Бас тақырыпОблыс әкімі

Саябаққа 400 түп көшет отырғызды

Сенбі күні өткізілген жалпыхалықтық сенбілік аясында Қарағандыдағы Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы саябағында 400 жасыл желек – 250 қарағай мен 150 жөке көшеттері отырғызылды. Ізгі ниетті шараға облыс және қала әкімдері, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, «Nur Otan» партиясының, облыстық Қоғамдық кеңестің, сондай-ақ, облыстық және Қазыбек би ауданы ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты.

Қоғам үшін қайтарымы мол, тағылымы терең іске біркісідей жұмылған жандардың тындырымды еңбегінің нәтижесінде саябақта көзтартарлық кейіпте тізілген жасыл желек өскіндері бой түзеп шыға келді.

– Менің ең алғаш отырғызған ағашым әлі есімде. Бұл оқушы кезімде орын алған еді, – деді облыс әкімі Ерлан Қошанов журналистермен болған аз-кем сұхбат барысында. – Біз сол кезде тұтас бір саябақ қалыптастыруға талпыныс жасап, жоспарлы негізде әр жыл сайын ағаштар отырғызатын едік. Жуырда сол жерде, яғни, Шет ауданындағы Жарық станциясында болудың сәті түсті. Қазір ол Сәкен Сейфуллиннің есімімен аталады. Бүгінгі таңда мен оқыған мектеп ғимаратының орны ғана бар, ал саябақтағы ағаштар әлі жайқалып тұр.

Ерлан Жақанұлы облыстың қалалары мен аудандарын көгалдандыру басты міндеттердің бірі екендігін айрықша атап өтті.

«Осы бағытта жұмыстың жүйелі жүргізілуін қатаң талап етіп отырмыз. Жақында облыс орталығындағы жасыл желектердің жағдайын бағамдау мақсатында арнайы зерделеу-тексеру шарасын ұйымдастырдық. Қазіргі таңда Қарағанды қаласында 1 млн. 400-ге жуық ағаш пен тал-шыбық бар. Олардың саны бұдан да арта түсуі тиіс. Бұл істе әр мекеме мен кәсіпорын басшылары мүдделі ұстанымда болуы қажет. Пайдалы іспен тек мемлекеттік органдар ғана емес, бизнес құрылымдары да айналысуда. Мәселен, «АрселорМиттал Теміртау» және «Қазақмыс» секілді алып компаниялар да игі шаруаға шынайы мойын бұра бастады. Пейіл мен мүмкіндік өзара үндескенде нақты нәтиже болары анық. Жезқазғандағы Кеңгір көлінің жағалауындағы көк өскіндер – соның дау тудырмас айғағы. Қазір Теміртауда дендрологиялық жоспардың екінші кезеңі әзірленуде. Ол қаладағы экологиялық жағдайдыжақсарту үшін қажет. Бұдан бөлек, жақын арада Балқаш қаласында «Жасыл кеңес» өз жұмысын бастайды.

Облыс әкімінің айтуынша, ағаштардың егілген аумақты жерсіну жайы да қатаң бақыланады. Сонымен қатар, қолға алынған жұмыстардың тиімді болуына биылғы сәуір айында құрылған жасыл желектердің электрондық картасы айтарлықтай жағымды ықпал етуі тиіс. Онда Қарағандының барлық ағаштары мен бұталары, олардың жасы, түрі, мөлшері мен ағымдық жағдайы көрсетілген. Аталған картаға жаңадан егілген көшеттер туралы мәліметтер де енгізіледі. Осылайша, отырғызылған ағаштардың саны қанша болғаны және жағдайы қандай екендігі тұрақты назарда ұсталынбақшы.  

Сенбілік кезінде отырғызылған қарағайлар мен жөкелерді Қарағанды саябақтары мен гүлзарлары басқармасының қызметкерлері күтімде ұстайтын болады. Балғын шыбықтарды желдің кері әсерінен қорғау үшін арнайы тіректер орнатылады және аптасына екі мәрте суарылады.

Ғабит ТҰЯҚОВ, Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Ағаш егу – адамзат баласына тән ең ізгі әрекеттердің бірі, сауабы мол шаруа. Облыс басшылығының бұл бастамасы аса құптарлық іс, әрине. Мұндай қастерлі қарекеттен қалыс қалу, әсте, мүмкін емес. Бүгін көпшілікпен бірге ардагерлер кеңесі құрамындағы 12 ардагер көшет отырғызуда. Ең бастысы, ортақ мүдделі қадамның қапысыз ойластырылғаны қуантты бізді. Жұмыс еш іркіліссіз, ретімен жүріп жатыр. Осында жиналған елдің құлшынысы керемет. Жарасымды үрдіс облыс өңірлерінде де жалғасын табары күмәнсіз. Соған ерекше марқайып тұрған жайымыз бар…

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ

Басқа материалдар

Back to top button