Руханият

«Салтанаттың» сандуғашы

Қарқаралының аты аңызға айналған «Салтанат» ән-би ансамблін кім білмейді?! Бір кездері Францияда «Эйфель» мұнарасын теңселдіріп, Германияға таңдай қақтырған осы «Салтанаттың» құрамында Қарқаралының сопрано үнді сандуғашы Рымкеш Сағымбаеваның ән салғаны естеріңізде болар… Өткен жылы «Салтанат» ансамблінің жарты ғасырлық мерейтойы Қарқаралыда кең көлемде мерекеленді. Алғашқы құрамының көзі тірісі жиналып, керемет кеш өткен-ді. Рымкеш апай да сахна төріне көтеріліп, ән салды. Киелі сахна мен залды сағыныш тербеп тұрды. Сандуғашы – сахнасын, Қарқаралы Рымкешін сағынған. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпес» деп, бас шайқады жиылған жұрт. Өкінішке орай, бұл Рымкеш апайдың соңғы ән салуы еді. Қасиетті Қарқаралы топырағына да табаны соңғы рет тиген.

…Иә, Рымкеш Сағымбаева шын мәнінде сандуғаш еді. Өнердегі жолы өз ұясында басталған. Қарқаралының Бақтысында туып, сондағы Халық театрының сахнасында Қыз Жібектің, Шұғаның бейнесін сомдады. Шалғайдағы ауылдың маңдайдағы бағын еселеген Бақты театрының даңқы аспандап тұрды. Облыстың мәдениет басқармасын Мақат Рымжанов басқаратын. Мәдениет майталманының тікелей қамқорлық танытуының арқасында Бақты театрымен белгілі режиссер Жақып Омаров жұмыс жасап, өнерге іңкәр талай жастың талабын ұштап, талантын шыңдады. Міне, Рымкеш апай – осы халық театрының алғашқы қарлығаштарының бірі. Ауыл театрының абыройымен бірге есепші-актриса Рымкеш Сағымбаеваның да есімі ел аузына ілікті. Ақыры, аудан басшылары Бақтының сандуғашын «Салтанатқа» шақырды. Аудан орталығындағы Қарқаралы зооветтехникумында бас есепші бола жүріп, Рымкеш апай «Салтанатқа» тың серпін әкелді.

Бір қызығы, апайдың өнердегі һәм өмірдегі жолы қажырлы қайраткер Михаил Шаекин көтерген шаңырақта шиырлады. «Салтанат» ансамблі 1969 жылы Михаил Шаяғзамұлының аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы кезінде тікелей өз бастамасымен құрылған. Рымкеш апайдың өнердегі жолы осы шаңырақта шарықтау шегіне жетіп, сандуғаш үні ел жүрегінде қалды. Кейін Михаил ағаның жабырқаған жанына жалау болып, асыл жары атанды. Әрине, азаматын пір тұтып, дархан дастарқанымен, кең пейіл, түссіз мейірімімен елдің аяулысына айналған марқұм Күләнда тәтеміздің орнына келіп, отын жағудың жауапкершілігі зор еді. Оның үстіне, Мекең ағаның анасы Қалқажан әже бар. Күләнда тәтеміздің қазасынан ес жиып, еңсе көтере алмай жүрген ел ағасының көңілін тауып, қарт ананың қабағын бағу, кішкентай Русланға аналық мейірім сыйлау… Мұның барлығы оңай сынақ емес еді. Сахнаны меңгерудің де күрделі сәті, тынымсыз ізденіс, еселі еңбек қажет ететін тұстары бар шығар. Ал, бір жылдан астам уақыт құлазып қалған шаңырақтың шуағын қайтарып, шаттығын еселеу үшін мейірімі мол, түгі қалың жүрек керек. Сол жүрек Рымкеш апайдың кеудесінен табылды. Сол жүрек Михаил ағаның бабын келістіріп, бағын еселеді. Сол жүрек Қалқажан әжені мейірімге бөлеп, мерейін тасытты. Сол жүрек Русланға -ана, Айсұлуға мейірбан әже болды. Қарашаңырақта қайғының түндігі түріліп, үй ішіне сәуле шашылды. Марқұм Күләнда тәтеміздің оты маздап, дастарқаны жайылды. Қу мекиен даладай құлазып қалған шаңырақ үйрек ұшып, қаз қонған базарлы да, ажарлы үйге айналды.

Михаил ағаны жақсы білесіздер. Сырт көзге сұсты, қиындықты еркін еңсерер қайратты көрінгенімен, іші жылы, жүрегі нәзік жаратылыс иесі. Асыл жары Күләнда өмірден озғалы қамығып жүрген. Балалардың жанарынан мұң көрсе, әсіресе, кенжесі Русланның жабырқаған сәтін аңғарса, өзі де бордай үгіліп, баладай егіліп кететін. Осынша ауыр күндер шаңыраққа Рымкеш апай келгелі келмеске кетті. Жат ұяға жан жылуын дарытып, жасы ұлғайған кейуананың көңілін тауып, есейіп қалған балаға ана бола білудің құпиясы Рымкеш апайдың мейірбан жүрегінде кетті. Сүйсінетінбіз. Жүрегіміз елжіреп, көңіліміз толқитын. Қолынан талай дәм таттық. Мекеңді тұңғыш ұлындай өбектеп, немерелерін ертіп мама қаздай мамырлап жүрген сәттеріне талай куә болдық. Етек-жеңі кең пішілген бітімінен даланың дархандығын, баланың аңғалдығын таныдық. Өзімізді де айналып-толғанып, тұла бойымызды мейірімге малындырып жіберген сәтте, ауылдағы анамызды аңсайтынбыз.

Міне, қасиет тұнған Қарқаралысын әнге бөлеген, қайраткер ағаның қарашаңырағын мейірім ұясына айналдырған мейірбан жүрек тоқтағалы да аттай шауып үш ай өте шығыпты. Бүгін де Михаил ағаның төрінде Рымкеш апайдың даладай дастарқаны жайылып, алыс-жақыннан ағайынтуған жиналар еді. Ақ тілектер ақтарылып, балалары базарлығымен, немерелері наз қылығымен келіп, Рымкеш апайды 70 жасқа толуымен құттықтап жатар еді. Алланың қалауы осылай болып, аяулы жанның туған күні еске алу күніне айналды. Текті әулеттің дастарқаны жайылар. Сыйлас-сырлас жандар жиылар. Бірақ, ақ тілек емес, апайдың рухына құран бағышталады. Алла қабыл етсін!

…Төрде қам көңіл қарт Михаил аға отыр. Төңірегіне балалары мен немере-шөберелері топтасқан. Жанарларында – мұң. Кешегі «Салтанаттың» сопрано үнді сандуғашы, Мекеңнің салиқалы жары Рымкеш Сағымбаеваның әні де, нұрлы бейнесі де сағынышқа айналған…

Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button