғыларымен де дезинфекция жасалуда.

– Президент Жарлығын естіген бетте жиынға қатысуға өзім сұрандым. Бұл – біріншіден, Отан алдындағы парызым, екіншіден, кейінгі жастарға үлгі бола білуіміз керек, – дейді әскери жиынға қатысушы Талғат Мусалиманов.

Жігіттерді қала ішінде әскери полиция көлігінің жол бастауымен екі автобус алып жүреді. Өздеріне берілген тапсырманы орындаған соң әрқайсысы өз құрылғыларын жуып-сүртіп, жанармайын құйып, ертеңгі күнге дайындап қояды. Ал, арнайы сұйықтықты тапсырма орнына барған кезде АРС машиналардан құйып алады.

Олардың жанында бір күн жүргенде көзімнің нақты жеткені – дезинфекция жасау ісінде көзбояушылық жоқ. Барлығы – шынайы, қойылған талаптарға сай. Әскери жиынға шақырылғандар үш мезгіл тамақтанады. Қала ішінде арнайы автобустармен ғана қозғалады. Таңертеңгілік іске кірісер алдында барлығының дене қызуы арнайы құрылғы арқылы тексеріледі.

 Бүгінгі күні алдыңғы шепте қызмет етіп жүрген дәрігерлер, әскерилер мен полиция қызметкерлерінің еңбектері – ересен. Олардың еңбегін бағалаудың басты үлгісі – әркімнің карантин талаптарын мүлтіксіз орындауы, бүгінгі уақыт тынысына лайықты, жалпы қоғамға тән реттілікті бұлжытпай сақтау.

Айсұлтан МҰХАМЕДИЯҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button