Қарағанды

Шынайы шеберлер сайысы

Қарағандыда компьютер ойынынан «Cybersport – tournament jasylel cup» атты облыстық турнир өтті. Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы және «Жасыл Ел» штабының ұйытқы болуымен Жастар жылы аясында ұйымдастырылған додаға қатысушы 90-ға жуық үміткер CS:GO және Dota 2 бағыттары бойынша сынға түсті.

  • Республикамызда киберспорт ресми түрде спорт түрі деп танылған. Облысымызда оны жандандыру мақсатында ұйымдастырып отырмыз. Бұған дейін колледж, университет қабырғасында болмаса, түрлі ойын клубтары арасында сайыстар өткізілген шығар. Бірақ, «Жасыл Ел» бағдарламасы аясында өткізілуі бірінші рет, – деді «Жасыл Ел» республикалық штабы облыстық филиалының жетекшісі Сұлтан Шоқанұлы.

Турнирде 16-29 жас аралығындағы азаматтар екі бағыт бойынша сегіз-сегіз командаға бөлініп, бақ сынасты. Әр команда 5 ойыншы және 1 қосалқы ойыншыдан жасақталған. Бұған дейін аталмыш спорт түрінен аудан және қалааралық іріктеу турнирлері өткізіліпті. Сонда жеңімпаз танылғандар осы облыстық сайыста бәсекелесті.

Турнир қорытындысында «Dota 2» ойын түрі бойынша Қарқаралы ауданынан келген «Азамат» жастар ұйымының «Nomad Gaming» командасы І орынды иеленсе, Қарағанды қаласы жастар мәслихатының «Frontier» командасы ІІ орыннан көрінді. ІІІ орынды «FullHD», ІV орынды «VolteQ» командалары еншіледі.

CS:GO ойын тәртібі бойынша ұйымдастырылған турнирде Қарқаралы ауданының «KarKar Team» командасы жеңімпаз атанды. «Tazaim» командасы жеңіс тұғырына бір елі жетпей ІІ орынға табан тіреді. Жезқазғандық «Arlan’s» командасы ІІІ орын, Осакаров ауданынан келген «Osk Тteam» командасы ІV орын иегері атанды. Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арнайы бағалы сыйлықтар мен дипломдар табысталды.

Ербол ЕРБОЛАТ

Басқа материалдар

Back to top button