Ақтоғай

Шаруасы шалқыған шаруашылық

Ақтоғай ауданына қарасты Айыртас ауылы – бір кездері мал шаруашылығымен аймаққа аты танылған кеңшар. Кеңес үкіметі тараған аумалы-төкпелі кезеңде қай ауыл, қай саланың болсын қиюы қашқаны белгілі. Төскейдегі төрт түлігі түгесіліп, қырманы қаңырап қалған. Сол тұста алдыңғы қатарлы кеңшардың да шаруашылығы тұралап, нәпақасын айыратын кәсіп іздеген ел жан-жаққа көшкен. Мұнда тек, кіндігі ауылға байланып, нарықтық қатынастың қиындығына төтеп беріп, тірлігін күйттеген қауым қалған.

Одан бергі аралықта ширек ғасырдан астам уақыт артта қалды. Бүгінде айыртастықтар шаруа қожалықтарын құрып, ауданымыздың іргелі мекеніне айналып отыр. Мал шаруашылығын негізгі күнкөріс көзіне айналдырған ауыл төрт түлігін төлдетіп, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға өз үлестерін қосып келеді. Соның бірі – Азамат Құсайынов басқарып отырған «Бәйтерек агро» ЖШС.

Аталмыш серіктестіктің бригадирі Еркеш Лекеновтің айтуынша, шаруашылық бүгінде малдың санына ғана емес, оның сапасына да баса назар аударады. Етті-сүтті бағыттағы қазақтың ақбас сиыры, герефорд сынды асыл тұқымды ірі қара өсіруді қолға алған.

– «Сыбаға» бағдарламасымен мал өсіремін, тұқымын асылдандырамын деген шаруа адамына таптырмас мүмкіндік. Сол Үкімет берген нақты қолдаудың арқасында серіктестіктегі мал басы жыл санап көбейіп келеді. Аталмыш бағдарлама аясында Татарстаннан герефорд тұқымды 145 тайынша әкелдік. Оның алдында 2017 жылы Шет ауданынан 35 ақбас тұқымды сиыр сатып алған болатынбыз. «Бәйтерек агроның» келешектегі жоспарлары аз емес, – дейді Еркеш Лекенов.

Сонымен қатар, шаруашылық төрт түліктің жемшөп қорын дайындау мақсатында көпжылдық шөп егуді де қолға алған. Үкіметтік бағдарлама арқылы орнатылған күн электр қондырғылары қыстақты электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз етіп тұр.

«Мал баққанға бітеді» демекші, еңбек етіп, мақсатқа жеткен жанның шаруасы шалқып, несібесі артатыны белгілі. Талай жылғы бейнеттің зейнетін көріп, адал еңбегінің ақ майын татып отырған «Бәйтерек агро» ЖШС жұмысы көпшілікке үлгі етуге тұрарлық.

Думан ҚАБЫЛ

Басқа материалдар

Back to top button