Балқаш

Шөл даланың падишасы

    Балқаш қаласына жақын жерде ескіден қалған тораңғы тоғайы (азиялық теректер) бар. Нақты өскен жері Тоқырауын өзені ағысының төменгі бойында, Ортадересін кентінің аумағында. Бүгінде бұл ағаш қорғалып, қадағалауға алынған. Сонымен қатар, мектеп оқушылары тораңғы туралы зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді.

Тораңғы ағашын ертеректе қазақтар киелі санап және оны шабу үлкен күнә деп есептеген екен. Қасиетке балауының мәні бар. Өйткені, тораңғы мамонттардың заманынан бері бізге жеткен. Тораңғы ағашының бір ерекшелігі 50 метр тереңдіктен су тарта алады. Қазіргі уақытта Қазақстанда тораңғының үш түрі өседі. Олардың барлығы сирек және жойылып бара жатқан өсімдіктер түріне жатады. Біріншіден, шөлейт жерлерде өсетін бұл ағаштар жердің тақырланып, тозуына жол бермейді. Екіншіден, тораңғы – әлемдегі ең төзімді ағаштардың бірі. Үшіншіден, шөлде, құмда, сортаң жерлерде өсе береді. Төртіншіден, аталған ағаш – қазақ даласының басқа ағаш түрлері өспейтін жазық алқаптарына, сусыз, шөлейт жерлеріне сән беретін біздің байлығымыз.

Ел аузында «шөл даланың падишасы» атанған тораңғы тұқымдас ағаштың алуан түрi Қазақстанда Арал өңiрi мен Қызылорда облысынан басқа Балқаш пен Алакөл аумақтарында, Бетпақдала атырабында, Зайсан маңайында, Мойынқұм далаларында кездеседi. Балқаш өңірінде тораңғы өсетін алқаптар 2 мың гектар болатын, бірақ соңғы жылдарда мал жайылымдарының кеңеюіне, орман өрттеріне, басқа да антропогендік факторларға байланысты біршама кішірейіп қалды. Сондықтан бұл алқаптарды қалпына келтіруге үкімет тарапынан көп күш салынуда. Тіпті, экологиялық акцияда тораңғы терегінің тұқымын өзінің табиғи, жабайы түрде өсетін ареалында егу қарастырылған. Осылайша, Жабайы табиғатты қорғау әлемдік қоры дүниежүзіндегі өсімдіктердің сақталуына қадағалау жасап отыр. Соңғы он шақты жылда еліміздің ірі қалаларының барлығында ағаш отырғызу үрдісі пайда болды. Мамандардың айтуынша, бір ағаш үш адамның тынысына қажетті оттегіні шығарады екен. Балқаштықтар әлемде сирек кездесетін тораңғы ағашын қолдан өсіру технологиясына жете мән беріп, тәжірибеден өткізіп өз үлесімізді қоссақ, нұр үстіне нұр болар еді. Экологияны сақтау – бүкіл адамзаттың ортақ мүддесі деп білейік.

Айгүл ХАМИТҚЫЗЫ,

2 Абай атындағы

лицейдің мұғалімі.

БАЛҚАШ қаласы.


Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button